СЕЙСМОЖАТТЫҒУ ӨТЕДІ

Пятница, 23 Февраль 2024 08:38 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 337 раз

«Апат айтып келмейді». Аяқ асты төтенше жағдайға тап болсақ, атқарушы билік зардап шеккендерді құтқаруға, қаладан эвакуациялауға, қауіпсіз мекенге орналастыруға қаншалықты дайын? Бұл туралы Шымкент қаласының жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы Қайрат Бекбауов баспасөз брифингінде мәлімдеді.

 

Айта кетейік, Шымкент қалалық жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасы өткен жылы құрылған. Жеке қорғаныс құралдары қорларын, басқа да азаматтық қорғаныс мүлкінің көлемін анықтау және оларды жинақтау, сақтау, жаңарту, дайындықта ұстау бойынша қажетті шаралармен басқармаға бағынысты «Мамандандырылған базасы» мекемесі айналысады.
– 2024-2026 жылдарға жоспар бекітіліп, қажетті заттар кезең-кезеңмен сатып алынуда. Қала аумағында авариялық-құтқару және шұғыл жұмыстарды жүргізу үшін қаланың 5 ауданы 36 секторларға бөлінеді. Қажеттілік туындаған жағдайда, зардап шеккендерді қаладан эвакуациялау үшін Шымкент қаласының білім басқармасына қарасты 123 мектепте эвакуациялық жинақтау пункті (ЭЖП) ашылған. Халыққа түсінікті болу үшін және басқа да түрлі көмек алуға жақын жерде орналасқан ЭЖП мекенжайлары қалалық ақпараттық жүйелерге (2ГИС) орналастырылуда. Халықты қауіпсіз аймаққа тасымалдау үшін жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы автокөліктер, автобустарды ұйымдастырады. Азаматтық қорғау қызметтерімен бірлесіп қала сыртында халықты орналастыру үшін шатырлы қалашық құрылады, – деді Қ.Бекбауов.
Сондай-ақ басқарма басшысы аудан әкімдерімен бірлесіп Шымкент қаласында орын алған төтенше жағдай, жер сілкінісі кезінде басқа өңірлерден тартылған күш-құралдарын орналастыратын жерлерді нақтылап, дайындалғанын да атап өтті. Басқарма тиісті мекемелермен бірігіп, өткен жылы қала аумағында 2 рет жалпықалалық сейсможаттығу өткізді. Мұнан бөлек «Қыс-2023», «Жер-2023» оқу жаттығулары өткізілген. Биыл да қала тұрғындарының санын ескере отырып, сейсможаттығу өткізу жоспары бекітілген.
Айта кетейік, қалада іздестіру-құтқару, халықты эвакуациялау, қоныстандыру және басқа да іс-шараларды пысықтауға бағытталған жалпықалалық сейсможаттығу 2024 жылдың 23 ақпанында өтпек.

«Шымкент келбеті»

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.