«ҚАЙРАН МЕНІҢ ӨЗ ҮЙІМ, КЕҢ САРАЙДАЙ БОЗ ҮЙІМ» дейтіндер көбейсін Избранное

Пятница, 12 Апрель 2024 04:46 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 2037 раз

Елімізде тұрғын үй өзекті мәселелердің бірі болып қала береді. Баспаналы болғысы келетін көптеген қазақстандықтың үміті мемлекеттік жеңілдетілген бағдарламаларда. Елімізде баспананы қолжетімді ету – Үкімет пен жергілікті әкімдік тарапынан жүзеге асырылып жатқан басты жоспарлардың бірі.
Осы орайда Шымкент қаласы тұрғын үй басқармасы басшысының міндетін атқарушы Азат Исламов Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында тұрғын үй қатынасы саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру жөніндегі атқарылған жұмыс пен жоспарлары туралы бөлісті.

Turgin-100

 

Үйі жоқтың күйі жоқ

Шымкент қаласы бойынша тұрғын үй кезегінде бүгінгі таңда 51 015 азамат тіркелген. Олардың ішінде жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар санаты бойынша – 1915, көпбалалы отбасылар – 13982, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобы – 17 702, мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйым және әскери қызметшілер – 17 381, жалғыз баспанасы апатты жағдайда деп танылғандар – 22 адам.
2023 жылы жалпы саны
1 687 азаматты сатып алу құқығынсыз арендалық пәтермен қамтамасыз ету көзделіп, 1407 азамат арендалық тұрғын үймен қамтылды. Оның ішінде 888 жалдамалы баспана жұмыс істеп жүрген жастарға, 122 пәтер жетім балаларға, 131 пәтер көпбалалы отбасыларға, 160 пәтер халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобына пайдалануға берілді. Қалған 280 пәтердің 96-сы биыл беріліп, 184 пәтерде алдағы уақытта қоныс тойы тойланады деп күтілуде.
– Қазіргі таңда арендалық тұрғын үйлерді белгіленген тәртіппен кезек арқылы көпбалалы отбасыларға, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына және жұмыс істейтін жастарға беру қарастырылуда. Ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында кезекте тұрғандардың бірыңғай республикалық электрондық дерекқорының сервисі қолданылады, – дейді Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасы басшысының міндетін атқарушы Азат Рахымбердіұлы.

Turgin-102


Алайда арендалық тұрғын үйлер сатып алу құқығынсыз беріледі. Сондай-ақ тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар үшін сатып алу құқығымен жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалар қарастырылған. Яғни кезекке тіркелген азаматтар төлем қабілетіне қарай арендалық баспананы күтпестен 2-10-20, 5-10-20 сияқты сатып алу құқығы бар ипотекалық үйлердің конкурстарына қатыса алады.

Кezеkte.kz кезекке тұрғызады

Тұрғын үй кезегіне тіркелу үшін Қазақстан Республикасы «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 67-бабының талаптарына сәйкес белгіленген санаттардың біріне енуі, азаматтың тұрғылықты мекенжайы кемінде үш жыл тұрақты Шымкент қаласында болуы және өтінім беруші мен отбасы мүшелерінде соңғы бес жыл көлемінде тұрғын үйдің тіркелмеуі шарт. Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ
I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылар, халықтың әлеуметтік әлсіз тобына жататындар, мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйым және әскери қызметшілер, жалғыз тұрғын үйі апатты деп танылған азаматтар кезекке тіркелу үшін өтініш білдіре алады.
Егер азаматтар жоғарыда аталған санаттардың біріне сәйкес келсе, онда тұрғын үйге кезекке тұру үшін барлық қажетті құжаттармен бірге өтінімді Кezеkte.kz электрондық порталы арқылы жолдай алады.

