Сағынышқа айналған суреткер

Среда, 31 Май 2023 04:39 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 619 раз

MARHABAT

Түлкібас төрінен қанаттанып тұтас қазақ елінің мақтанышына айналған жазушы Мархабат Байғұттың өнегілі өмірі мен шығармашылық жолы тәлім-тәрбиенің асыл көзі.

Сондықтан да марғасқа қаламгердің кемел сипатты шығармалары мен ел үшін атқарған абыройлы істері жастарға әркез үлгі етіледі. Қаламыздың әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасында болып өткен «Сағынышқа айналған суреткер» тақырыбындағы жазушы, журналист, драматург Мархабат Байғұтты еске алу кеші де осы мақсаттан туған абыройлы іс.

«Бүгінгінің Бейімбеті» аталған қарымды қаламгер

Мархабат Байғұтты еске алу мақсатында өткізілген кешке қоғам қайраткері Төретай Қабылбек, ҚР мәдениет қайраткері Күлия Айдарбекова, ҚР Мәдениет қайраткері Еркінбек Шымырқұлов және өзге де қаламыздың зиялы қауым өкілдері мен өнер майталмандары қатысты. Тағылымға бай өмірін қазақ елі мен қазақ әдебиетінің дамуына арнаған сүлей суреткердің жүріп өткен өмір жолы мен шығармашылық мол мұрасы арқау етілген кеште қаламгердің қанаттас-қаламдас достары, әдебиет әлеміндегі іні-қарындастары классик қаламгер Мархабат Байғұт жайында жылы естеліктер айтып, толғанысқа толы пікірлерін білдірді.

Сондай-ақ, кеш барысында драматургия жанрында да қалам тербеп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленген көптеген көркем дүниелерді тудырған қаламгердің Асанбай Асқаровтың өмірі өзек етілген «Асқаровтың аққайыңдары» пьесасынан Ж.Шанин атындағы қазақ академиялық драма театрының әртісі Еркінбек Шымырқұлов пен Жамиля Бекмұрзаеваның орындауындағы үзінді көрсетіліп, кітапхана қызметкерлерінің қатысуымен қаламгердің «Оқу залы» атты әңгімесінен көрініс сахналанды.

Заңғар жазушының шығармашылығын оқырманға кеңінен таныстыруды көздеген кеш барысында М.Байғұт шығармашылығы бойынша жарияланған эссе және жыр байқауының жеңімпаздары да марапатталып, жеңімпаздарға қаламгердің кітаптары сыйға тартылды.

Кеш қонақтарына арнайы «Әдебиет әлемі әдемі» эссе және өлеңдер топтамасы, «Сағынышқа айналған суреткер» атты биоблиографиялық көрсеткіш, сондай-ақ, қаламгердің ұлы ойшыл әл-Фараби және оның мұрасы жайында жазылған «әл-Фараби және Қайырымды қала хақында» еңбегі табыс етілді.

Т. ЕШІМОВ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.