Төл теңге – тәуелсіздіктің символы Избранное

Среда, 14 Ноябрь 2018 04:56 Автор  Опубликовано в Экономика Прочитано 5486 раз

Егеменді еліміздің жылнамасындағы ең маңызды оқиғалардың бірі – 1993 жылдың қараша айында теңгенің айналысқа шығарылуы.

70

 

Президент «Алтын» деген атау ұсынған

Бұл еліміздің тәуелсіздігін нығайту жолындағы түбегейлі әлеуметтік-экономикалық реформаларды жүзеге асыру үшін қажетті тарихи қадам болды. Төл теңгеміз пайда болғалы жүргізіліп келе жатқан мемлекеттің тізбекті қаржылық саясатының негізінде елімізде нарықтық институттар макроэкономикалық тұрғыдан тұрақталып, біртіндеп қалыптаса бастады.
Өз ақша бірлігімізді енгізу – бүгінгі таңда қол жеткізген экономикалық табыстардың негізін қалады. Мұның дұрыстығы қаржы-несие секторының белсенді дамуымен және теңгенің тұрақтылығымен айқын дәлелденді.
1992 жылы 26 шілде күні Ресей өзінің төл валютасын енгізгеннен бастап, өзге елдердің, соның ішінде «рубль аймағындағы» Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан сияқты елдердің қаржылық жүйелерін бөліп жібергендігін хабарлады. Сондай-ақ, Ресей Орталық банкі Қазақстанға қазақ нышандары бар рубльді шығарып беруді ұсынды. Сонымен қатар, олардың мынадай талаптары болды: біріншіден, рубльді пайдалану үшін Қазақстан Ресейдің құрамына, Ресей Федерациясының субъектісі ретінде енуі керек; екіншіден, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жинаған небәрі 700 млн.-нан астам АҚШ долларындағы алтын-валюта резервін Ресейдің орталық банкіне тапсыруы керек. Қорыта айтқанда, олар өз рублін Қазақстан тәуелсіздігімен алмастыруды ұсынды. Сол кезден бастап, Қазақстанда
КСРО-ның рубльдері ғана айналыста қалды және өзге рубльден бөлінген аймақтардан олардың келуіне шек қойылмады. Ақыры, оған дейін құнсызданған рубль әрі қарай құнсызданып, инфляция қарқыны 2900 пайыздан асты. Міне осындай келеңсіз оқиғалардың орын алуы Қазақстанның төл валютасын шығаруға еріксіз жол сілтеді.
1992 жылы бірден жаңа Ұлттық валютаны енгізу туралы шешім қабылданды. Құрамына жоғары дәрежелі мамандар Меңдібай Әлин, Тимур Сүлейменов,
Ағымсалы Дүзелханов және Хайролла Ғабжалилов кірген арнайы комиссия құрылып, жаңа валютаны әзірлеу жұмысына кірісіп кетті.
Дизайнерлердің жаңа валюта кескінін әзірлеу жұмыстары Алматы қаласында ерекше құпия жағдайда жүргізілді. Бұл туралы дизайнерлерден басқа мемлекет басшылығындағы санаулы адамдар ғана білген.

Жаңа валютаның атауына қатысты да бірқатар ұсыныстар болған. Елбасы Н.Назарбаев «Алтын» атауын ұсынды. Кейін жаңа ақшаны «теңге» деп атау туралы шешім қабылданды. «Теңге» сөзі бастауын орта ғасырлардағы түркі мемлекеттерінің күміс ақшасы «денге», «таңғадан» алады. Осы сөз орыстың «деньги» сөзіне де арқау болғанын айта кету керек.
«Ұлттық валюта ретіндегі теңге, біздің еліміздің тарихында өзінің рөлін тәуелсіздіктің экономикалық негізі ретінде ғана атқарған жоқ. Кейбір жағынан алғанда теңге – бұл тарихымыздың өзінің толымды бір бөлігі, өз заманының нысаны» – деді Н.Назарбаев.
Қазақ теңгесінің алғашқы қағаз бетіне түскен кескіндемелері жазушы Олжас Сүлейменовтің саяжайында дүниеге келген. Елбасы өзінің «Қазақстан жолы» еңбегінде теңге операциясы жөнінде былайша еске алады: «Мен күн сайын кешке қарай біздің топ жұмыс істеп жатқан қала сыртындағы саяжайға келемін. Ақшаның қалай аталуы жөнінде бізде үлкен айтыс болды. Оларды «сом», «ақша» немесе «теңге» деп атау ұсынылды. Менің өзіме «алтын» атауы ұнады. Ақыр аяғында, орта ғасырлық тарихтан, Қыпшақ даласының жерлерінде айналымда болған «тәңгә» деген құйма, ақшадан шығарып «теңгеге» тоқтадық. Шынында да «деньги», «теңге» сөздерінің түп-төркіндері бір еді».

