7 елді мекен кәріз жүйесіне қосылған

Пятница, 24 Май 2024 09:35 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 381 раз

Абай ауданында 2025 жылға дейін 8 елді мекенде – Жайлау, Қатын көпір, Тельман, Ақниет, Қызылжар, Жиделі, Батыс, Ынтымақта кәріз жүйесі құрылысы жүргізіледі.

Осының нәтижесінде 2025 жылы ауданында кәріз жүйесімен қамту көрсеткіші 18 пайыздан 55,5 пайызға дейін өседі деп жоспарланған. Бұл туралы 2024 жылдың 1 тоқсанында атқарылған жұмыстар бойынша өткен баспасөз брифингінде Абай ауданының әкімі Бұқарбай Парманов мәлімдеді.

– Абай ауданының 7 елді мекені орталықтандырылған кәріз жүйесімен қамтылған. Қалған 20 елді мекенде кәріз жүйесі жоқ. Өткен жылы 5 елді мекенде кәріз жүйесінің құрылысы жүргізілді. Оның ішінде Достық шағынауданының ішкі жүйелерінің құрылысы аяқталды. Ал, Асар-2 шағынауданында басталған құрылыс сот шешіміне сәйкес тоқтатылды. Бозарық шағынауданындағы 74 га орналасқан көп қабатты тұрғын үйлер аумағында кәріз жүйесінің құрылысы аяқталды. Қазір ұзындығы 7,3 шақырымды құрайтын Шымсити-Төлеметов коллекторының құрылысы жүріп жатыр. Жоспарға сәйкес биыл аяқталуы тиіс. Сонымен қатар, былтыр құрылысы басталған ұзындығы 20,5 шақырымды құрайтын Тұран-А-2 тас жолы коллекторы биыл бітуі керек,– дейді Бұқарбай Парманов.

Абай ауданында 27 елді мекенде 55 159 үй, 205 көп қабатты тұрғын үй, 1274 көше мен 230 әлеуметтік нысандар бар. Халқының саны – 257,7 мың.

Бүгінгі таңда аудан ауыз су мен электр жарығымен 100 пайыз қамтылған. Қазіргі таңда Асар-2 шағынауданында электр жарығымен қамту бойынша құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс 2024 жылдың 2-тоқсанында аяқталды.

Ауданда табиғи газбен қамту мәселесі де шешімін тауып келеді. 27 елді мекеннің 23-нде газ бар. Қалған 3 елді мекенге газ құбырлары тартылып жатыр. Атап айтқанда, Қайнарбұлақ тұрғын алабында құрылыстың 70 пайызы, Қайнарбұлақ саяжайында 50 пайызы, Ынтымақ-2 шағынауданында 56 пайызы аяқталған. Ал, Тәуелсіздікке 20 жыл тұрғын алабына жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алынған. Құрылысы келесі жылға жоспарланған.

Ауданда «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 22 нысан салу көзделген. Оның 20-сы – балалар алаңшасы, 2 – спрот алаңшасы. Оған қаралған қаражат –531,0 млн.теңге. Жиделі шағынауданында да осы жоба аясында 1 гүлзар салу жоспарланған. Жоба құны – 76,1 млн.тг.

Брифинг барысында аудан әкімі білім беру, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту, көшелерді жарықтандыру, жол құрылысы, ирригациялық жүйелер салу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.

Салтанат ЖАМАЛДИНОВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.