64 жастағы зейнеткер 3 қыз, 1 ұлдан 20-дан аса немере сүйіп отыр. Бердіхожаевтар отбасы қатарынан екі жыл Шымкент қаласында өткен «Мерейлі отбасы» байқауына қатысып, жүлделі орындардан көрініп келеді. Зейнет жасында болса да, қаланың өсіп-өркендеуіне белсене атсалысып жүрген Сәуле Бердіхожаевадан үлгілі отбасының сыры, бала тәрбиесі жайында ақыл-кеңесін сұраған едік.
–Қазіргі уақытта Тұран ауданы ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары, аналар алқасы төрайымымын. Еңбек жолымды Арыс қаласында ауыл шаруашылығы саласында бастағанмын. Тұрмысқа шығып, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Шымкент қаласына көшіп келдік. Сол уақыттан бері тынымсыз еңбек еттік. Мен ұзақ уақыт бойы Абай ауданы әкімдігінде әдіскер болып қызмет атқардым. Сөйтіп жүріп 4 баланы дүниеге әкелдім. Балаларымның барлығы жоғары оқу орнында оқыды. Қазір мемлекеттік қызметте жұмыс істейді. Өкінішке орай, жолдасым 53 жасында дерттен қайтыс болды. Қарашаңырақта алтындай келінім, ақылды, парасатты немерелеріммен татулықта ғұмыр кешіп жатырмыз, –дейді С. Бердіхожаева.
Бүгінде ұлы Ербол Бердихожаев қорғаныс саласында, келіні Жанна Байжанысова – медицина саласында еңбек етеді. Қыздары да банк саласында, пошта бөлімшесінде білікті маман. Балаларыма еңбекқор болуды сөзбен емес, ісіммен үлгі болып үйреттім, – дейді зейнеткер ана.
–Мен еңбек етуден шаршамадым. Сол еңбегіміздің жемісін қазір көріп келеміз. Бала естігенін емес, көргенін жасайды деген қағиданы көп естиміз. Өте орынды айтылған. Ата-ана – әрқашан балаға үлгі. Қоғамда көп отбасылар материалдық құндылықтарды бірінші орынға қояды. Ол өте қауіпті нәрсе деп айтар едім. Себебі отбасы құндылығы, оны дәріптеу әрқашан алда болуы керек. Мен зейнетке шыққаннан кейінде үйде отырмай «Мейірбан» қайырымдылық қорын аштым. Бүгінде көпбалалы, жалғызбасты аналарға демеушілеріміздің қолдауымен көмек беріп келеміз. Мұның бәрін жасауда материалдық байлықты көздемедім. Балаларыма, немерелеріме үлгі болсам, еліме, қоғамға пайдам тисе деген ниетім болды. Әрбір адамның ең бірінші миссиясы мен ниеті осылай болса, жақсы өмірге де табысқа да, қызметке де жеткізеді. Бұл менің өмірлік тәжірибем, – деді әңгіме арасында көпті көрген ақ жаулықты ана.
Сәуле Бердіхожаева қызметте абыройлы еңбек етті. Еселі еңбегі үшін «Ардақты ардагер», «Ел қалаулысы» «Атаға тағзым» медальдарымен , «Ел құрметі» орденімен марапатталған. Шаңырақтың шырайын кіргізіп, отбасылық құндылықтарды дәріптеген өнегелі отбасылар марапат биігінен көрінуге лайық. Қазақ халқы үшін отбасы – қасиетті ұғым, қастерлі құндылық. Отбасының бірлігі – отанның беріктігі, ағайынның татулығы – атамекеннің тұтастығы, ұлттық тәрбиенің, адамгершілік пен имандылықтың бастау бұлағы. Сондықтан да Сәуле Бердіхожаева сынды аналарымыз көпке үлгі.
Гүлнұр БАЛАБАСОВА