Құпия операция. Қуанышты қараша

1992 жылы тамыздың 27-сі Ұлттық банкте теңге купюрасының үлгілерін бекіткен дизайнерлер тобы Англияға аттанды. Елімізде ақшаны бастыратын фабрика жоқ болатын. Тіпті, құнды қағаз бастыратын қаржы да тапшы болатын. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ол кезеңді «Президенттің үлкен ойыны» фильмінде «Шетелдерге бару үшін ұшаққа жанармай, аэропортты жалға алу үшін қаржы жоқ еді» деп еске алады. Осындай кезеңде елімізде қаржылық реформа жүргізіліп, ұлттық валютаның қажетті қаражаттық инфрақұрылымын жасау қолға алынды. Теңге Ұлыбританиядағы «Харрисон және оның ұлдары» деп аталатын банкнот фабрикасында басылды. Ал, алғашқы металл монеталар Германияда әзірленді.
Бұдан кейінгі жағдайды Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың сөзімен айтқанда: «Жеті миллион доллар тауып, ақшамыздың қалған бөлігін шығаруға қажетті шығынды төледік. Төрт «Ил-76» ұшағын жалдап алып, ақшамыздың 60 пайызын тасып әкелдік. Бұл өте құпия операция еді. Құжаттарға: «Мемлекет басшысының салынып жатқан резиденциясына керекті мүлік» деп жазылды. Оған дейін облыстарда жерасты қойма жасатып қойдық. Төрт ұшақ аптасына Лондон-Орал, одан облыстарға дейін әрлі-берлі он сегіз рейс жасап тұрды. 12 қарашаны мен ақшаны енгізу күні деп жарияладым. Жиырма күнге жетер жетпес уақыт қалды. ҰҚК басшыларының бәрін операцияны өткізуге жұмылдырдым. Ең қиыны – ақшаны барлық аудандарға, барлық банкілерге жеткізу. Ол сегіз күннің ішінде атқарылып шықты. Бәлкім дүние жүзінде жаңа ақшаны енгізу тап осындай тез әрі табысты жүзеге асырылған жоқ шығар» деп сонау 1993 жылдарды еске алады Елбасы Н.Ә. Назарбаев.
1993 жылы 1-і қарашада Ұлттық банктің облыстардағы филиалдарына «Х» күні ашылады деген құпия конверттер жетті. Ал, араға үш күн салып Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен ұлттық валюта – теңгені енгізу бойынша мемлекеттік комиссия құрылды. 1993 жылы 3 қарашада Президенттің Жарлығымен құрылған Ұлттық валютаны енгізу жөніндегі мемлекеттік комиссия ұлттық валютаны енгізудің тұжырымдамасын дайындады. Бұл құжатта жаңа валютаның енгізілу мерзімі, тәсілі, жаңа валютаны айырбастау пункттеріне жеткізу мәселелері, қолма-қол ақшаны айырбастау коэффициенті мен лимиттері, валюта бағамын қалыптастыру және басқа маңызды мәселелер айқындалды. 1993 жылы 12 қарашада «Қазақстан Республикасының Ұлттық валютасын енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы шықты. Онда «Қазақстан Республикасының аумағында 1993 жылы 15 қарашада сағат 08.00-ден Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы – теңге айналымға енгізілсін; 1993 жылғы 18 қарашада сағат 08.00-ден бастап теңге Қазақстан Республикасының заңды төлем құралына айналады. Теңге 100 тиыннан тұрады. Қазақстан Республикасындағы қолдағы ақша банкноттар мен монеталар түрінде айналыста болады» – деп көрсетілген. Ең бірінші бағамы 1 АҚШ долларына 4,75 теңге болды. Әр теңге 500 рубльге ауыстырылды. Сөйтіп, 1993 жылдың 12 қарашасында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасы аумағында ұлттық валютаның енгізілуі туралы шешім қабылданып, 15-18 қарашада КСРО-ның 1961-1991 жылдарда шығарылған рубльдерін ұлттық валютамыз теңгеге айырбастау шаралары жүзеге асты.
Қарашаның 13-і барлық газеттер жаңа валютаның суреттерін берді. Ақша купюрасы теңге мен қағаз тиындар, ауыстыру тәртібі туралы республикалық, облыстық баспасөздер хабарлап жатты. Ал қарашаның 15-інен 20-сына дейінгі мерзім сомды теңгеге ауыстыру үшін берілді. Тура алты күнде халық қолдағы ақшасын тәуелсіз елдің валютасына айырбастауы керек еді. Қағаз ақшасын қапшықтап жинаған азаматтар енді теңгенің кезегіне тұрды. Бұл күндер әр тұрғынның есінде. Қобыраған «шөп ақшаны» жинап, сақтағанды шығарып, қолға жаңа купюраны көргендер төл теңгені бірнеше күн қызықтаған. Ағартушы Әл-Фараби, күйші Сүйінбай, ғалым Шоқан Уәлиханов, ақын Абай, Әбілқайыр хан бейнеленген теңге халықтың арасына ене берді. Ұлттық банктің облыстық басқармасы, екінші деңгейлі он екі банктің филиалдары, есеп айырысу кассалары тәулігіне 19 сағатқа дейін тұрғындар қаржысын ауыстырып жатты. Ескі ақша түні бойы есептеліп, сұрыпталып, жөнелтуге даярланды. Жұмыстың ең ауыры облыс орталығындағы есеп-касса орталықтарына түсті. Бұл ұжым алты күннің ішінде 8 миллиард рубль ескі ақшаны қабылдаған. Осы күндері ақша тапсыруға 362 мың тұрғын келген. Тұрғындар 19,6 миллиард ескі рубль жинаған. 770 қапқа салынған 20 тонна рубль отқа жағылды. 1993 жылы қарашаның 22-сінде зейнетақы мен еңбекақы теңгемен беріле бастады.

