Сайлауалды бағдарламаның орындалуы талқыланды

Пятница, 24 Сентябрь 2021 11:20 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 12852 раз

Кеше «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы, қала әкімі Мұрат Әйтеновтің төрағалығымен партияның бюро отырысы өтті. Жиында саяси ұйымның 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында бекітілген Жол картасының орындалуы талқыланды.

Жиынның күн тәртібінде Жол картасындағы кейбір тармақтар талқыланып, оны орындауға жауапты басқарма басшыларының баяндамалары тыңдалды.

Алғашқы болып Шымкент қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Береке Дүйсебеков есеп берді. Онда басқармаға қатысты 18 іс-шараның 4-тармағы толық орындалғаны және 12-тармақта көрсетілген жұмыстар жыл соңына дейін толық аяқталатыны, соңғы 2-тармақ келер жылдың еншісінде тұрғаны баяндалды. Басқарма басшысы іске асырылған тармақтардың ішінде қаламызда метил-трет бутил эфирінің, ұнтақталған полипропиленнің, ферросиликон марганец өндірісінің басталғанын және «Зерде» ҒӨБ» ЖШС В класты қойма құрылысын аяқтағанын айтып өтті. Мұнымен қоса бизнес саласында биыл 100 жобаға қолдау көрсету жоспарланса, меже артығымен орындалып, бүгінгі таңда 970 жоба қаржылай қолдауға ие болған.

nur-otan-buro

Шымкент қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Асқар Қаныбеков Жол картасы аясында 136 гектарды құрайтын «Агроиндустриалды аймақ» құру және 89 гектар аумаққа жыл сайын 15-20 гектар жылыжай салу барысын баян етті. Дегенмен инвесторларға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілмесе, жылыжай кешендерінің жобалары іске аспай қалу қаупі бар екенін де жасырмады.

Сайлауалды бағдарламаның Жол картасындағы 102 және 104-тармақтарды іске асыру бойынша Шымкент қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы Ғалымжан Ильясов баяндама жасады. Ол бүгінде қаланың экологиялық ахуалын жақсартуға бағытталған тармақтардың жүзеге асырылуын айта келе орталық көшелердің бойына, қоғамдық орындарға егілетін сәндік гүлдер мен декоративті ағаш көшеттерін дайындайтын 200 гектар жерге тұқымбақ ашу жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді. Сонымен бірге 13 мың гектар жерге жасыл белдеу құрылатынын, онда 6,5 миллион жасыл желек отырғызылатынын, биыл 7956 гектар жер осы мақсатқа орай игерілетінін мәлімдеді.

Бюро отырысында баяндалған тармақтар бойынша және оларды уақтылы әрі сапалы іске асыру жөнінде ұсыныс-пікірлер айтылып, талқыға салынды.

Мұрат Дүйсенбекұлы отырыс соңында қалалық партия филиалы мен жауапты басқарма басшыларына Жол картасында көрсетілген индикаторлардың мерзімінде, сапалы орындалуын және нысандарға бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалуын қатаң бақылауға алуды тапсырды.

Сондай-ақ күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша арнайы қаулы қабылданды.

Ә.НҰРЖІГІТҰЛЫ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.