Агросала – экономиканың элеваторы Избранное

Среда, 24 Февраль 2021 03:39 Автор  Опубликовано в Экономика Прочитано 6383 раз

Шымкент республикада үшінші мегаполис болғанымен ауыл шаруашылығы саласы экономикалық өсім беретін басты салаларының бірі болып қала бермек. Бұған қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Нұрсұлтан КЕНЖЕБАЕВПЕН болған сұхбат барысында көз жеткіздік.

130

 

–Нұрсұлтан Садықұлы, өткен жылы ауыл шаруашылығы саласы бойынша қандай жұмыстар атқарылды? Биыл қандай жоспарлар күтіп тұр?

131


–Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халыққа арнаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында ауыл шаруашылығын жетекші салаға айналдыру керектігі жайлы тапсырма берген. Осыған байланысты бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы саласы бағытындағы жұмыстар Жолдаудағы тапсырмаларды орындау мақсатында іске асырылуда. Нақты сауалға көшсек, қаланың ауыл шаруашылығына жарамды жерлері 62,6 мың гектар құрайды. Сонымен қатар қалада 75,9 мың бас ірі қара мал, 101,2 мың қой мен ешкі, 14,2 мың жылқы, 29 бас түйе, 1 млн 111 мың бас құс, 3,8 мың бас шошқа бар. Егістікке жарамды 39,5 мың гектар жердің 2020 жылы 27,9 мың гектары немесе 70,6% игерілді. Бұл 2019 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1,2 мың гектарға артық егілді. Сондай-ақ, жаңадан өнеркәсіптік үлгідегі 11,7 гектар жылыжай және 15 гектар қарқынды алма бауы егілді. Мал шаруашылығында жалпы құны 2,5 млрд. теңгені құрайтын 8 жоба іске асырылып, жаңадан 75 жұмыс орны ашылды. Нәтижесінде 14,5 мың тонна ет, 47 мың тонна сүт, 161,9 млн. дана жұмыртқа өндірілді. Шымкент қаласының 2017-2020 жылдарға арналған даму бағдарламасына сәйкес 5 негізгі индикаторлар бекітіліп, толықтай орындалды. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 36,1 млрд. теңгеге жетті. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 4,9 млрд. теңгеге артық. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорт көлемі 153,4 млн. АҚШ долларын құрап, өткен жылмен салыстырғанда 105,0% немесе 6,9 млн. АҚШ долларына артты. Бөлшек сауда көлемі 414.7 млрд.теңгені құрады. Ауыл шаруашылығы және тамақ өнімдерін өндірудегі негізгі капиталға қаңтар-желтоқсан айларында 7,6 млрд.теңге инвестиция тартылып, 1,7 есеге көбейді. Салада жалпы құны 5,3 млрд. теңгені құрайтын 10 инвестициялық жоба толығымен іске қосылды. Биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 2020 жылмен салыстырғанда 1,4 мың гектарға артып, 29,3 мың гектарға егіледі. Өткен күз мезгілінде 4,1 мың гектарға егін егілді, биыл көктемде 25,2 мың гектар жерге дақылдар егілетін болады. Нәтижесінде 70 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімдерін жинаймыз деп отырмыз. Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге 1 000 тонна дизель отыны бөлінді. Сонымен қатар құны 16,3 млрд. теңгені құрайтын 32 инвестициялық жобаны іске асыру және 1700-ге жуық жаңа жұмыс орындарын ашу көзделуде. Оның ішінде 18 гектар жылыжай кешенін салу, 241 гектар жерге алма бауын егу, қуаттылығы сағатына 3 тоннаны құрайтын ірі жеміс – көкөніс қайта өңдеу кәсіпорнын ашу, 2 құс фермасы, 10 ірі қара мал бордақылау алаңы, 2 тауарлы сүт фермасы және 2 балық шаруашылығы жобалары бар. Сонымен қатар 2 бірдей агро-индустриалды аймақты іске қосу бойынша жұмыстар жүргізіледі.

–Осы аталған агро-индустриалды аймақтар туралы кеңірек айтып берсеңіз?
– Оның біріншісі көліктік-логистикалық орталық маңындағы 136 гектар аумақтағы заманауи өнеркәсіптік жылыжай кешендері. Оларды салуға арнайы жер бөлініп, І кезеңде жалпы құны 9,4 млрд. теңгені құрайтын 30 гектар өнеркәсіптік жылыжай кешенін салуға ниетті 8 инвесторға жер 12 жылға жалға берілген. Кешен құрылысының жұмыстары осы жылы аяқталып, 450 тұрақты жұмыс орындары ашылады деп күтілуде. Ал ІІ кезеңде жалпы құны 21 млрд. теңгені құрайтын 20 жоба жүзеге асырылып, 60 гектарға жылыжай салынатын болады.
Екінші агро-индустриалды аймақ Қайнарбұлақ тұрғын алабы аумағында орналасқан. Онда ауыл шаруашылығы өнімдері терең өңделеді. Бұл кешен «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриалды аймағы деп аталады. Оны құру жұмыстары мемлекет тарапынан қолға алынып, есеп бойынша құны 22 млрд.теңгеге 21 жобаны іске асырылу және 1,8 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Биыл І кезеңге сәйкес жалпы құны 6,7 млрд. теңгені құрайтын 6 жоба іске асырылмақ. Соның нәтижесінде 14,6 мың тонна ет, 47,4 мың тонна сүт, 165 млн дана жұмыртқа, ал егін шаруашылығы бойынша 70 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімдері өндіріліп, жалпы өнім көлемі 37 млрд теңгені құрайды.