Теңгеде еліміздің тарихы таңбаланған

Елімізде валюта айырбастау пункттері ашылып жатты. Кейін Алматы қаласында Ұлттық банктің Банкнот фабрикасы, Өскеменде Монета сарайы ашылды. Уақыт талабына сай теңгенің дизайны өзгерді. Бүгінде купюралардың қорғаныштық қасиеті дамыған елдер валютасымен бәсекелесе алады. Республикада ақша айналысындағы монетамен қатар мерейтойлық және ескерткіш монеталар да қолданылады. Мерейтойлық және ескерткіш монеталар оларда белгіленген құнға сәйкес төлем қабілетіне ие, бірақ олар негізінен мәдени-ағарту мақсатында шығарылған. Әдеттегідей олар қатаң шектеулі таралыммен шығарылады және Қазақстан Республикасының аумағында және шет елдерде коллекциялық құнымен сатуға арналған.
Төл теңгеміздің ең алғашқы банкноталары еліміздің тариxын мейлінше терең таныта білген банкноталар болды десек қателеспейміз. Теңгенің қасбеттеріне еліміздің мәдени, саяси өмірінде өшпес із қалдырған тариxи тұлғалардың бейнесі басылса, сырт тұсына кең байтақ жеріміздің сұлу табиғаты мен тариxи сәулет нысандары енді. Банкноталардың дизайнын жасау барысында тариxи тұлғалар таңдалып болғаннан соң, суретшілер екінші мәселеге тап болды. Енді ол тұлғалардың шынайы түр-бейнесін табу керек. Қиындығы сол, тариxи тұлғалардың басым бөлігінің суреттері болмады. Мысалы, Әл-Фарабидің бейнесі қандай болғанын ешкім білмейді. Өз уақытында бұл сурет КСРО Ғылым академиясының стандарты болып бекітілген. Алайда оның өзін ғалымдардың шығармаларынан, мұрағаттан іздеп табу қиынға соқты. Әбілxайыр xанның суреті ағылшын саяxатшысы Аткинсонның жұмыстарынан табылды. Ал Абылайxанның бейнесі орыс көздерінен алынды. Сүйінбай тұлғасы қазақ сурет өнерінің негізін қалаушы Әбілxан Қастеевтен келді.
2006 жылы 15 қараша күні ұлттық валютамыздың жаңа дизайнмен әрленген 200, 500, 1000, 2000, 5000 және 10000 теңгелік банкноттары айналымға шықты. 2016 жылы 20000 теңгелік банкнот айналымға енгізілді. Дизайн мемлекеттік рәміздерді, еліміздің сәулет нысандары мен табиғи ландшафтарын бейнелей отырып, Қазақстанның осы заманғы бейнесін береді. Қолайлылық үшін номиналдарды сандық және жазбаша белгілеулер ірі қаріптермен басылған. Нашар көретін адамдар үшін банкноттарда әр жеке номиналға тән жоғары бедерлі арнаулы элементтер пайдаланылған.
Банкноталардың бет жағында орталық бөлігінде «Астана-Бәйтерек» монументі – қазіргі заманғы қазақстандық сәулеттің, конструкторлық және инженерлік ойдың жетістігі, тәуелсіз Қазақстанның даму нышаны орналастырылған. 2010 жылы Қазақстанның ЕҚЫҰ төрағалық етуіне арналған 1000 теңгелік, «Азиада 2011» Жетінші қысқы Азиада ойындарына арналған номиналы 2000 теңгелік, 2011 жылғы 25 мамырдан бастап Ислам конференциясын ұйымдастыруға Қазақстанның төрағалық етуіне арналған номиналы 1000 теңгелік, 2011 жылғы 4 шілдеде Қазақстанның Ұлттық банкі республиканың тәуелсіздігіне 20-жыл толу қарсаңында номиналдық құны 10000 теңгелік, 2011 жылғы 4 шілдеде айналысқа жіберілген Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған номиналдық құны 10000 теңгелік, 2011 жылы 30 желтоқсанда айналысқа жіберілген «Қазақ елі» монументі бедерленген 5000 теңгелік, 2013 жылғы 29 наурызда Ертіс өзені бейнеленген Қазақстан картасының сұлбасы бар 2000 теңгелік, 2013 жылдың 12 желтоқсанында «Kүлтегін» түркі жазба ескерткішіне арналған номиналы 1000 (бір мың) теңгелік ескерткіш банкнотты айналысқа шығарды.
