Версия для печати

Қысқа мерзімді оқу – кәсіп көзі Избранное

Пятница, 15 Январь 2021 04:43 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 884 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Қазақстанда «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы қабылданып, жүзеге асырылып келеді. Жауапты мамандар осы бағдарламаның нәтижесінде қол жеткізілуі тиіс мақсаттардың арасында елдегі жұмыссыздық деңгейін 4,8 пайыздан асырмай, белсенді жұмыс істейтін шағын және орта бизнес нысандарының үлесін тағы 10 пайызға арттыруды атайды. Осы орайда жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту нәтижесі қандай? Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігі халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Ақмарал Жулаевадан сұрап-білдік.

511

 

– Ақмарал Пернебекқызы, 2020 жылы осы бағдарлама аясында Шымкентте қанша адам курс сабақтарынан өтті?

512

– Өздеріңізге белгілі, елімізде азаматтарды нәтижелі жұмыспен қамтуға және кәсіпкерлікке тартуға бағытталған бағдарлама бар. Ол «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы» деп аталады. Оның аясында еңбек нарығының қажеттілігін ескере отырып қысқа мерзімді кәсіптік оқыту, еңбек ресурстарын қайта даярлау, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту, шағын несие беруді кеңейту, жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар беру, еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру сияқты бірқатар мақсат-міндеттер қамтылған. Соның ішінде қысқа мерзімді кәсіптік оқыту «Еңбек» бағдарламасының бірінші бағыты аясында жүзеге асырылады. Өткен жылы қаламызда 1196 адам техникалық және кәсіптік оқудан өтсе, қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға 2000 адам жолданып, 1990 азамат оқуын бітіріп, сертификаттарын алды. Нәтижесінде қысқа мерзімді кәсіптік оқытудан кейін 1394 адам жұмыспен қамтылды.

– Оқу ақылы ма?

– Жоқ, тегін. Оған қоса әр оқушыға айына 16 мың теңгеден астам шәкіртақы төленеді. Оқуын бітіргені туралы біліктілік сертификаты бар азаматтар мемлекеттік грантқа және жылдық пайызы 6%-дан аспайтын шағын несиеге құжат өткізе алады.

– Біліктілік курстарына талапкерлер қалай қабылданады?

– Жалпы, қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курстарына жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретінде тіркелген, 18 жастан зейнет жасына дейінгі азаматтар қатыса алады. Ал студенттер қатыстырылмайды, осыны ашып айту керек. Айта кетейік, қазіргі таңда түрлі себептермен жұмыссыз қалған немесе қызмет саласын өзгертуді жоспарлап жүрген азаматтар жоқ емес. Осындай азаматтарға кәсіптік білім алу ертеңгі күні жұмыс табуына, кәсібін бастауына зор мүмкіндік береді дер едім.

– Бұл оқуға қабылдану үшін қандай құжаттар тапсыру керек?

– Курсқа қатысуға ниет білдірушілер өтініш, жеке куәлігінің көшірмесін, білімін растайтын құжаттардың көшірмесін (диплом, сертификат, аттестат, куәлік), еңбек кітапшасының көшірмесін (бар болған жағдайда), 086 нысандағы медициналық анықтама және екінші деңгейлі банктен 20 сандық банк шотын орталыққа өткізуі керек.

– Ақмарал Пернебекқызы, сертификат алғандар грант ала алады дедіңіз. Өткен жылы Шымкентте қанша адам мемлекеттік грантқа ие болды?

– Жалпы, мемлекеттік гранттың өзі жұмыссыздықпен күресу шараларына жатады. Мәселен, бір азамат орталыққа келіп, жұмыссыз ретінде тіркелді делік. Ол адамның кәсіп бастаймын деген ниеті болса, «Бастау бизнес» жобасына қатысуына немесе біз айтып отырған қысқа мерзімді кәсіптік оқытудан өтуіне толық мүмкіндігі бар. Тиісті оқуын аяқтаған соң сертификатын алып, бизнес-жоспарын дайындап, мемлекеттік грантқа құжат өткізе алады. Аталған грантты жеңіп алған соң кәсібін бастап, жеке кәсіпкер атанады.
Сұрағыңызға келсек, 2020 жылы 7722 адам жаппай кәсіпкерлікті дамыту шарасына қатысты. Оның ішінде 74 адам шағын несие алса, 4828 адам қайтарымсыз мемлекеттік грантқа қол жеткізді. Ал «Бастау бизнес» жобасына 2820 адам жолданып, оқытылды.

– Жалпы, сіз басқаратын орталық жұмыссыз азаматтарға екі қолға бір күрек табуға қаншалықты көмектесуде?

– Негізі, жұмыссыздықпен күрес процесі тоқтамай, үздіксіз жүруі тиіс және біздің орталықтың мамандары да жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамту мәселесіне барынша жағдай жасап келеді. Мәселен, өткен жылы 2953 жас «Жастар практикасымен» жұмысқа, 5329 азамат қоғамдық жұмыстарға жолданды. Ал әлеуметтік жұмыс орындарына 356 адам жіберілді. Бұл тұрғыда жылдық жоспарымыз артығымен орындалды деп айта аламыз. Сонымен қоса жаңа жұмыс орындарына 2806 азаматқа жолдама берілді.
Өздеріңізге белгілі, өткен жылы қаламызда «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы қарқынды жүзеге асырылып, бірқатар жұмыстар атқарылды. Аталған бағдарлама аясында орталық арқылы 4776 адам жұмысқа орналасты. Сондықтан, түрлі жағдайға тап болып, жұмыссыз қалған жерлестеріміз жұмыспен қамту орталығына келіп, жүгіне алады.

– Жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз!

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.