Шымкентте «Nur Otan» партиясынан ҚР Президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қоғамдық штабының ұйымдастыруымен «BIRGE» жалпыұлттық акциясы басталды. Акция Президенттікке кандидаттың сайлауалды бағдарламасын қалыптастыруға азаматтарды тікелей қатыстыруға бағытталған.
Арбат демалыс аймағында ұйымдастырылған іс-шарада қалалық штаб жетекшісі, «Nur Otan» партиясының қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бахадыр Нарымбетов акцияның негізгі мақсаты мен міндеттері туралы мәлімдеп, қала тұрғындарын сайлауға белсенді қатысуға шақырды.
– Акцияның басты мақсаты – тұрғындардың пікірін, ұсыныстары мен ескертпелерін кандидатқа жеткізу. Жалпы сайлауалды бағдарламаға ұсыныстар мен толықтырулар енгізуге мүмкіндік бар.
Жинақталған пікірлер республикалық штабқа жеткізіледі. Жастарды, көпшілік тұрғындарды осы акцияға белсенді қатысуға шақырамын, - деді Бахадыр Мәдәліұлы.
Акция 2019 жылғы 13 мамырдан 7 маусымға дейін ҚР Президентін сайлау бойынша «Nur Otan» партиясының электоралды науқанының үгіт-насихат кезеңі шеңберінде өтеді.