«Балалық шақ мекені» Избранное

Пятница, 29 Сентябрь 2023 03:52 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 301 раз

Шымкенттегі қалалық Оқушылар сарайы жаңа оқу жылын осы тақырыптағы Ашық есік күнімен бастады. Тарихы терең бұл мекемеде шығармашылығын шыңдаған балалар мен жасөспірімдер Қазақстанда ғана емес, әлемнің талай елінде өткен додаларда топ жарып жүргенін мақтанышпен айтуға болады.

287

 

Іс-шарада мекеменің талантты барабаншы өнерпаздары өз өнерін паш етіп, «Айгөлек» би тобының мың бұралған бишілері мерекенің шымылдығын ашты. Мерекеде сөз алған Оқушылар сарайының директоры Бақытжан Мұстафаев ұстаздар мен оқушыларды жаңа оқу жылымен құттықтап, еңбегі еселенген тәлімгерлерге алғыс хат табыстады.
Биыл Оқушылар сарайында 5 116 бала түрлі сала бойынша өздерін жан-жақты дамытып, уақыттарын тиімді өткізеді. Олар үш қабатты ғимаратта шығармашылықпен, спортпен шұғылданып, сондай-ақ түрлі үйірме мен клубтарға қатыса алады. Мекемеде 8 бағыт бойынша 113 үйірме жұмыс істейді. Күн сайын екі ауысымда үш мыңға жуық баланы қабылдай алады.
–Оқушылар сарайында балалар жаңа технология, медиа және өнер бағыты бойынша білім алып, өздерін шыңдайды. Ғимаратта шеберхана, би, жаттығу залдары, сурет көрмесі қарастырылған. Оқушылар кез - келген уақытта, өзі қалаған үйірмеге келіп, қатысады. Математика, ағылшын және орыс тілінен білім деңгейін көтеруге мүмкіндік бар. Бүгінде сұранысқа ие робототехника, дебат клубы, көшбасшы клубы, Жапониядан бастау алған «Го» деп аталатын логикалық ойын түрі, былғары шебер, қыш құмыра жасау үйірмесі, кілемше тоқу үйірмесі іске қосылды. Балаларды бұл салаға кәсіби мамандар баулып жатыр, – деді Оқушылар сарайы директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Феруза Жұмабекова.

288


Оқушылар сарайының балалары өткен жылдың қараша айында Германияда өткен робототехника сайысында өздері жасаған роботтарын 32 секундта құрастырып, әлем бойынша рекорд орнатып, екінші орынды иеленген. Жақында ғана Ташкент қаласында өткен Әлем чемпионатынан «Томирис» каратэ клубының жас спортшылары 2 алтын және 4 қола медальді қанжығаға байлапты.
–Өздерінің бойындағы талантын шыңдауды Оқушылар сарайынан бастаған балалар республикалық және халықаралық байқауларға қатысып, бақтарын сынайды. Атап айтсақ, «Айгөлек», «Еркетай» халықтық би ансамбльдері өнерпаздары– көптеген байқаудың жеңімпаздары. Қазіргі таңда олар ЮНЕСКО клубының мүшесіне кірді. Одан бөлек, «Шабыт» театр үйірмеміз жақында «Театрдың ғажайып әлемі» атты республикалық байқаудың қалалық кезеңінде бас жүлдемен оралды. Алдағы уақытта болатын республикалық бірқатар байқауға қызу дайындық үстіндеміз, – деді Ф.Тұралықызы.
Өнер ордасында 150 педагог жұмыс істейді. Солардың ішінде ұстаз Серік Баймағамбетов жетекшілік ететін үйірменің ерекшелігін айтпай кетуге болмас. Ол балаларға ұлттық ойын – асық атуды үйретумен айналысады. Өзінің авторлық жұмысы да бар екен. Ойынды жаңа тәсілмен үйрететін үйірмеге қызығушылық танытатындар қатары көп көрінеді. Бір мектептің өзінен 60 оқушысы осы үйірмеге жазылған. Ал Ұлттық дәстүрімізді дәріптеу мақсатында «Төрт тоқсан, төрт өнер» бағыты бойынша айтыс өнер үйірмесі де жұмыс істеп тұр. Мұнда балалар домбыра үйреніп, айтыскерлермен сұхбат өрбітеді. Осылайша қазақ өнері мен ойындарын ұрпаққа аманаттап жүр.
Айта кетейік, Оқушылар сарайында шалғай елді мекенде тұратын оқушылардың ыңғайына қарай аула клубтары ашылған. Ол жерде математика, ағылшын тілі, орыс тілі, гитара, қолөнер, қол күрес, шахмат, сурет, көркем сөз, асық ойыны үйірмесі бар.