СПОРТ ПЕН ШЫҒАРМАШЫЛЫҚҚА ҮЙІР ҰРПАҚ ӨСІП КЕЛЕДІ
Среда, 15 Февраль 2023 04:40Шымкентте ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың балаларды бұқаралық спортқа белсенді түрде тарту жөніндегі тапсырмасы тиянақты түрде орындалып жатыр. Мәселен, биыл Шымкент қаласында 20 мыңнан астам бала мемлекеттік спорттық тапсырыс аясында спорт секциялары мен шығармашылық үйірмелеріне қатысады. Осы мақсатта мемлекеттік бюджеттен жан басына қаржыландыру жүйесі арқылы тиісті қаржы қаралған.
КӨКТЕМГІ КӨГАЛДАНДЫРУҒА ДАЙЫНДЫҚ БАСТАЛДЫ
Пятница, 10 Февраль 2023 04:22Шымкент қаласында өткен 2022 жылы 301 193 түп ағаш көшеті отырғызылды. Оның 40 497-сі көктем айларында отырғызылса, 160 696 ағаш көшеті күзгі маусымда егілген. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасынан хабарлады.
АГРОКЛАСТЕРЛЕР ҚҰРЫЛСА, ҚАЗАНЫМЫЗ МАЙЛЫ БОЛАДЫ
Пятница, 03 Февраль 2023 04:43Шымкент бір жағынан республикалық маңызға ие қала, заманауи мегаполис ретінде дамып келе жатқанымен, екінші жағынан мұнда ауыл шаруашылығы саласы зор потенциалға ие. Қалаға кейінгі жылдары қосылған елді мекендердің есебінен Шымкентте 28 мың гектардан астам алқапқа егін егіліп жүр. Соған қарамастан шаһардағы базарлар мен дүкен сөрілерінде көршілес елдерден әкелінген импорттық көкөніс пен тамақ өнімдері самсап тұрады. Неге бұлай? Себебі, бізде әлі де ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеумен айналысатын кәсіпорындар аз, агроөнеркәсіп кешені жеткілікті деңгейде дамымай отыр.
АҚЫЛ МЕН ӨНЕРДІ ПҰЛДАЙТЫН ЗАМАН немесе мемлекет креативті индустрияларды дамытуға көңіл бөле бастады
Среда, 25 Январь 2023 03:58Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылы жариялаған «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында отандық экономиканың креативті секторын дамытуға айрықша назар аудару туралы тапсырма берген болатын.
МЕМЛЕКЕТ ҰСЫНҒАН МҮМКІНДІКТЕРДІ ТАЛҚЫЛАДЫ
Пятница, 20 Январь 2023 06:30Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Сайрам, Өтеміс, Шапырашты және Қызылсу тұрғындарымен кездесті. Шаһар басшысы кездесуде өткен жылы атқарылған жұмыстарды баяндап, алдағы мақсат-міндеттер жайлы айтты.
Қуат көздеріне тәуелділіктен арылтады
Среда, 18 Январь 2023 03:57Үшінші мегаполисте жаңадан бу-газ электр станциясы салынады. Станцияның құрылысы биыл басталып, 2026 жылы аяқталады деп жоспарланып отыр. Бүгінде техникалық-экономикалық негіздемесі мен жобалық-сметалық құжаттамасы дайын.
САЙЛАУҒА ДАЙЫНДЫҚ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Среда, 18 Январь 2023 03:55Шымкент қалалық мәслихатының кезектен тыс жиырма алтыншы сессиясы өтті. Оған Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов пен «Қазақстан мәслихат депутаттарының бірлестігі» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Төлеубек Мұқашев қатысты.
МӘЖІЛІС ПЕН МӘСЛИХАТ МЫҚТЫ БОЛСА...
Пятница, 13 Январь 2023 06:32
«Сіз мұндай сынды тыңдағыңыз келмейтінін айттыңыз. Тыңдағыңыз келе ме, келмей ме, біз Сізді тыңдатамыз. Бұл –біздің міндетіміз, бұл – біздің еліміздің алдындағы қызметіміз».
Иә, бұл Парламент Мәжілісінің өткен жылдың соңындағы отырыстарының бірінде «Ақ жол» партиясы фракциясының жетекшісі, депутат Азат Перуашевтың еліміздің ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашүкеевке қарата айтқан сөзі. Халық қалаулыларының сынымен келіспейтінін жеткізгісі келген Үкімет мүшесі осылай сөз естіп қалды. Бір бұл емес, соңғы кездері Мәжіліс депутаттары қоғамды мазалайтын өткір мәселелерді қозғап, күрделі сұрақтарды Үкіметтің алдына қабырғасынан қойып жүр.
Бұл бір жағынан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қабылданған парламенттік оппозиция туралы нормалардың жұмыс істеп, «күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасының іске асып жатқанын көрсетсе, екінші жағынан саяси партиялар мен депутаттардың биылғы жылдың бірінші жартысында өтуі тиіс Парламент сайлауының қарсаңында белсенділігі артқанын аңғартады.