–Жеке қосалқы шаруашылықты дамыту, субсидия төлеу мәселесі бойынша да тоқталып өтсеңіз?
–Қаланың 4 ауданы бойынша бірігіп семинарлар өткізіп жатырмыз. Онда жеке қосалқы шаруашылықты қолға алу мәселесін тұрғындарға жан-жақты түсіндіреміз. Мұндай жиындар Шымкенттің Абай, Әл-Фараби, Қаратау, Еңбекші аудандарында тұрақты өткізіліп тұрады. Семинар барысында үйіргелік жерге мал ұстауға болатынын егін салуға мүмкіндік барын айтамыз. Және де 10 үй брігіп, кооператив құруға болатынын көрсетеміз. Әрқайсысы 30 бұқадан бордақыласа, 300 бұқаға арналған үлкен мал бордақылау шаруашылығын құруға болады. Сонымен бірге оларға несиені қайдан алуға болатынын түсіндіреміз. Мәселен бұл бойынша қалада Ауыл шаруашылығын қолдау қоры, Агрокредиттік несие корпорациясы және тағы да басқа микроқаржы ұйымдары жұмыс істейді. Кооперация негізінде биыл бірнеше шаруашылықтар құрылады деген жоспар бар. Субсидияға келсек, оның түрі көп. Мәселен, егін егіп болған соң тыңайтқышқа кеткен шығынның жартысын өтеу үшін субсидия төленеді. Тұқым шаруашылығында көшет, тұқым сатып алуға жұмсалған шығынның жартысы өтеледі. Сонымен бірге жылыжай салғандарға, мал бордақылау алаңдарын ашқандарға, құс фабрикасы жобасын іске асырғандарға инвестициялық субсидия есебінен кеткен қаражаттың 25 пайызын өтеп береді. Еуропа, АҚШ-тан сатып әкелген сүтті бағыттағы асыл тұқымды ірі қара 50 бастан асса, әр басқа 400 мың теңгеден субсидия беріледі. Етті бағыттағы малға да субсидия қарастырылған. Ал 50 бастан асқан малдың әр басына жемшөпке кеткен шығынын өтеу мақсатында 30 мың теңгеден субсидия төленеді. Ұсақ малға да аналығы 300 бастан асса субсидия тағайындалады. Жылқы малын ұстаушылар да мемлекет жәрдемақысын ала алады. Малды асылдандыруға, селекциясына кеткен қаражатты өтеу үшін де қомақты субсидия көзделген. Биыл мал шаруашылығы бағытында 102 шаруашылыққа субсидиялар төленді.

–Малды қолдан ұрықтандыру пунктерінің жұмысы қалай болып жатыр?
–Жасыратыны жоқ бүгінде мұндай пунктер жұмыс істеп тұрған жоқ. Өйткені ол тиімсіз болып қалды. Себебі қазір жеке қолдан ұрықтандырушы мамандар өздері тұрғындардың үйіне барып, қолдан ұрықтандырып береді. Олар сол үшін мемлекеттен субсидия алады. Яғни малды ұрықтандырғаны үшін тұрғындар оларға ешқандай ақы төлемейді. Еңбекақыны төлеу оларға субсидия арқылы жүргізіледі. Тұрғындар зоотехник мамандарға телефон арқылы қоңырау шалып шақырады. Сол себепті малды қолдан ұрықтандыру пунктерінің қазіргі таңда қажеті болмай қалды. Шымкентте мал басын асылдандыру ісі жоғары қарқында жүргізіліп жатыр. Бұлай дейтініміз, қалада жайылым жер жоқ, сондықтан тұрғындар малдарын үйде немесе арнайы мал бордақылау алаңдарында ұстайды. Мал бір жерде тұрғандықтан қала тұрғындары олардың тұқымына, өнімділігіне баса бөліп бөле бастады. Сол үшін де бүгінде шетелден асыл тұқымды мал сатып әкелу үрдісі қарқын алып келеді. Бұл бойынша алдағы уақытта іске асыруды жоспарлап отырған бірнеше жобаларымыз бар. Соның бірі Еңбекші ауданына қарасты Сайрам тұрғын алабында бір шаруа шетелден сүтті бағыттағы 500 аналық бас мал сатып әкелуді көздеп отыр.

–Әңгімеңізге рахмет.