Шымкенттен шықпай-ақ, шартарапты шарлады
Джигитовка жанры әртісінің «Шымкент-Циркке» келгені күні кеше сияқты еді. Бүгінде оның бейнесін Қытай, АҚШ, Жапония және Франция жұртшылығы көріп, таңдай қағып, тамсанып жүр. Бүрмелі көйлек, әдемі бөрік киіп атқа мінген қазақтың қызы Қазақстанның визиттік карточкасына айналғандай. Қалай дейсіз бе? Ол былай.
Балнұр Садықтың көзін ашып көргені қазақтың сәйгүлігі болды. Себебі, оның әкесі де, анасы да Ипподромда ат күтумен айналысыпты. Әкесі ат суытып, бәйгеге тұлпар дайындайды. Үйіндегі қорасынан да жылқы жануары үзілмейді екен. Қанмен берілген атқа деген қызығушылық һәм іңкәрлікпен Балнұр қыз 9 жасында Ұлттық спорт мектебінің ат спорты секциясына жазылады. Әйтпесе, бұл шап-шағын ғана шырайлы қыз нағыз қалалық. «Ақжайық» шағынауданының тұрғыны. Оқыған мамандығы да ұлттық спортқа еш қатысы жоқ. Педагог-психолог.
Ат десе ішкен асын жерге қоятын бегім сол Ипподромда конкормен айналысып жүрген жерінен 2016 жылы циркке ауысады. Түр-сұлбасына қарасаң, шынашақтай, талдырмаш қана қазақтың қызы. Бірақ, «Шымкент-Цирктің» манежіне
Ақбура не Чернышты (мекеменің аттары) ерттеп мініп, сән-салтанаты жарасқан ұлттық киімімен жарқырап шыға келгенде ол рухты да қайсар ханшайымға айналып шыға келеді. Ал аттың үстінде отырып небір қызықты да қауіпті, ерекше техникаларды істеген кезде нәзік қыз үшін жаныңды шүберекке түйіп отырасың. Дегенмен, үлбіреген жас талшыбықтай нәзік қалпына қарамай джигитовканы бір кісідей меңгерген кәнігі маман ғой. Батыр қыз дер едік. Өйткені, мұндай өрелі өнер екінің бірінің қолынан келмейді.
Жалпы, цирктің бұл жанрына жақындауға жүрегі де дауаламайды. Сымбатты сәйгүлікті ептеуге қанша қызықса да, құлап, бір-екі жарақат алғаннан кейін тастап кететіндер көп. Әсілі, мұндай мамандықты шын жақсы көретіндер ғана соңына дейін жетеді.
– Өзің талдырмаш та нәзік қызсың. Тұлпарды қалай бағындырасың? – дедік біз Балнұрға.
– Бәрі уақытпен келеді. Дене де, жүйрік те бір толқынға түсуі керек. Басында оңай болған жоқ. Әр жеріміз «көгеріп» жүрдік. Дайындық барысында да сүрініп, құлап дегендей... Ал трюкті бір шығарып алғаннан кейін аса қиын болмайды. Бәрі де техникаға байланысты. Техникамен қатар физикалық дайындық та қажет. Аяқ-қол әбден жаттыққаннан кейін қазанатпен бірге қыранша қалықтау оңайырақ. Кішкентайымнан қазақы атты көріп, біліп, сезіп өскеннен кейін циркте қыздар жасауы тиіс трюктардың бәрін де істей аламын. Қазірде джигитовкаға қызығатын нәзікжандылар өте көп, - деді ол.
Иә, Балнұрлар манежге аттарымен бірге шыққанда көрермендердің ду қол шапалақтап, делебесі қозып, рухы бір сілкінетінін байқау қиын емес. Біз одан болашаққа жоспары туралы сұрадық. Қайратты қыз «ат ұстайтын фермам болса» деп армандайды. Құдай сәтін салса, цирктегі жұмысын да қатар алып жүргісі келеді. Себебі, «атты жақсы көретін, халықтың ыстық ықыласына бөленген адамға бұл саладан кету қиынырақ» дейді өзі.
23 жасар Балнұр Садықтың фотосуреттері Тұрар Қазанғап атты фотографтың фотокөрмесімен әлемді аралап кетуі де кездейсоқ емес-ау!.. Осыдан төрт жыл бұрын Ипподромда өткен Наурыз мерекесінде «Қыз қуу» сайысына шығуға дайындалып тұрған жұптарды белгісіз бір фотограф суретке түсіріп әкетеді. Ол кезде суретке түскен де, түсірген де өнерсүйер ортада танымалдылыққа ие боламыз деп әсте ойламағаны анық.
Тұрар Қазанғаптың фотосуреттерінің арқасында көптеген адамдар біздің елмен алғаш рет танысты. Балнұрдың суретін қаншама шетелдіктің көргенін айту қиын, ал олардың қаншасының ұялы телефонына шырт еткізгенін шамалау одан да қиын. Бүгінде Б. Садық атты қазақ қызының ұлттық үлгідегі бейнесі телефоннан телефонға ауысып, әлеуметтік желілерді «шулатып», талайлардың көзайымына айналған.
Ат құлағында ойнайтын аруды кездейсоқ қана түсірген кереметтей кадрлардың тарихы осындай.