Жалпы, бұл жыл Қазақстанда ішкі саяси оқиғаларға толы болмақ. Мәселен, күні ертең 14 қаңтар күні ҚР Парламенті Сенатының бірқатар депутаттарының сайлауы өтеді. Бұл сайлау заң талаптарына сәйкес жанама дауыс беру жүйесімен өтетіні белгілі. Яғни, болашақ сенаторларды қалалық және облыстық мәслихаттардың депутаттары таңдайды. Ал, жылдың ең елеулі саяси додасы, сөз жоқ, Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауы болмақ.
Соңғы жылдары Қазақстанда саяси жаңғыру жүйелі түрде жүргізіліп, кезең-кезеңімен жүзеге асып жатқаны баршаға мәлім. Соның бір мысалы ретінде «Қазақстан Республикасындағы саяси партиялар туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, жаңадан саяси партияларды тіркеуге қойылатын талаптар жеңілдетілді. Ендігі жерде партияға тіркеу үшін 40 мың азаматтың қолдауы керек емес, саяси ұйым құру үшін 5 мың мүше болса жеткілікті. Ал, өңірлік өкілдіктерінің саны 600-ден 200 адамға дейін азайтылды. Сол сияқты саяси партия құру үшін азаматтардың бастамашыл тобының ең азы 1 мыңнан 700 адамға дейін төмендетілді. Одан бөлек, партия құру жөніндегі құрылтай съезін өткізу мерзімі 2 айдан 3 айға дейін ұлғайтылды. Осының бәрі елімізде саяси мәдениеттің дамуына, саяси партиялардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және көппартиялы парламенттің қалыптасуына әсер етері сөзсіз.
Бұл жолда биылғы сайлаудың маңызы айрықша болмақшы. Президенттің бастамасымен сайлау заңнамасына енгізілген өзгерістерге сәйкес биылғы сайлау бұрынғыдай тек пропорционалды жүйемен емес, пропорционалды және мажоритарлық жүйе қатар қолданылатын аралас жүйемен өткізіледі. Яғни, Мәжілістегі 109 депутаттың 30 пайызы бір мандаттық округ арқылы сайланады. Ал, мәслихат депутаттарының 50 пайызы осындай әдіспен сайланады. Демек, сайлаушылардың алдында таңдау еркіндігі көбейе түседі деген сөз. Азаматтар бұрынғыдай тек саяси партиялардың біріне ғана емес, өзі таңдаған нақты кандидатқа, аты-жөні мәлім тұлғаға дауыс бере алады.
Мұндай шешімнің қоғамдағы бір-біріне кереғар екі пікірді ескере отырып қабылданғаны белгілі. Депутаттарды тек партиялық тізіммен сайлауға қарсы болғандардың уәжі мынаған саяды: «Мәжіліс пен мәслихат депутаттығына өзін-өзі ұсыну механизмін алып тастау – анти-демократиялық қадам. Белсенді азаматтар депутат болып сайлану үшін елдегі тіркелген партиялардың біріне мүше болып, кандидаттар тізіміне қосылуға мәжбүр. Ал, жеңіске жетіп алған соң кандидаттар тізімінен кімді депутат етуді партия жетекшілері өз бетінше шешеді. Содан келіп жұрт депутаттарды танымайтын жағдайға жетті. Мұның қай жері әділеттілік?» дейді олар.
Иә, бұл – белгілі бір топтың көзқарасы. Әйтпесе, пропорционалды жүйе – көптеген дамыған елдерде қолданылып келе жатқан өте демократияшыл модель. Пропорционалды жүйе уақыт өте келе біздегі қоғамдық сананың өзгеруіне әкелуі тиіс. Айтайын дегеніміз, қазақ қашаннан тұлғаларға қарап бой түзеген халық. Бір жағынан ауыз әдебиетіндегі ел жүгін көтерген қаһармандар санамызға қатты әсер еткен болар, екінші жағынан тарихтағы көрнекті тұлғаларды аңсау бар, әйтеуір біздің қоғам арамыздан бір көсемнің шығып, елдегі барлық проблемаларды шешіп тастағанын күтумен күн кешіп келеді. Әрине, ұлттың пассионарлық қуаты қалпына келіп, сондай дара тұлғалар қалыптасып жатса, нұр үстіне нұр. Алайда, ХХІ ғасыр жағдайында біз шынайы демократиялы елге айналғымыз келсе, қоғамның дамуына деген дербес жауапкершілікті мойнымызға алып үйренуге тиіспіз. Сонда ғана бізде азаматтық қоғам қалыптасады, азаматтық қоғам қалыптасқан кезде ғана біз жеке тұлғалардың емес, озық идеялардың маңына топтасуды үйренеміз. Қоғамдық сана осылай жетілген кезде партиялар да жекелеген саясаткерлердің ұстанымын емес, идеяларды өз қызметінің өзегі етіп алады. Бір ауыз сөзбен айтқанда, пропорционалды жүйе бізге хәкім Абайдың «Кісіге қарап сөз алма, сөзіне қарап кісіні ал» деген өсиетін орындауды үйретеді.
