«МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ АДАЛ ЕҢБЕКТІ ТАЛАП ЕТЕДІ» Избранное

Среда, 22 Май 2024 04:58 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 4601 раз

Мемлекеттің іргетасы берік болу үшін бүкіл қоғам сана-сезімін өзгертіп, жаңашылдыққа ұмтылуы керек. Дегенмен, саяси пікірлер, қоғамдық көзқарастар алуан түрлі. Бірақ әрбір мемлекеттік қызметкер «мінсіз беделге» лайық болса, елімізде әділ қоғам орнайды. Осы ретте қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Ермек Дәрменовпен спорт саласындағы мемлекеттік қызметшілердің «мінсіз беделі» мен әдебі жөнінде сұхбаттастық.

Darmenov

 

– Ермек Аманжолұлы, мемлекеттік қызметшілердің «мінсіз беделі» дегенді өзіңіз қалай түсінесіз?
– Мемлекеттік қызметтегі «мінсіз бедел» ұғымын әркім әртүрлі түсінеді. Мемлекеттік қызметшінің міндеті – ең алдымен халыққа қызмет ету. Мемлекеттік қызметте өз ісін жетік меңгерген кәсіби білікті, адал да талантты және құқықбұзушылықтарға төзбейтін азаматтар ғана қызмет етуі тиіс деп есептеймін. Өз басым билікке келгендер үш қағиданы ұстанса, «мінсіз беделге» ие болар еді деп ойлаймын.
Мемлекеттік қызметші ең бірінші ар-намысын, абыройын биік қоюы керек. Намысты адам абыройын түсіретін қылыққа бармайды. Өкінішке қарай, мемлекеттік қызметшілер арасында сыбайлас жемқорлыққа жол беріп, қызметін асыра пайдаланып, түрлі қылмыстарға баратын жағдайлар кездеседі. Бірдің кесірі мыңға тиіп, мемлекеттік органда қызмет ететін барлық азаматтардың абыройына нұқсан келіп жатады.
Екіншіден, мемлекеттік қызметші заң білуі керек. Еліміздің Конституциясын, мемлекеттік қызмет туралы заң мен мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексі нормаларын, сыбайлас жемқорлық туралы, өз саласына қатысты заңдарды жақсы білген маман кез келген мәселеде әділ, оң шешім қабылдайды.
Үшіншіден, мемлекеттік қызметші өз саласын жетік білуі тиіс. Білікті маман жұмыста қателеспейді, сонымен қатар басқалардың да өзінен талап етілетін барлық нәрсені орындауын қадағалайды.
Өкінішке қарай, бүгінде мемлекеттік қызметке тек билікті, мансапты көздеп келетіндер көбейді. Олардың басым көпшілігі жастар. Мемлекеттік қызметке келгісі келе ме, ниетін түзулеу керек. Мемлекеттік қызмет адал еңбекті талап етеді.
Мансап қуу мен елге қызмет ету – екі бөлек ұғым. Мансап қуу, өсу жақсы, тек мансапқұмарлық пасықтыққа апарып соқпасын.

– Мемлекеттік қызметшілелер тарапына айтылатын сын көп. Кез келген дүниенің оңалмай жатқан келбетіне мемлекеттік қызметшіні кінәлау, «өй, шенеунік қой» дей салу халықтық қолданыста жиі кездеседі. Неге?
– Атқарушы биліктің жұмысын сынар алдында нақты дәлелдер болуы қажет. Сын шын болуы керек. Бір салаға қатысты проблема туындады ма, нақты зерттеп барып айт. Әйтпесе, соңғы уақытта мәселенің байыбына бармай, жөнсіз сынау белең алып кетті. Сондықтан сынның объективті әрі шынайы болғаны дұрыс.
Егер мемлекеттік қызметшілер әлдебір әдепке сай емес іс-әрекеті арқылы сынға ұшырап жатса, ондай мінез-құлық барлық мемлекеттік қызметшіге тән деген ұғымды білдірмейді. Алайда, бүгінгі таңда мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талап мемлекет тарапынан да, азаматтар тарапынан да күшейіп отырғанын естен шығармаған абзал.
Қоғамда орын алаған кез келген проблемаға халық атқарушы билікті кінәлайды. Бұл жағдайда мемлекеттік қызметшілер олқылық жіберген деп түсіну қажет. Яғни мәселеге қатысты үстірт жауап беру, жауапсыздық, созбалаңға салу, орындамаудың ақыры билікке деген ашу-ызаны тудырады.
Бүгінгі таңда әкімдік тарапынан халықпен тығыз байланыс орнату бойынша жұмыстар жасалып жатыр. Арыз-шағым түсіп, сын-пікір айтылса, тез арада жауап беру, шешу жолға қойылды. Тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізсек, мәселе шешіледі. Қазір ел ішіне шығу, ұсыныс-талаптарын тыңдау, қоғамдық қабылдауларлың арқасында көптеген мәселелер шешімін тауып, мемлекеттік қызметшілерге деген көзқарас өзгеріп, сенім артып келеді.

– Спорт саласы мамандарының мінсіз беделін қалыптастыру үшін қандай жұмыстар атқарылуда?
– Спорт саласының жұмысы көбіне спортшылардың әлемдік, халықаралық деңгейдегі жарыстардағы жетістіктерімен өлшенеді. Мәселен, Азия ойындарында қазақстандық спортшылардың алтын медальды аз алуына қатысты мониторинг жүргізілген болатын. Ел қоржынына түскен 10 алтын медальдың 5-ін Шымкент қаласының спортшылары алған. Қазақстан құрама командасы 20 күміс алса, соның 11-і – Шымкент қаласы спортшыларының үлесі.
Мониторингте тек медаль сандары ғана емес, кемшіліктер де табылды. Беделге нұқсан келтіретін азаматтарымыз анықталды. Өз жұмысына немқұрайлықпен қараған жаттықтырушыларды да көрдік. Мұның барлығы әркім өз ісіне сынмен қарау керек деген тұжырымға алып келді. Яғни, тек жетістіктерге қуана бермей, нәтижесіз әрекеттерді бағамдауымыз керек. Жетістікке жету жолында қанша қаражат бөлінді, қалай игерілді, есебін білу керек.
Кемшіліктерге жол беретіндер, өкінішке қарай, біздің салада да кездеседі. Заң аясында шара қолданып, жұмыстан шығарылатын жәйттер де болып тұрады. Бірі білмей қателікке ұрынады, бірі біліп тұрып қателік жасайды. Жұмысқа немқұрайлықпен қарайтындар бар. Бірақ әрбір жұмыстың артында спортшының, адамның тағдыры тұрғанын ұмытпауымыз керек.
Әрбір маман мемлекеттік қызметке кірген кезде өзінің мемлекеттік саясатты ұстануға және оны дәйекті түрде жүзеге асыруға дайын екендігі туралы ант береді. Сондықтан мемлекеттік қызметшілер берген анттарына адал болса, халықтың мүддесін бәрінен жоғары қоя білсе, жүктелген міндеттемелерді адал орындаса, «мінсіз беделге» ие болады деп ойлаймын.

Гүлжауһар БАЖАҚАЙ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.