«КӨЗДЕРІ ҮМІТКЕ ТОЛЫ, БАҚЫТТЫ АДАМДЫ КӨРДІК» Избранное

Среда, 19 Июль 2023 05:02 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 3828 раз

Шымкент елімізде Астана қаласынан кейін жүрек ауыстыру отасы жасалынған екінші қала болды. Теңдесі жоқ отаны Ұлттық ғылыми кардиохирургия және Шымкент жүрек орталығы қызметкерлерінің қатысуымен еліміздің бас кардиохирургі Юрий Пя жасады және ота үстелінде астаналық әріптестерімен қатар «Шымкент жүрек орталығы» КЕАКҚ басқарма төрағасы Дархан Сүйгенбаев тұрды.

624

 

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында ағзаларды ауыстыру оталары медицинадағы маңызды көрсеткіштер болып саналады. Егер елде ағза ауыстыру оталары жасалынатын болса, ол елдің медицинасының дамығандығын көрсетеді. Бүгінде әлем бойынша ағза алмастыру, донор табу істері қарқынды дамып келеді. Жыл сайын әлемде 100 мыңнан астам адамға трансплантация жасалады. Ағза алмастыру бүйрек, бауыр, жүрек, ұйқы безіне жүргізіледі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жанындағы донорлық және транспланттау жаһандық обсерваториясы әлем бойынша жыл сайын 100 800 трансплантация жасайды екен. Оның ішінде 5 400 жүрек және 3 400 өкпе трансплантациясы бар. Қазақстанда алғашқы жүрек алмастыру отасы 2012 жылдың 8 тамызында Астана қаласында жасалып, еліміздің медицинасын дүр сілкіндірген. Бүгінге дейін Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы мен профессор Юрий Пяның қатысуымен 88 жүрек алмастыру отасы сәтті жасалынған. Осы жылы шілде айында Шымкентте жергілікті дәрігерлер 61 жастағы науқасқа жүрек алмастыру отасын жасады. Науқас 16 жылдан бері жүрек жетіспеушілігі диагнозымен есепте тұрған. Шымкент жүрек орталығы – бүгінде еліміздің екі ірі өңіріне бір мезгілде кардиологиялық, интервенциялық, аритмологиялық және кардиохирургиялық көмек көрсететін жалғыз мамандандырылған орталық. Мұнда жыл сайын 8 мыңнан астам ота жүзеге асады. Оның ішіндегі 550 ота жүрекке ашық түрде жасалады.

626


–Жүрегі алмасқан адамның жүрек соғысын естігенде осыған дейін жүріп өткен жолың есіңе түседі. Жолда кездескен кедергілер мен қиыншылықтар, қаншама адамның еңбегі еш кетпегенін түсінесің. Еңбегіңнің ақталғанын көріп, ләззат аласың – дейді Дархан Сүйгенбаев.

ОТАНЫҢ СӘТІ ҚАЛАЙ ТҮСТІ?

Алғашқыда Астана дәрігерлері Шымкентке дөңгелек үстелге жиналып, күрделі мәселені талқыламақшы болған. Бірақ, Қостанай қаласынан жүрек доноры табылғаны туралы хабар келгенде, Ұлттық ғылыми кардиохирургия дәрігерлерінің бір тобы донор жүректі алуға Қостанайға, бір тобы науқасты отаға дайындау үшін Шымкентке ұшқан.
–Қостанайдағы өлім аузында тұрған ер адамның туыстары науқасқа жүрегін беруге рұқсаттарын берді. Жүрек әуежолымен «ТрансМедикс» арнайы заманауи құрылғысымен Шымкентке жетті. Қала басшылығына, Шымкент қаласының полиция департаментіне, денсаулық сақтау басқармасына, жедел жәрдем станциясына алғысымызды білдіреміз. Мегаполис басшылығы полиция департаментімен солтүстік өңірден ұшып келген жүректі самолет бортынан жүрек орталығына дейін жеткізуді қамтамасыз етті. Әр минутымыз санаулы әрі қымбат еді. Біздегі науқастың жағдайы нашар, ол кісінің де күні санаулы болатын. Басқа отаға дайындап отырған науқастың күні оңынан туып, донор табылып, жүрек алмастыру отасына кірісіп кеттік, ота 6 сағатқа созылды. Сәтті аяқталды. Бұл ұжымдық жұмыс, ұжымдық сәттілік, – дейді Дархан Жорабекұлы.
Жүрек отасы сәтті аяқталып бүгінде 61 жастағы азамат өмір сүруге қайта мүмкіндік алды. Барлық қиындықтар артта қалып, қазіргі уақытта науқастың жағдайы жақсарып келеді дейді дәрігерлер. Бұл жүрек трансплантациясы мәйіттік донорлықтың арқасында ойдағыдай өткен.

