Шымкент қаласы Маятас елді мекенінің тұсында Бадам өзенінің жағалауын бекіту жұмыстары қолға алынды. Жағалауға топырақ үйіліп, биік дамба салынып жатыр.
Департамент мамандарының айтуынша, алда-жалда көктемде су тасқыны бола қалса, алдымен осы елді мекенге қауіп төнеді екен.
Қазір өзен суы қалыпты деңгейде. Дегенмен, Түркістан облысының Төлеби, Қазығұрт аудандарының таулы аймақтарында қар қалың. Биыл қар жылдық орташа нормадан 12 сантиметрге артық жауған. Қардың көбесі сөгілгенде Бадам өзеніне қызыл су келуі мүмкін. Сондықтан алдын ала сақтық шараларын қолға жөн.
Маятастықтар соңғы жылдары өзен жағалауы опырылып, тұрғын үйлерге жақындап келе жатқанына алаңдаулы. Қазір жергілікті әкімдіктің өкілдері жағалауға жақын орналасқан үйлердің құжаттарын тексеруде. Ал, төтенше жағдайға жауапты сала мамандары тасқын судың алдын алу шаралары бақылауда екендігін жеткізді.
— Көктемге қарай Бадам өзенінің маңындағы елді мекендер мен салынып жатқан құрылыс нысандарын су басуы мүмкін екенін айтқым келеді. Өзен суы қазірдің өзінде жағаға жақын қалған. Сол себепті Бадам өзенінің арнасын бұру және жағалауды бекіту жұмыстары қолға алынуда. Бұл қауіпсіздік үшін қажет, –деді қалалық ТЖД азаматтық қорғаныс бөлімінің басшысы Арман Алпысбаев.
Айта кетейік, Шымкент қаласының аумағынан екі бірдей тау өзені Бадам мен Сайрам су ағып өтеді.
Айдар ҚҰЛЖАНОВ