Ұлтым – кәріс, жүрегім – қазақ

Вторник, 15 Декабрь 2020 05:19 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 6601 раз

99

Тәуелсіздік – тұтас елдің тұғыры. Тек қазақ халқының ғана емес, осы Қазақстандағы барлық этнос өкілдерінің ортақ мерекесі. Өздеріңізге белгілі, елімізде 130-ға жуық этнос өкілі бір шаңырақ астында, тату-тәтті өмір сүріп келеді. Солардың бірі – біз, кәрістер.

Менің атам, әжем – репрессияның қасіретін тартқан кісілер. Тоталитарлық тәртіптің құрсауына алғашқылар қатарында іліккен корей халқының өкілі ретінде жас кездерінде қуғын-сүргін ылаңымен Қазақстанға қоныс аударылған. Сол сияқты өздерінің тарихи отанынан депортацияланған көптеген этнос өкілдері жан-жақтан Қазақ жеріне көшірілгені белгілі. Сол кезеңдегі тұрмыстық қиыншылықтарға қарамастан қазақ халқы баршамызды құшақ жая қарсы алды, қолында барымен бөлісті, бір үзім нанын бөліп берді. Сол үшін алғысымыз шексіз. Осынау байтақ далаға сіңіскен ата-бабамыз кеңқолтық қазақ жерінде бейбіт өмір сүрді, шаңырақ көтерді. Мен сол атам мен әжемнен кейінгі жалғасқан үшінші ұрпақпын.
Қазіргі таңда Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясында кәріс этно-мәдени бірлестігінің Жастар қанатының төрағасымын. Ассамблея – Елбасының төл туындысы. Тәуелсіздік алған соң жүзеге асқан тың идея, әлемде баламасы жоқ ұйым. Осы Ассамблеяны құрған Елбасыға айтар алғысым шексіз. Жуырда ғана ҚР Президентінің қолынан «Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығына орай» мерекелік медалімен марапатталдым.
Мен – тәуелсіздіктің құрдасымын. Ауылда туып-өстім, қазақ тілі туған тіліме айналды. Әскери борышымды өтегенде де түрлі этнос өкілдері бір атаның балаларындай жүрдік. Армиядан келген соң қазақ қызына үйлендім, осылайша жүрегім қазақ болып кеткені қашан.
Еш әсірелеусіз айтсам, өзімді Қазақстанның патриотымын деп санаймын. Және осы Қазақстан үшін аянбаймын, еңбек етемін. Тәуелсіздік мерекесі құтты болсын! Қазақстан жасай берсін!

 

Темур Пак,
Шымкент қалалық ҚХА кәріс
этно-мәдени бірлестігі жастар қанатының төрағасы

 
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.