МЕЙІРІМДІЛІК – ЖАН ШУАҒЫ Избранное

Пятница, 29 Март 2024 05:29 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 350 раз

Әлемді сұлулық емес, мейірімділік құтқарады. Көрме орталығында мереке күткен мына әлемнің пәк жаратылысы мен ерекше баласына ерекше күтім жасап, шаршамаған ата-аналардың қарасы көп болды.

Kormee

 

Ерекше балаларға арналған іс-шара Наурыз мейрамына орай ұйымдастырылды. Іс-шара Шымкент қаласының әкімдігі мен қалалық «Азаматтық Альянс» ЗТБ, AMANAT партиясы өкілдерінің қолдауымен өтті. Көрмеге «Ерекше жол», «Жақсы сиқыршы», «Рахмет саған, анашым» ОМД, «Өркен» ББФ, «Жігер» ҚБ, «Іскерлік қауымдастық» ҚБ қамқорлығындағы балалар мен Шымкент қалалық арнайы мектеп-интернаттарының тәрбиеленушілері қатысты.
Мазмұнды іс-шараның мақсаты – ерекше білім алуды қажет ететін балалардың шығармашылық әлеуетін арттыру, олардың қабілеті мен дарынын дамыту. Бұл әрі ерекше жандарға жақсы көңіл-күй сыйлап, түрлі қорлардың қамқорлығындағы адамдармен кездесіп, пікір алмасуға мүмкіндік береді. Көрмеге ерекше балалардың қолынан шыққан қолөнер бұйымдары, шығармашылық жұмыстары, суреттер, аппликациялық бұйымдары қойылды.
Мерекенің ашылуында қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек сөз алып, жиналғандарды мерекемен құттықтап, ерекше білім алуды қажет ететін балалардың шығармашылық әлеуетін арттырудың маңыздылығын айта келе осы шараға қатысқан қоғамдық ұйымдар мен қорларға алғысын жеткізді.
Сондай-ақ, жиналғандар концерт алаңында балалар мен даму ерекшеліктері бар балалардың өнерін тамашалады.
– «ARMAN ALANI «Қазақстандық коалициясы» ЗТБ және Шымкент қаласының «Азаматтық Альянсы» ұйымдастыратын әрбір іс-шараның маңызы зор. Ол балалар мен даму ерекшеліктері бар адамдардың шығармашылығын, ізденісін, дүниетанымын жан-жақты дамытуда үлкен рөл атқарып келеді. Өткізіліп жүрген шаралардың мақсаты – мүмкіндігі шектеулі жандарды қоғамнан тыс қалдырмай, еңбекке баулу, қаражат табуға бейімдеу. Көрмеге қойылған әрбір заттың ерекше ыждағаттылықпен, махаббатпен жасалғаны көрініп тұр. Алдағы уақытта да осындай іс-шараларды өткізе береміз, – дейді іс-шараның өтуіне ұйытқы болған Баян Айтбекқызы.
Шынында да көрмеге көздің жауын алатын заттар қойылған. Тәнінде ақауы бар ерекше бала жанын осылай емдей ме екен, жасалған заттардан мін таба алмайсың.
Іс-шара мерекелік концертке ұласты. Кеш соңында балаларға сыйлықтар тапсырылды.

Салтанат ЖАМАЛДИНОВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.

Другие материалы в этой категории: « ЖЫЛУ МАУСЫМЫ АЯҚТАЛДЫ ЖЕДЕЛ ШТАБ ҚҰРЫЛДЫ »