ДОНОР БОЛУ ОҢАЙ ЕМЕС

Мамандардың айтуынша донор табу оңай іс емес. Реципиент пен донордың қан топтары сәйкес келіп, салмақтары да мейлінше бірдей болғаны абзал. Өйткені жүрек белгілі бір салмақ үлесіндегі қанды айдап үйренген. Сәйкесінше, салмақ өзгерсе, жүрекке ағзаға үйрену қиынға соғады. Өкінішке орай, алмастыруға сай келетін жүрек бола бермейді. Сондай-ақ, 18 бен 65 жасқа дейінгі адамдардың ағзасы ауыстыруға жарайды. Бірақ ағза берушіге қойылатын қатаң талаптар бар. Алдымен жұқпалы аурумен ауырмауы, дені сау болуы керек. Сондықтан оны көбіне жол апатынан немесе ми тамырлары жарылып қайтыс болғандардан алады.
–Алмастыратын жүректі әйелдікі, еркектікі деп бөлмейміз. Дегенмен ер адамның жүрегі мықты және шыдамды келеді. Соңғы жылдары жүрек трансплантациясы мен жүрек имплантациясы жүрегінде күрделі ақаулары бар азаматтарға дәрі-дәрмектің емі болмаған жағдайда жасалады. Қазір Қазақстанда 350 мыңға жуық адам жүрек ауруларымен ауырады. Ал әлем бойынша олардың саны 7 миллион. Жыл сайын бұл көрсеткіш артып келеді. Науқастардың 50 пайызында 5 жылдың ішінде қайтыс болу мүмкіндігі жиі орын алады. Ел бойынша жүрек трансплантациясы операциясын жасатуға 150 азамат кезекте тұр. Оның жетеуі балалар, – дейді Дархан Жорабекұлы.

625


Осы ота жасалып біткесін, медициналық қоғам ұйымдары, дін өкілдері мен БАҚ өкілдері қатысқан дөңгелек үстел ұйымдастырылған. Онда донор болу мәселесі мен алмастырудағы қиындықтар сөз болды. Елордадағы ұлттық кардиорталықтың дәрігерлер тобы ТМД бойынша жүрек ауруларын емдейтін үздік мамандар болып саналады. Олардың жүрек ақауы бар науқастарды емдеудегі тәжірибелері мен білімдері құнсыз. Енді бұл тәжірибелі қызметкерлердің білімі мен біліктілігін үшінші мегаполис дәрігерлері де қолданып жатыр. Мұнда ол үшін барлық жағдай жасалған дейді мамандар. Дөңгелек үстел отырысында Алматы мен Астана қалаларымен қатар Шымкент те адам ағзасын ауыстыру оталары бойынша алдыңғы шепте тұрғаны үлкен жауапкершілік екені айтылды. Дегенмен басқа да өңірлер тәрізді донор жетіспеушілігі басты мәселе. Басқа елдерде донор табудың түрлі жолдары қарастырылған. Бізде медицина бұл тұрғыда көптеген кедергілерге кездеседі. Осы аралықта отандық трансплантологтар жақсы тәжірибе жинақтап, талай науқастың өмірін ұзартқанымен, қай елді алсақ та мәйіттік донор мен ағза алмастыруға қатысты мәселе әлі де бар және бола да бермек. Бұл бір жағынан діни ұстанымдардан туындайтын шарттар болса, келесі қыры медицина мүмкіндіктері мен трансплантологиялық технологиялардың дамуына тәуелді.
Адамдар қайтыс болғаннан кейінгі донорлық бағдарламасы бар екенін білуі керек. Әр адам тірі кезінде шешім қабылдап, туыстарымен сөйлесуі қажет. Көпшілігі ондай шешім қабылдай бермейді. Адам ми өлімімен жан сақтау бөлімінде жатқан кезде туған-туыстарына бұл шешімді қабылдау қиынға соғады. Қазақстанда қайтыс болғаннан кейінгі донорлардан ағзаларды транспланттау 2012 жылдан басталды. Заң жүзінде келісім презумпциясы бар. Яғни, азаматтар адам өлгеннен кейін оның басқа адамға өмір сыйлай алатынына келіседі. Бірақ, осындай жағдай туа қалса, келісер ме едіңіз деген сұрағыма көбісінен «жоқ» деген жауап алдым.
Бір өкініштісі бұл дұрыс ақпараттың жетіспеушілігінен болып отыр.