Қазақстан теңге сарайы (ҚТС) Берлинде (Германия) беделді Монеталар сарайы көрмесінде жоғары бағаланатын монеталарды шығарады және оған деген мамандар мен коллекционерлер арасындағы қызығушылық күннен-күнге өсіп отыр.Қазақстан теңге сарайы IS0-9001:2000 халықаралық стандарт бойынша сапа менеджменті жүйесін ендірді және монета өнімдері мен мемлекеттік наградаларды шығаруға сертификаттар алды. Кәсіпорындар үшін шығарылған наградалар ең үздік әлемдік стандарттарға сәйкес келетін зергерлік өнердің тамаша үлгілері болып табылады. Басқа орталық банктерден монеталар дайындауға алынған тапсырыстан басқа, ҚТС бірнеше халықаралық монеталар бағдарламасына, оның ішінде Олимпиада ойындары мен футбол бойынша әлем чемпионатына арналған бағдарламаға катысуға шақыру алды. Соңғы жетістіктер ретінде биколорлы монеталарды, эмалы бар proof сапасындағы күміс монетаны, ұлттық валютаны енгізуге 15 жылдыққа арналған салмағы 1 кг номиналы 50 000 теңге күміс және алтын бірегей монеталар шығаруды меңгеруді атап етуге болады.
1993 жылы Алматыда құрылысы басталған банкнот фабрикасы 1995 жылы толық аяқталды. 1995 жылы 19 мамырда ресми ашылу рәсімі өтті. Нұрсұлтан Назарбаев осында басылып шыққан алғашқы миллион теңгені бүкіл Қазақстанға көрсетеді. Қазір Тәуелсіз Қазақстан төл валютасын өз елімізде басып шығарады.
Ұлттық валюта – теңге банкноты және монета түрінде айналысқа енгізілді. Банкнота – Ұлттық Банктің Алматы қаласындағы Банкнот фабрикасында, ал монета Өскемендегі монета сарайында дайындалып шығарылады.
Қазақстанның ақша сарайы металл тиындарды шығаруға дайын болмағандықтан жедел түрде қағаз түрінде шығарды, бірақ 1 жылдан соң оларды металл тиындарға ауыстырды. 1994 жылы қағаз тиындар жезден жасалған монеталармен алмасты.
2007 жылы теңге символы енгізілді. 2007 жылы Халықаралық валюта қауымдастығы 10 000 теңгені «Әлемдегі ең үздік банкнот» деп таныды.
Бүгінгі таңда мынадай купюралардағы теңге, тиындар айналыста жүр: 200, 500, 1000, 2000, 5000, 10000, 20000 теңге, тиыннан 1, 2, 5, 10, 20, 50, 100 теңге.
1993 жылы 15 қарашада айналымға енген Ұлттық валютамыздың күнін 1997 жылы Елбасы арнайы Жарлықпен «Ұлттық валюта күні» деп жариялады. Бірте-бірте бұл күнді қаржыгерлер мен банк қызметкерлерінің кәсіби мерекесі ретінде атап өту дәстүрі қалыптасып келеді.
Егемен еліміздің индустриалдық-инновациялық дамуын жалғастыру, бүгінгі қол жеткізген жетістіктерді нығайта түсу, ұлттық валютамыздың құндылығын сақтау және қаржылық тұрақтылыққа қол жеткізу – барша қазақстандықтар үшін аса жауапты мүмкіндік.

Ғалымжан Керімбек,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия

ұлттық университеті «Қаржы» кафедрасының

меңгерушісі, э.ғ.к., профессор

Последнее изменение Среда, 14 Ноябрь 2018 07:30
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Нұрбол ОРЫМБАЕВ. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.