ЖОЛ КАРТАСЫ ЭКОЛОГИЯДАҒЫ ТҮЙТКІЛДІ МӘСЕЛЕНІҢ ТҮЙІНІН ТАРҚАТАДЫ Избранное

Пятница, 28 Июль 2023 04:29 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 8007 раз

Шымкент қаласының негізгі экологиялық проблемаларының бірі – атмосфераның ластануы, дейді сала мамандары. Ауаны ластаушылар негізінен, қала аумағында орналасқан ірі кәсіпорындар, автокөліктер және қатты отын қолданатын қазандықтар. Шаһарда зауыттар мен өндіріс орындарынан пайда болған экологиялық мәселелерді шешу мақсатында осы жылдың сәуір айында Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрі мен Шымкент қаласы әкімінің тарапынан жаңадан өзгеріс енгізілген «Шымкент қаласының экологиялық мәселелерін кешенді шешу бойынша жол картасы» бекітілді. Қала экологиясының бүгінгі жай-күйі, жол картасының маңыздылығы жайында Шымкент қаласы экология департаментінің басшысы Ермахан ҚОЗЫБАЕВПЕН сұхбаттасқан едік.

667

 

–Ермахан Тастанбекұлы, алдымен жыл басында бекітілген «Шымкент қаласының экологиялық мәселелерін кешенді шешу бойынша жол картасының» маңыздылығын түсіндіріп берсеңіз...

–Елімізде «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы аясында, атмосфераға ластаушы заттар шығарындыларды 2025 жылға дейін 20 пайызға төмендету көзделіп отыр. Осы мақсатта жыл басында жол картасы бекітіліп, қаланың экологиясын жақсартуда маңызды іс-шараларды түзген болатын. Атап айтсақ, «ПетроҚазақстанОйлПродактс» ЖШС-ның санитарлық қорғау аймағын көгалдандыру үшін жер учаскелерін анықтап заңды түрде рәсімдеу, нөсер жауын канализациялық жүйесінің құрылысы, коммуналдық қалдықтарды бөлек жинау үшін инфрақұрылым құру, құрылыс қалдықтарын қайта өңдеу инфрақұрылымын құру, қала аумағынан ағып өтетін өзендердің су қорғау аймағы мен белдеулерін бекіту қарастырылған. Сондай-ақ, Қошқарата өзенін абаттандыру және басқа да қаладағы экологиялық проблемаларды шешуге бағытталған іс-шаралар енгізілген. Жол картасының орындалу деңгейі Министрліктің бақылауында тұр.

–Қаламызда экологияны жақсарту мақсатында жыл басынан бері қолға алынған іс-шараларға тоқталып өтсеңіз...

–Шымкент қаласы бойынша экология департаменті – мемлекеттік экологиялық бақылау, экологиялық реттеу, зертханалық-талдамалы бақылау қызметтерін көрсетеді. Мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімі 2023 жылдың 6 айында 5 жоспардан тыс тексеру жүргізіп, 20 әкімшілік іс қозғады. Жалпы сомасы 7 млн теңгеге жуық айыппұл салынып, 1 ескерту берілді. Өткен жылдың 6 айында 31 тексеру жүргізілген, оның ішінде 17-сі жоспардан тыс, 6 профилактикалық тексеру, қалған 8-і біліктілік талаптарына сәйкестігі бойынша тексерулер. 41 млн теңгеге жуық 139 әкімшілік айыппұл салынды. Соттың қаулысымен экологиялық рұқсатсыз жұмыс істеген 2 кәсіпорынның қызметі тоқтатылды. Қазіргі таңда 3 кәсіпкерлік субъектісіне жоспардан тыс тексеру тағайындалып, жұмыстар жүргізілуде.

– Құқық бұзған кәсіпкерлер немесе жеке тұлғалар қандай талаптарды бұзып отыр. Жоғарыда айтып өткен айыппұлдар кімдерге салынды?

– Заңсыз жер қойнауын пайдалану дерегі бойынша 3 жеке тұлғаға жалпы сомасы 198 мың теңгені құрайтын әкімшілік айыппұл салынды. Әл-Фараби ауданы аумағында санитарлық тазалау жұмыстарын өз деңгейінде ұйымдастырмағаны үшін аудан әкімдігінің лауазымды тұлғасына әкімшілік жауапкершілік қаралды. Қаратау және Әл-Фараби аудандары аумағында жеке кәсіпкер Вейсалидзе, «ШымкентСпецКомплекс» және «Спецавтотранспорт» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері тұрмыстық қатты қалдықтарды шығаруды, тасымалдауды өз деңгейінде ұйымдастырмағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қазіргі таңда, ҚР Бас прокуратурасының тапсырмасы негізінде, Шымкент қаласының Тұран, Абай, Еңбекші, Қаратау және Әл-Фараби аудан прокуратураларының Қаулысымен жолаушылар тасымалын және техникалық тексеруді жүзеге асыратын 17 автопарктерге тексеру тағайындалып, департаменттің мамандары тексеріске қатысуда.

–Әңгіме барысында тұрғындардан келіп түсетін арыз-шағымдар негізінде рейдтер ұйымдастыралды дедіңіз. Бұл тұрғыда тұрғындар қандай мәселе бойынша өтініштерін жеткізуде?