ДЕРЕКТЕР СӨЙЛЕСІН

Елімізде тәуелсіздік алғаннан кейін, басқа да ТМД елдері сияқты ағза донорлығы заңдастырылмаған еді. Туыстық трансплантация кезінде тірі адамнан бір бүйрегін, немесе бауырдың жарты бөлігін ауыстырады. Мәйіттік донордан ағза алмастыру тек ми өлімі диагнозы қойылған жағдайда туысқандарының рұқсатымен ғана трансплантация жасалады. Неге ми өлімі дейді, бұрынырақта өлім деп жүрек тоқтағанда айтатын. 1987 жылы Кеңес үкіметі тұсында адамның миы өлгенде адамды өлік есебіне қосу туралы заңды құжат шықты. Адамның миы өлгенімен басқа органдары жұмыс істеп тұрғандықтан донор болуға жарамды.
«Ағза ауыстырумен айналысатын дәрігерлер донор табу жұмысына қатыспайды. Бұл – негізгі ережелердің бірі. Донордың табылғанын хабарлайтын арнайы бюро бар. Олар бізге хабар бергеннен кейін, біз донордың кімге көмектесе алатынын анықтаймыз» дейді мамандар. Жүрек бар болғаны 5 сағатқа ғана шыдайды. Сондықтан реципиент жақын болуы шарт. Немесе АҚШ мемлекеті сияқты логистика қызметін жолға қою керек. АҚШ-та жылына 2,5 мың жүрек алмастыру отасы жасалынады. Донорды жеткізу әуе жолымен қарастырылған. Елдің кез келген бұрышына жеткізу мүмкіншіліктері бар. Біздің елде бұл қызмет ақсап тұр.
Дәрігерлерден «Жүрегі ауысқан адам өзгереді ме?» деп көп сұрайды екен. «Бұл тұрғыда бір ғана жауап бар. Біздегі науқастың жүрегін алмастырғанға дейін өмір сүру мүмкіндігі аз, жағдайы нашар болатын. Ер азаматтың жүріп-тұруы қиындап, тамақ ішпей, жатып қалған. Ал отадан кейінгі келесі күні-ақ басқа адамға айналды. Көздері үмітке толы, бақытты адамды көрдік. Тыныс алуы да жеңілдеді. Мұндай күрделі отадан кейін көп адамның мінезі жұмсарады. Өйткені олардың өмір сүру сапасы жақсарады. Біздің емделуші бұл отаға дейін барлық тексерулерден өткен. Соңғы 16 жылда жүрегіне біраз ота жасалды. Бір сөзбен айтқанда науқас соңғы жылдарын ауруханада өткізді. Дәрі-дәрмекпен емдеу көмектеспеді. Біз бұл кісіге донор табылып, жүрек алмастырамыз деп күтпедік. Бұл сәті түскен ота болды. Жалпы мұндай отадан кейінгі шектеулер көп емес. Уақытылы дәрісін ішіп, күтініп жүрсе болғаны. Әрине, жүрек алмастыру отасын жасатқан адамның тұрмыстық жағдайы дұрыс болғаны абзал. Өйткені реципиентке күтім мен қатар қамқорлық, алға ұмтылдыратын жағдай керек, – дейді бас дәрігер. Білікті маманның айтуынша қазір сәтсіз шыққан ота жоқтың қасы деуге болады. Жүрек алмастыру отасы техникалық көрсеткіш бойынша отаның күрделісіне де жатпайды. Білікті маман 1 сағатта жасайтын көрінеді.

ҒАЖАЙЫПТАР АЛАҢЫ

Адамның басқа біреудің жүрегін кеудесіне салып, толыққанды өмір сүруінің өзі ғажайып емес пе? Дегенмен алмасқан жүрекпен қанша өмір сүретіні жайлы ортақ мәміле жоқ.
–Біз 10 жыл толыққанды өмір сүре алады деп айта аламыз. Дегенмен жаңа жүрекпен 20-25 жылдап өмір сүргендер жетерлік. Мысалы Францияда алмастырылған жүрегімен ширек ғасыр өмір сүріп, өзінің дәрігерінен артық жасаған – дейді Дархан Жорабекұлы.
Жүрек алмастыру саласында Испания үлкен жетістікке жеткен. Сонымен қатар, Бельгия мен Португалияның да көрсеткіштері мақтанарлық. Ал Беларусь пен Эстон елдерінде жылына 53-44 жүрек алмастыру отасы жасалынады екен.
Денсаулық сақтау министрінің бұйрығы бойынша әр азамат қайтыс болғаннан кейінгі ағза ауыстыру бойынша өз келісімін білдіре алады. Қазақстанда қайтыс болғаннан кейін ағза донорлығына келісімді немесе келіспеушілікті электрондық форматта беруге болады. Үш жылдан бері Egov.kz порталында «Трансплантаттау мақсатында ағзалардың, тіндердің қайтыс болғаннан кейінгі донорлығынан тірі кезінде бас тарту немесе келісім алуды тіркеу» бойынша автоматтандырылған қызмет енгізілді. Әрбір азамат электронды қолтаңба арқылы порталға кіріп өз келісімін де бере алады.

Байзақ АСЫЛБЕКОВ
Салтанат ЖАМАЛДИНОВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.