МЕДИЦИНА САЛАСЫНЫҢ ҮЗДІКТЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ Избранное

Пятница, 14 Июнь 2024 06:40 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 1287 раз

Қоғамның ең басты құндылығы адам дейтін болсақ, барша қоғамның алдындағы өзекті мәселенің бірі – азаматтардың денсаулығын сақтау болып табылады. Дәрігер мамандығы – адамға деген шексіз сүйіспеншілік, қайырымдылық, өзгенің қамы деп соғатын ыстық жүректі ізгі ниет пен адамгершілікті қажет ететіні сөзсіз. Сондықтан да қоғамдағы өзге мамандықтар ішінде адам өміріне араша болатын дәрігерлердің еңбегі ерен.

mediki

 

Маусымның үшінші жексенбісі – медицина қызметкерлерінің күні. Осыған орай Шымкентте ақ халатты жандардың мерекесі атап өтілді. Денсаулық сақтау ісіне үлес қосқан дәрігерлер марапатталып, қажырлы қызметтеріне құрмет көрсетілсе, сала ардагерлері де назардан тыс қалмады. Іс-шарада қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек дәрігерлерге алғысын білдіріп, жеткен жетістіктеріне тоқталып, жемісті еңбектеріне сәттілік тіледі. Салтанатты жиында денсаулық сақтау саласында қызмет етіп жүрген медицина мамандары «Еңбек ардагері» медалі, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгілерімен, «Құрмет грамотасымен» марапатталды. Сондай-ақ, AMANAT партиясы, Шымкент қаласы мәслихаты да құттықтау лебіздерін білдірді.

Қаланың бас дәрігері Нұрлыбек Асылбеков соңғы жылдары медицина саласында жеткен жетістіктерді саралады. Шымкент қаласында денсаулық сақтау саласының даму динамикасы жыл санап артып келеді. Ауқымды жобалар мен жүйелі бастамалар саланың алға жылжуына септесіп, өңір халқының сапалы медициналық көмек алуына жағдай туғызуда. Атап айтар болсақ, Шымкент қаласы бойынша соңғы 3 жылда атқарылған жүйелі іс-шаралардың нәтижесінде ана мен бала өлімі азайған.
Қант диабеті асқынған науқастарға шұғыл хирургиялық көмек көрсету үшін қалалық №2 аурухана базасында диабеттік табан бөлімшесі ашылған.
Аурухана дәрігерлері диабеттік табан синдромымен келген пациенттің аяқ ампутациясын алдын алу мақсатында эндоваскулалы баллонды ангиопластика, яғни стенттеу отасын жасайды. Тіліксіз ота арқылы науқастың аяғын аман алып қалуға болады. Мұндай әдіс қан ағымын жақсартып, жараның жазылуына жақсы ықпал етеді. Сәйкесінше қант диабетімен ауыратын науқастардың өмір сапасын жақсартады.
Жалпы, онкологиямен күресті күшейту мақсатында Шымкентте ересектерге арналған онкогематология мен нейрохирургия бөлімшелері ашылған.
Мегаполистің бас дәрігері Нұрлыбек Асылбековтың айтуынша, шаһарда қазір кейбір емханаларға үздік тәжірибелер орталығының жобасы енгізіліп жатыр. Шымкент қаласы бойынша соңғы 3 жылда атқарылған жүйелі іс-шаралардың нәтижесінде ана мен бала өлімі азайған. Нәресте өлімі 19,3, ана өлімі 80,4 пайызға төмендеген. Ал соңғы жылдары бірде-бір ана өлімі тіркелмеді. Туберкулезден болатын өлім-жітім де төмендеді. Сапалы және уақтылы медициналық қызмет көрсету мақсатында қаладағы 31 медициналық ұйым аккредиттеуден өткен. Биыл тағы да 23 медициналық ұйымды аккредиттеуден өткізу жоспарланып отыр. Бұл бірінші кезекте емханаларда жұмыс істейтін медициналық қызметкерлердің біліктілігін анықтап, кәсіби шеберлігін жоғарылату үшін керек. Сондай-ақ, 66 медициналық ұйымы есептік жүйелері медициналық ақпараттық жүйесімен интеграцияланды. 21 ұйымның дәріханасы GPPстандартына сәйкес сертификатталған. Осынау жетістіктерді саралай келе жалпы мегаполис медицинасының жеткен жетістігі ауыз толтырып айтарлықтай деуге толық негіз бар. Шымкент тек медицинасымен ғана емес, фармацевтикасымен де елімізге танымал. Ағза ауыстыру, яғни трансплантология бойынша да үлкен тәжірибесі бар.
Қоғамға және адамдарға қызмет ету, көмекке келуге үнемі дайын болу – зор күш-қуат, білім мен сезімталдықты талап ететін денсаулық сақтау саласының әрбір қызметкерінің өмірлік ұстанымы.
Салтанатты шара соңы танымал өнер жұлдыздарының концерттік бағдарламасына ұласты.

Ақниет ҚЫНАЛЫ,
М.Әуезов атындағы ОҚУ-дің 2-курс студенті

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.