Жас өнертапқыштың жаңалығы: «Алма бақ» табиғи препараты Избранное

Среда, 31 Октябрь 2018 05:06 Автор  Опубликовано в Экономика Прочитано 4935 раз

Шымкенттік жас ғалым тың жобасымен ауыл шаруашылығын дамытуға болатынын іс жүзінде дәлелдемек. Өңірдегі өсімдіктердің пайдалы қасиеттерін зерттеумен мектеп кезінен айналысып жүрген Рәт Ерубай есімді өнертапқыш жақында жастардың «STARTUPBOLASHAK – МЕНІҢ АРМАНЫМ» бизнес-жобаларының ұлттық байқауының ақтық сынына жолдама жеңіп алды. Жаңа жобасы арқылы кәсіп ашуды көздейтін студент өңірдегі өсімдіктерді пайдаға жарату жолдары жайында айтып берді.

20

 

Рәт Ерубай М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде агрохимия және топырақтану мамандығы бойынша білім алады. Ауыл шаруашылығы жоғары мектебінің талапты студенті агробизнес саласын дамыту мақсатында ТМД елдері аумағы мен Қазақстанда алғаш рет алманың құртын кетіретін, зиянкестерді жоюға арналған биопрепарат ойлап тапқан. Ізденімпаз жас бұл жаңалығы арқылы «Startupbolashak – менің арманым» телевизиялық шоуына қатысып, 10 мыңнан астам қатысушы ішінде үздіктер қатарынан көрінді. Сонымен, жобаның ақтық кезеңіне жолдама алып отыр. Ширек финалда шымкенттік 3 қатысушының жаңалығы 500 стартап жоба арасында жоғары ұпай иеленіп, бәсі биік болды дейді замандас.
– Startup – бұл нарыққа жаңа өнім әкелу арқылы кәсіп бастау. Телевизиялық-реалити шоудың берері көп болды. Әр өңірден жиналған жастармен таныстым. Елімізге белгілі кәсіпкерлер мен «Болашақ» түлектерінің бизнес жүргізудің жолдары жайлы дәрісін тыңдадым. Кәсіпкерлікте кездесетін құжат рәсімдеу, заңды-құқықтық нормалар жайында мол мәлімет алдым. Ал өз жобама тоқталып өтсем, ол «Алма бақ» деп аталады. Өңірімізде өсірілетін алма жемісін құрттан қорғауда химиялық дәрілер пайдаланып жүр. Бұл адам денсаулығына зиян, ал өнімді шетелге сауда айналымына шығару халықаралық стандарт талабына қайшы келеді. Осы дәрілерді алмастыру мақсатында жаңа биопрепарат ойлап шығардым. Оған керекті шикізатқа далалы аймақтарда өсетін алабота тұқымдас өсімдіктерді пайдалануға болады. Ол - тек мал азығы ретінде пайдаланылатын шөп. Енді оны агробизнесте кәдеге жаратып көрейік деген оймен алғашқы қадамға бел будық, - дейді жас ғалым.
Рәттің айтуынша, биопрепараттың артықшылығы көп. Ең бірінші - оның бағасы. Бұл шетелдік биологиялық қоспаларға қарағанда 4 есе арзан.
– Препараттың құрамындағы алкалоидтардың (анабазин, лупинин, т.б.) жемістің, өсімдіктің бойындағы барлық зиянкесті толығымен кетіруге пайдасы зор. Табиғи таза өнім және адам денсаулығына зиянсыз. Алма және соған ұқсас жемістерге қолданып жүрген хлоропост сияқты химикаттар жеміс құрамында қалып кетеді, ал біздің препараттың денсаулыққа зияны жоқ. Жәндіктерге қарсы түрлі химиялық препарттарды табиғи өнімге алмастыру да тиімді. Бұл зат басқа химиялық зиянкестерге қарсы дәрілер сияқты мөлшерінен көп пайдаланса да өсімдіктерге кері әсері жоқ. Керісінше, өсімдіктің өсуін жақсартады. Биологиядық препарат биозаттардан жасалынатындықтан, бұдан шыққан су топырақты құнарландыруға да пайдалы, - дейді Рәт.
Болашақ кәсіпкер «Алма бақ» биологиялық қоспасын арнайы цехта әзірлемек. Ол жобасын жүргізуге алғашқы жылы құрал-жабдықтармен жабдықтау үшін 7,5 млн теңге қажет екенін айтты. Жас ғалым телевизиялық байқаудың ақтық кезеңінде өз startup жобасын елге белгілі инвесторларға таныстырады. Егер Рәт қаржылай қолдауға ие болса, 10 адамды жұмыспен қамытуды жоспарлап отыр. Бос уақытын тиімді жұмсауды әдетке айналдырған жас мейлінше білімді болуға әрекеттенеді.
– Әйгілі, беделді кәсіпкерлердің өмірлік тәжірибесінен сабақ алуға, соларға ұқсап өз жобамды кең ауқымды айналымға шығарсам деп үміттенемін. Мені алға жетелейтін де, күш беріп жігерлендіретін сол адамдардың өмірлік ұстанымы. Біздің елімізде жастарға көптеген мүмкіндіктер жасалуда. Соны дұрыс пайдалана білсек, заман үрдісімен бірге алға басамыз. Жаңа технология ғасыры деп айтылып жүр. Ендеше, цифрлы технологияның пайдалы тұстарын өзімізге алсақ, - дейді Рәт Ерубай.
Жастардың шығармашылық ізденісінде дұрыс өсіп-жетілуіне аға буын өкілдерінің айтар ақыл-кеңестерінің маңызы зор. Білімді, саналы ұрпаққа бағыт-бағдар көрсеткенде ғана болашақ айқын болмақ. Бұл ретте ғылымға бетбұрыс жасаған Рәт секілді ізденімпаз жастың идеясын қанаттандырып, жаңалығы жұртшылыққа жету жолында жоғары оқу орындарындағы професорлар мен оқытушы құрамның үлесі зор екенін атап өтті.
– Әрине, ұстаздан шәкірт озар деген сөз бар. Университет қабырғасында жүріп көп жетістікке жетуіме себепкер болған менің оқытушыларым мен Ауыл шаруашылығы жоғары мектебінің ұжымына алғыс білдіремін.
Рәт - бұған дейін де ғылыми ізденісімен ерекшеленген студент. Ол жоғары оқу орнына оқуға түскен алғашқы жылдарында жалбыз өсімдігінен сабын жасап шыққан. Бұл жұмысы да тұрмыста қолдануға арналған өнім екенін айтуға болады. Ол сабынның ерекшелігі терідегі жаралар мен дақтарды кетіруге өте пайдалы. Ғылыми түрде оны көпшілікке дәлелдегенімен, кәсіпте қолданбаған.
Рәт Ерубайдың ендігі мақсаты – телевизиялық бизнес байқауында топ жару. Ал одан кейін талапты жас ізденісін жалғастырып, еліміз бен алыс-жақын шетелдерге өз өнімін саудаламақ. Осылайша ол ел экономикасы мен агробизнеске үлкен серпіліс жасағысы келеді. Ал сайыстың ақтық сыны желтоқсан айында Астанада өтеді деп күтілуде.

Последнее изменение Среда, 31 Октябрь 2018 11:32