Версия для печати

Қала жылу маусымына дайын ба? Избранное

Пятница, 02 Октябрь 2020 03:38 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2172 раз
Оцените материал
(0 голосов)

 DSC2307

...Шымкентте жалпы саны 1 896 көпқабатты үй орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. Сол үйлердің 92 пайыздан астамы жылыту маусымына дайын...

Күздің салқын лебі сезіліп, күннің райы өзгеріп келеді. Мегаполисте жөндеу жұмыстары басталып, қысқы жылыту маусымына дайындық аяқталып қалды. Жуырда жауапты мамандардың жұмысымен қала әкімі Мұрат Әйтенов танысып шықты. Соңғы дайындық жұмыстары туралы
Шымкент қаласының энергетика және коммуналды шаруашылық басқармасының басшысы
Жолшыбек Шайхсламовтан сұрап-білген едік.

 DSC2713– Жолшыбек Мұхтарұлы, бірден негізгі мәселеге көшсек. Қала жылу маусымына қаншалықты дайын?

– Иә, бұл мәселе – қазіргі таңда басты назарда тұрған жайт. Негізгісін айтсам, Шымкент қаласының шаруашылығы 2020-2021 жылдардағы жылу беру маусымына 95 пайызға дайын. Жалпы, бұл жұмыстың барысы қала әкімінің және энергетика және коммуналды шаруашылық басқармасы, яғни, біздің мекеменің қатаң бақылауында тұр.

– Ал жылу қай уақыттан бастап беріледі?

– Жылу қаламызда сырттағы тəуліктік орташа температура +8 градус және одан төмен болғанда қосылады. Өткен 2019 жылы жылу 25 қазанда берілген болатын.

– Көпқабатты үйлердегі сығымдау жұмыстары биыл толық аяқталды ма?

– Жалпы, шаһардағы жылу жүйелерінің ұзындығы 412,9 шақырымды құрайды. Оларда қысыммен тексеру жұмыстары толық дерлік жүргізілді. Оның ішінде 75,8 шақырымдық магистралды жылу жүйелерінің 98 пайызы, 337 шақырым ішкі орамдық жылу жүйелері толық тексерілді. Қысыммен тексеру барысында 85 ақау орын алып, оның барлығы қалпына келтірілді.

– Сығымдау жұмыстарын жеке компаниялар келісімшарт ретінде атқарды ма әлде басқарма тарапынан жүргізілді ме?

– Шымкент қаласының энергетика және коммуналды шаруашалық басқармасының құзыретіне үйлерді дайындау жұмыстары кірмейді, қаладағы үйлер тұрғындардың жекеменшігінде болуына байланысты, сығымдау жұмыстарын тұрғындар өз тарапынан, жеке компаниялармен келісімшарт арқылы жүзеге асырады. Бюджеттік мекемелерді сығымдау жұмыстары да солай атқарылады.

– Көп қабатты үй дегеннен шығады, қаламызда қанша үй жылу желісіне қосылған?

– Шымкентте жалпы саны 1 896 көпқабатты үй орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. Сол үйлердің 92 пайыздан астамы жылыту маусымына дайын. Қалған тұрғын үйлерде құрылыс-монтаж жұмыстары жүруде. Ал 479 бюджеттік нысанның бүгінгі таңда 470-і жылу алуға дайын, қалған 9 нысанда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жалпы, қаламызда 479 бюджеттік мекеме жұмыс істеп тұр. Оның
271-і жеке қазандықтардан жылытылса, 208-і орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған.

– Жолшыбек Мұхтарұлы, сонда қаламызда қанша қазандық пен жылу станциясы бар?

– Қалада 1 жылу-энергия станциясы («3-Энергоорталық» АҚ) мен бөлек орналасқан 11 жылу қазандығы бар. Оларды «Қуатжылуорталық-3» мекемесі қысқы маусымға толық дайындады. Соның ішінде Нұрсәттегі жаңа жылу қазандығын атап өту керек. 2015 жылы іске қосылған қазандық ғимараты 1124 шаршы метр аумақта орналасқан. Онда мол жылу бере алатын Bosch Loos UT-HZ пештері орнатылған. Мұндағы отынның негізгі түрі — табиғи газ. Ең жоғарғы қуаттылығы сағатына 163.5 Гкал-ға жететін қазандық мегаполистің әкімшілік-іскерлік аумағындағы көпқабатты 78 үй мен 8 әкімшілік ғимаратқа жылу береді.

– Сол қазандықтарда жағылатын отын мәселесі қалай?

– Шағын қазандықтардан жылытылатын бюджеттік нысандарға 5940 тонна көмір, 222 тонна сұйық отын қажет болатын, бұл отындар нысандарға толық жеткізілді. Ал қала тұрғындарына бір қыста 73,7 мың тонна көмір қажет, бүгінге тұрғындарға жеткізілгені – 45 мың тонна. Бұл көрсеткіш қажеттіліктің 61 пайызын құрайды. Ал шаһардың көмір қоймаларында жалпы көлемі 55 мың тонна көмір қоры бар, қазіргі таңда тұрғындарға қатты отынды уақтылы сатып алу туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

– Биыл қалада жол жөндеу жұмыстарымен қоса жылу құбырлары да ауыстырып жатқанын байқадық. Қанша шақырым құбыр ауыстырылды? Және қай аудандарда?

– Шымкент қаласындағы ұзындығы 42,5 шақырым ішкі орамдық жылу жүйесіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 15,3 шақырым ішкі орам жүйесі толық қамталды. Бұған қоса жаңадан 10,4 шақырым магистралды жылу құбырлары ауыстырылуда. Бұл жұмыстар қаланың 4 ауданын да қамтыды.

– Тұрғындарды қызықтыратын ең негізгі сауал – жылу ақысы биыл қымбаттай ма?

– Иә, жерлестеріміздің алаңдауына негіз жоқ, 2020 жылдың соңына дейін жылу ақысы өзгеріссіз қалады.

– Және соңғы сұрақ. Қыста жылу беру кезінде олқылықтар болған жағдайда тұрғындар қайда хабарласа алады?

– Тұтынушыларда күзгі-қысқы маусымда жылуға қатысты сұрақ-мәселе туындаған жағдайда Шымкент қаласы әкімдігінің диспетчерлік қызметіне 24-72-99 нөмірі бойынша, сонымен қатар, «Қуатжылуорталық-3» мекемесінің диспетчерлік қызметтеріне 44-82-37, 44-81-89, 50-30-50 нөмірлері бойынша хабарласа алады.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.