–Көктем, жаз мезгілінде әсіресе түнгі уақытта мерзімдік өзгерістерге байланысты жағымсыз иістің пайда болуына шағым көбейеді. Ластау көзін анықтау үшін 2023 жылдың мамыр айында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Н.Ергешбекпен жұмысшы топ құрылып, түнгі кезекшіліктер ұйымдастырылған. Жұмысшы топ құрамында 14 мекеме, атап айтқанда, Шымкент қаласы бойынша экология департаменті зертханасымен, қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы, Еңбекші ауданы әкімі аппараты, «Казгидромет» РМК-ның Түркістан облысы бойынша филиалы, кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы, санитар, төтеншеліктер, полиция өкілдері бар. Аталған топ түнгі сағат 23:00-ден 03:00-ге дейін қала аумағында кезекшілік атқарады. Кәсіпорындардың басым бөлігі индустриалды аймақтарда шоғырланғандықтан мониторинг жұмыстары осы аймақтарда жүргізіледі. Кезекшілік уақытында «Оңтүстік» және «Ордабасы» индустриалды аймақтарында орналасқан метал балқыту зауыттарының және медициналық қалдықтарды залалсыздандыратын кәсіпорындарының санитарлық қорғаныш аймағынан атмосфералық ауаға аспаптық сынама алу нәтижесінде, ластаушы заттардың шекті мөлшердегі концентрациядан асу фактілері анықталды. Жылдың басынан индустриялық аймақта 4 кәсіпорынға тексеру аяқталып, тиісті әкімшілік шара қабылданды.

668


Көктем мезгілінде Ынтымақ шағынауданы тұрғындарынан жағымсыз иіс бойынша «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-нің кәріз суларын тазалау қондырғысына шағымдар түскен болатын. Жүргізілген тексеру нәтижесінде жалпы сомасы 995 мың теңгеден астам 2 айыппұл салынып, анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұйғарым жолданды. «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-і тарапынан кәріз суларын тазалау қондырғысының аумағынан шығатын жағымсыз иісті болдырмау мақсатында мерзімдері көрсетілген іс-шара жоспары әзірленіп, департаменттің келісімімен бекітілді. ҚР Үкімет басшылығы мен Министрлік тарапынан бей-берекет қоқыс орындарын жою жұмыстарына үлкен көңіл бөлінуде. Департамент мамандарымен аумақтарды аралау арқылы сәуір айынан осы күнге дейін қала аумағында 22 қоқыс орны анықталды. Барлық қоқыс орындары аудан әкімдіктерімен уақытылы тазартылды. Әкімдік мамандары бірден тиісті техникаларды жұмылдырып, қысқа уақытта тазалауды ұйымдастырып отыр. Департамент және аудан әкімдіктерінің мамандары қоқыс үйінділерін анықтау, зерделеу жұмыстары жүргізуде. Қазіргі таңда Тұран ауданы бойынша 2 қоқыс орны толық тазаланды.

–Атмосфералық ауа деңгейінің ластануы тұрғындарды қатты алаңдатады. Осы тұрғыда маман ретінде ауа тазалығына қандай баға бере аласыз. Яғни, тұрғындардың алаңдауына негіз бар ма?

–Шымкент қаласының атмосфералық ауасының жағдайына «Казгидромет» мекемесінің 6 стационарлық бекеттері арқылы мониторинг жүргізіледі. Ластану 4 деңгеймен сипатталады: ластанудың өте жоғары деңгейі, жоғары деңгейі, көтеріңкі деңгейі және төменгі деңгейі. 2023 жылдың 1-тоқсанында атмосфералық ауаның ластану деңгейі көтеріңкі болып бағаланды. Қала ауасы 2019 жылдан бері ластанудың жоғары деңгеймен сипатталып келген болатын. Қазір жағдай біршама тұрақталды. Статистикалық мәліметке сәйкес, 2018 жылдан бастап 2020 жылға дейін тұрақты көздерден ауаға ластаушы заттардың шығарындылар көлемі 33,41 мыңнан 29,55 мың тоннаға дейін төмендеуі байқалса, 2021 жылы шығарындылар 33,16 мың тоннаға көтерілген. Бұл жағдайды біз пандемиядан кәсіпорындардың толық куатқа шығуымен және жаңадан өндірістердің іске қосылуымен байланыстырып отырмыз.Автөкөлік шығарындылары 2019 жылы 40,40 мың тонна болса, 2020 жылы 46,7 мың тонна, 2022 жылы 56,97 мың тоннаны құрады. Қалада 370,6 мыңға жуық көлік бірлігі тіркелген. Оның ішінде, жеңіл көлік – 317,3 мың бірлік, жүк көліктері – 29,6 мың, автобустар – 6,52 мың бірлік.
Бұл бағыттардағы жұмыстарды жандандыруда жол картасы аясында бірқатар жұмыстар қолға алынған. Қазіргі таңда жеке секторды газдандыру мен қоғамдық көліктерді сығымдалған газ пайдалануға өткізу жүзеге асырылып жатыр. Қала тұрғындарын кәріз жүйесімен қамтуда инфрақұрылымдық жұмыстар қарқынды жүріп келеді. Себебі, тұрмыстық ағынды су үй маңындағы қазылған шұңқырға төгіліп, бұл жерасты және жерүсті суын ластайды. Қазір қаладағы 81 шағын ауданның 24-і канализациямен қамтамасыз етілген.

–Әңгімеңізге рахмет!

Гүлнұр СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.