Сенім жәшігіне студенттер есірткі қылмысы, буллинг, әлімжеттікке тап болған жағдайда хат жолдай алады. Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының тапсырысы бойынша «Auezov Jastary» қоғамдық қоры «Сенім жәшігі» жобасын арнайы әзірлепті.
—Жоба М.Әуезов атындағы оқу ордамыздан бастау алып отыр. «Сенім жәшігі» жобасы аясында жоғары және орта, арнаулы оқу орындарында, жатақханаларда 100 сенім жәшігі қойылады. Ал қыркүйекте оқу жылы басталған уақытта барлық студенттерге түсіндірме жұмыстары жүргізіледі. Сенім жәшігіндегі хаттарды оқу жылы басталған уақыттан бастап әр ай сайын ашып, саралаймыз. Түскен хаттар бойынша «Auezov Jastary» қоғамдық қоры жұмыстар жүргізеді, – дейді «Auezov Jastary» қоғамдық қорының төраға орынбасары Лаура Мұхтарбекқызы.
Ал жыл соңында жалпы сенім жәшігіне түскен ақпараттар бойынша мониторинг жасалады. Бұл бастама жастар арасында белең алған мәселелердің алдын алуда үлкен көмек болмақ. ОҚМПУ, М.Сапарбаев атындағы колледж, Политехникалық колледж ғимараттарына да сенім жәшіктері орнатылды.
Гүлнұр СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