Қонаев даңғылының жалғасы салынуда
Қазір қаланың оңтүстік бағытындағы жалғыз кірме-шығыс жолында жүктемені азайту мақсатында 15,5 шақырымдық Қонаев даңғылының жалғасы салынуда. Қала әкімі
Мұрат Әйтенов нысанға арнайы барып, жұмыс барысын қадағалады. Жоба бойынша нысан 6 кезеңнен тұрады. Қазір жалпы жұмыстың 27 пайызы атқарылған. Құрылыс жұмыстарына 53 адам, 20 техника жұмылдырылған.
Қонаев даңғылы жалғасының 5-ші кезеңі Бадам өзенінен Әскери бөлімінің тұсына дейінгі аумақты қамтиды. Бұл аралықтың ұзындығы – 4,7 шақырым, ені – 42 метр, 6 жолақты. Ал нысанның 6-шы кезеңі Әскери бөлімнің тұсынан ПК-132 дейінгі аралық, бұл кезеңнің ұзындығы – 8,5 шақырым, ені – 15 метр, 4 жолақты.
Дәл қазіргі уақытта автомобиль жолының жер төсемдері салынуда. Бригадалар жер асты суы өтетін темірбетонды құбыр орнату жұмыстарын қолға алған.
М.Дүйсенбекұлының осыған дейінгі аралаудағы жауаптыларға жолды кесіп өтетін 110 кВ магистральді электр желісін қайта орнату бойынша берген тапсырмасы бүгінде орындалған. Сондай-ақ әкімнің тапсырмасына сәйкес, қазір Бадам өзенінен өтетін көпірді Саттарханов көшесімен қосу жұмыстары іске асырылуда.
Құрылыс барысын тексерген М.Дүйсенбекұлы жауаптыларға қыркүйекте аталған аралықтағы жұмыстарды және 6-кезеңде Оңтүстік айналма жолы арақашықтығын толық аяқтау бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.
Қайта құру жұмыстары 82 пайызға орындалды
Ташкент-Алматы бағытында қаланы айналып өтетін негізгі магистралды А-2 автомобиль жолын қайта жаңарту жұмыстары да қарқынды. Аталған жол 31 шақырым, 8 кезең бойынша жол құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Бүгінде 1-ші және 3-ші кезеңінің құрылыс жұмыстары мен Бадам өзенінен өтетін көпірдің құрылысы аяқталды. Биылғы жылдың шілде айында Ынтымақ шағын ауданына баратын жол қиылысынан Темірлан тас жолына дейінгі аралықты қамтитын 2-ші кезеңі толық аяқталып, ел игілігіне берілді. Жыл соңына дейін 4-ші кезеңді толығымен аяқтау жоспарланып отыр.
А-2 айналма тас жолының 4-кезеңі Темірлан тас жолынан Бадам өзеніндегі көпірге дейінгі аралықты қамтиды. Жалпы ұзындығы 1,86 шақырымды құрайтын автомобиль жолының ені 35,5 метр, 6 жолақты. Жолдың екі жағынан да арық, жасыл аймақ, жолаяқ салынып, көше жарықтандырылады.
Атап өтейік, А-2 айналма тас жолын қайта құру жұмыстары 82 пайызға орындалды.
Оңтүстік айналма жолы – қала маңындағы кептелісті азайтады
Шымкент қаласы маңындағы ірі жол-көлік инфрақұрылымының бірі – Оңтүстік айналма жолы. Қала әкімі Мұрат Әйтенов аталған жол құрылысының басына барды. Айналма жолдың құрылысы Леңгір тас жолынан бастап КХ-15 облыстық маңызы бар автожолына дейінгі аралықты қамтиды.
Ұзындығы 16 шақырымды құрайтын айналма жол барлық транзиттік көліктерді қала сыртымен жүргізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, мегаполис көшелеріндегі және қала маңындағы кептелісті азайтып, экологиялық жағдайды жақсартады. Оған қоса, жол бойында орналасқан елді мекендерде шағын кәсіпкерліктің дамуына ықпал етеді деп күтілуде. Жоба бойынша көшенің ені 9 метрді құрайды.
«Жол уақытында тапсырылсын»
Қазіргі таңда Адырбеков көшесіндегі қайта құру жұмыстарын құрылысшылар қызу қолға алған. Мәделі Қожа мен Жібек жолы көшелері аралығында аяқжолдар, ирригациялық латок орнату, жер төсемін дайындау жұмыстары атқарылуда.
Мұрат Дүйсенбекұлы жұмыстарды сапалы, мерзімінде аяқтау бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.
Жоба бойынша, құрылыс жалпы ұзындығы 3,74 шақырымдық жол Алдияров көшесінен Т.Рысқұлов көшесіне дейінгі аралықты қамтиды. Ені 23 метр 4 жолақты жолдың екі жағында ирригациялық жүйе мен жасыл аймақ, аяқжолдар, жарық шамдар көзделген. Құрылыс жұмыстары 76 пайызға орындалды. Адырбеков көшесін ел игілігіне 2023 жылы толығымен беру жоспарланған.
М.Дүйсенбекұлы жол негіздерін салуда кедергісін келтіретін байланыс жүйелерін қайта қосудағы өзекті мәселені жауаптылармен бірге шешуді тапсырды. Сондай-ақ нысанды уақытылы пайдалануға беріп, жолаушыларға қолайлы жағдай жасауда жолды дер кезінде ашуды ұйымдастыруды тапсырды.
«ШК-ақпарат»