«Қамқордың» шапағаты

«Қамқор» – ең алдымен тұрғын үй кезегіне тұра алмайтын сала мамандарына арналған бағдарлама. 2023 жылы 150 отбасы «Қамқор» өңірлік бағдарламасы арқылы несиелендірілді. Биыл бұл бағдарлама арқылы үйлі болатындардың саны артады. Ол үшін жергілікті бюджеттен 5 млрд. теңге және «Отбасы банк» АҚ-дан 3 млрд. теңге бөлініп, 400-ден кем емес отбасыны несиелендіру көзделген. Несиенің ең жоғары мөлшерлемесі 20 млн. теңгеге дейін, пайыздық мөлшерлеме – 6%, бастапқы жарна 10%-дан кем емес. Несиенің максималды мерзімі 25 жылға дейін болмақ. Тұрғын үйді бастапқы нарықтан ғана алу мүмкіндігі қаралған.

Мемлекеттен көмек көп

Тұрғын үй сертификаты – мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары аясында несие негізінде «2-10-20 Бақытты отбасы», «5-10-20» бағыттарына сәйкес тұрғын үйді сатып алу кезінде ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін азаматтарға берілетін көмек. Тұрғын үй сертификаты әлеуметтік көмек ретінде 1 000 000 (бір миллион) теңге көлемінде беріледі. 2024 жылға 200 млн. теңгеге қайтарымсыз негізде тұрғын үй сертификаттарын беру жоспарланған. Бағдарлама бойынша осы жылдың 22 қаңтарынан бастап құжат қабылдау басталып, бүгінгі таңда 215 азаматқа 197,7 млн. теңгеге тұрғын үй сертификаттары берілді.

Turgin-101


– Талаптарға сәйкес, өтініш берушіде және онымен бірге тұратын отбасының әрбір мүшесіне заңнамада белгіленген айына ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 көрсеткішінен аспайтын, соңғы 6 айда орташа табысы 134 562 теңгеден аспауы тиіс. Зейнетақы аударымдары, жеке табыс салығы және өзге де міндетті аударымдары қосылмайды. 2023 жылы осындай сертификатты 148 азаматқа бергенбіз, – дейді Азат Рахымбердіұлы.
Шымкент қаласы бойынша 2024 жылы 2430 отбасының тұрғын үй жалдау ақысының 50 пайызы мемлекет тарапынан төленіп, субсидиялануда. Тұрғын үй жалдау төлемдерін субсидиялау бағдарламасына тұрғын үй кезегінде тұрған І және ІІ топ мүгедектігі бар азаматтар, мүгедектігі бар балаларды асыраушы отбасылар, жетім және ата-анасының қамқорлығынан айырылған балалар, көпбалалы отбасылар санатындағы азаматтар қатыса алады. Төлем тәртібі бойынша ай сайын мониторинг жүргізіліп, субсидия алушылардың бағдарлама талаптарына сәйкестігі тексеріледі. 2023 жылы тексеру жұмыстарының нәтижесінде 500-ге жуық азаматтың тұрғын үйді жалдау ақысының субсидиясы тоқтатылған.

23 жеделсаты жаңартылады

Қаланың көркін келтіретін – зәулім ғимараттар. Осы орайда Шымкент қаласында орналасқан ескірген тұрғын үйлерді, көп қабатты тұрғын үйлерді жөндеу бойынша да біршама тірліктер атқарылуда. Атап айтсақ, 2023 жылы қала аумағындағы авариялық, тозығы жеткен 6 үй тұрғындардың келісімімен бұзылып, қайта тұрғызылды. 16 көп пәтерлі тұрғын үй күрделі жөндеуден өтті. Биыл тұрғындар есебінен қайтарылатын қаржыға 13 көпқабатты тұрғын үйдегі 23 жеделсаты жаңартылады. Лифт жүйелерін модернизациялауға қажетті қаражат қаралған соң жеткізуші мердігер мекемемен келісім шарт түзілетін болады. Құжатта құрылғылардың 2 жылдық кепілдік мерзімі қарастырылады.
Істен шыққан жеделсатылардың тек бөлшектерін ғана ауыстыру тұрғындар үшін қауіпті болуы мүмкін. Сараптама комиссиясының қорытындысына сәйкес лифтілерді пайдалануға рұқсат етілмейді, құрылғыларды толығымен ауыстыру қажеттігі анықталған.

Салтанат ЖАМАЛДИНОВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.