Шындығында, екі жақтың да дәлел-дәйектері күшті. Қай пікірді қарасаңызда өзіндік шындығы бар. Сол себепті билік «өгізді де өлтірмейтін, арбаны да сындырмайтын» орта жолды тапқанға ұқсайды. Ең бастысы, аралас сайлау жүйесі Мәжіліс пен мәслихаттарға елдің сөзін сөйлейтін, қоғамдағы өткір проблемаларды заң шығарушы, өкілетті биліктің мінберінен бүкпесіз баяндай білетін халықшыл депутаттардың сайлануына жол ашса игі. Әйтпесе, қазіргі депкорпустың құрамына көз жүгіртсеңіз, арасында кәсіпкерлер, қалтасы қалың жуандар аз емес. Мұндай «халық қалаулылары» мінбеге бір көтеріліп алған соң, халықтың қалауын билікке жеткізе бермейтіні рас. Олар үшін өңірдің әлеуметтік-экономикалық проблемалары мен рухани-мәдени дамуына қарағанда өз компаниясының корпоративтік мүдделері маңыздырақ екенін кімнен жасырмақпыз?! Дегенмен...
Қазақстандағы сайлау заңнамасына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар бұл проблеманың да шешімін тапқандай. Сайлаудың алдында халыққа уәдені үйіп-төгіп беріп алып, «есегі судан өткен соң» Мәжіліс пен мәслихаттардың жайлы креслосында қалғып-мүлгіп отыратын, бары мен жоғы білінбейтін маубас депутаттарды халық мандатынан мерзімінен бұрын айыру мүмкіндігіне ие болып отыр. Ол үшін мажоритарлық жүйемен бір мандаттық округ арқылы сайланған депутаттар үшін императивтік мандат енгізіліп отыр.
Императивтік мандат, яғни, аманаттық мандат дегеніміз – конституциялық құқықта өкілетті органның депутаты сайлаушылардың аманатын арқалап, өзінің өкілеттік мерзімі біткенше олардың алдында жауапты болуға тиіс екені баяндалған ереже. Императивтік мандат жағдайында сайлаушылардың сенімін ақтамаған депутатты мерзімінен бұрын кері шақырып алу мүмкіндігі заң жүзінде белгіленеді. Әрине, депутатты кері шақырып алудың заңдық нормалары болады. Қалай десек те, бұл қадам депутаттың сайлаушылар алдындағы жауапкершілігін еселей түсері анық.
Қазақта «жуас» және «момын» дейтін екі ұғым бар. Бір қараған адамға екеуі ұқсас көрінгенмен, түпкі мағынасы әртүрлі. Бұрынғылар жуастықты жақтырмай «Аса жуас – имансыз» деп қаттырақ айтқан. Өйткені, тым жуас кісі керек кезде жала, әділетсіздік пен зұлымдыққа қарсы бас көтере алмай, оның мінезі ездікке ұласып кетуі мүмкін. Ал, момын деп жайшылықта артық мінезі жоқ, сөзге сараң, сабырлы, байсалды болғанымен, әрі-сәрі күн туғанда найзағай намысы жарқ ететін, өзі және отбасының, қала берді елінің ары мен абыройын қорғап, әлсізге қолдау көрсете алатын адамды айтады. Осындай мінез бен болмыс бәрімізге де керек-ау. Ал, Парламентіміз қандай болуы тиіс?
Момындық жеке адамға жақсы қасиет болғанымен, ел ісіне келгенде ол аздық етеді. Мәжіліс мәслихаттың моп-момақан болуын ендігі жерде уақыт көтермейді, халық та кешірмейді. Ендігі жерде Парламенттен болсын, мәслихаттан болсын үлкен белсенділік талап етіледі. Бұл орынды да. Өйткені, халықты қажытқан сан алуан мәселелер биік мінберлерден үздіксіз айтылып тұрса, бір жағынан олардың шешілуі жеделдейді, екінші жағынан мұң-мұқтажының назардан тыс қалмағанын көрген халықтың ішкі наразылық деңгейі төмендейді. Мәжіліс пен мәслихат мықты болса, елде әлеуметтік әділеттіліктің орнауы жеделдеп, ұлттық бірлік нығая түседі деген сөз.
Қорыта айтқанда, 2023 жыл ішкі саяси оқиғаларға толы болмақ. Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетекшілігімен жүзеге асып жатқан саяси трансформация одан әрі жалғасып, логикалық түйініне жетуі тиіс. Жоғарыда айтылған қос сайлаудан бөлек биыл пилоттық режимде аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдері тікелей сайланады. Ауыл әкімдерінің корпусын жаңарту жалғасады. 350-ден астам ауыл, кент және ауылдық округ әкімдерін тікелей сайлау жоспарланып отыр. Сайлау мыңнан астам ауылдық елді мекенді қамтиды.