ЖАҚСЫЛЫҚТЫҢ АЙНЫМАС ЖАРШЫСЫНДАЙ Избранное

Среда, 21 Февраль 2024 04:33 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 886 раз

Шымкент қаласы №2 Оқушылар сарайының медиа орталығында «Журналистика» үйірмесінің оқушылары елімізге танымал, қаламы қарымды, сөзі салымды журналистер Асхан Майлыбаева, Бейсенкүл Нарымбетова, Фатима Жүнісовамен жүздесті. Бұл сырласу сағатында емен-жарқын әңгіме де, гитарамен жанды дауыстағы ән де, домбыра шанағындағы рухты күй де, жетіген ішегінен төгілген сұлу үн де болды.

oner-1

 

Бірі журналистикада жарты ғасыр еңбек етсе, енді бірі қырық жылдан бері қаламын қолынан тастамаған жампоз. Асхан Қожагелдіқызы – Оңтүстік өңіріне ғана емес, республикаға танымал тәжірибелі журналист. Баспасөз саласында 45 жылдан астам уақыт жемісті еңбек етіп келеді, ақындық қарымымен де танылған қаламгер. Ал, Бейсенкүл Жақсыбекқызы – өз мамандығына адал, қаламы қарымды журналист қана емес, өзіндік ұстанымы бар ұйымдастырушы. Жаңалыққа, жақсылыққа жаны құмар. Фатима Забурақызы көпшілікке республикалық отбасылық «Әйел құпиясы» және «Әйел денсаулығы» газеттерінің бас редакторы ретінде танылған. Саналы ғұмырын әйел тағдырына арнаған Фатима ханым ізденіс пен ізгілікке жаны құштар, жүрегі жырға, көңілі нұрға толы ақын. Әйел жанын тереңірек зерттеген қаламгердің газет-журналдарынан әркім өзіне қажет кеңестерін таба алады.
Ғалым, қайталанбас нар тұлға Темірбек Қожакеев журналистика факультетіне түскен қыздарға қарата: «Қыз балаға журналистика қол емес! Жазда жайлауға, қыста қыстауқа жұмсайды. Қойшының қасына барасың. Қонып қалуға тура келеді. Сондықтан әлі де мамандықтарыңды ауыстырып үлгеріңдер!» деп айтады екен. Кездесу барысында үйірменің белсенді оқушысы Аяжан Әміреқұл қаламгерлерге «Журналистикада қыздар көп болса, айып па?!» деген сауалын жолдады.
– Біз ҚазМУ-дың журналистика факультетінде оқыған кезде Темірбек Қожакеевтің алдын көрдік. Бізге ұстаздық етті. Сонда «Журналистика қыздарға қол емес» деп жиі айтатын. Бірақ, қазір заман, қоғам, оның даму заңдылықтары көз ілеспес жылдамдықпен өзгеріп жатыр. Бүгінде журналистика жыныс талғамайды. Мәселен, осы журналистика үйірмесінде де қыздардың қарасы қалың екенін көріп отырмыз. Мына алдарыңда отырған Бейсенкүл, Фатима апайларың да журналистикада жолын тапқан, өздерін таныта білген, қаламның қасиетін ұғына білген жандар. Сондықтан, Темкеңнің бұл сөзінің бүгінде өзектілігі кеткендей, - деді Асхан Майлыбаева.

oner-2


Қазақ қоғамының көкейтесті мәселелерін қаузап келе жатқан Бейсенкүл Нарымбетова да өз пікірін білдірді.
– Журналистика мамандығын әліппесінен бастап оқып жатқандарыңа қуаныштымын. Бұл – әмбебап мамандық. Ең бірінші адам болу керек. Жақсы адам болсаң, жақсы маман боласың. Ал сендерге сәттілік тілеймін. Үйірмені өте дұрыс таңдағансыңдар. Ертең мемлекеттік қызметші не заңгер болсаң да, сендерге бәрібір жазуды білген дұрыс. Журналистиканы таңдамағанның өзінде жазу мәдениетін меңгеріп, өзгелерден озық тұрасыңдар. Зейнолла Қабдоловтың дәрісін тыңдаған соңғы толқынның бірімін. Ұстазымыз: «Сен – болашақ анасың. Оқи беріңдер. Мектеп көргенің білініп тұрады. Тым болмаса, балаға жақсы тәрбие беретін боласың» деп айтатын. Яғни, ұстаздарымыздың да пікірі кейіннен өзгерді. Қолына қалам ұстаған әр адам бойындағы жауапкершілікті сезініп, өмірдің, мамандығының түрлі жағдайларына дайын болуы керек. Сондықтан сіздерге ақ жол тілеймін, - деді журналистиканың маңыздылығын тілге тиек етіп.
Бейсенкүл Жақсыбекқызы редакторлық ететін республикалық балаларға арналған «Ақылдым» журналы бүгінде журналистика үйірмесі шәкірттерінің ой қосатын еркін алаңына айналған. Жуырда Б.Нарымбетова «Бала жазған ертегі» жинағын жарыққа шығарды.

oner


–Бала кезімізде «Қазақстан пионері» газеті балалардың үздік жарияланымдарынан «Байғазы» деген кітапша шығаратын. Сол жинаққа менің де әңгімем енген. Өзім өткен жолдарға қараймын да, өзімді қарыздар сезінемін. Бізге үлкендер солай жол көрсетті, біз неге әрі қарай өзімізден кейінгілерге жалғастырмаймыз деп қынжылдым, - дейді Б.Нарымбетова.
Сырласу сағатында журналистиканың өткені мен бүгіні һәм келешегі, бұл салаға жолдан қосылғандар туралы да сөз болды. Сыршыл да мұңшыл ақындар Асхан Майлыбаева мен Фатима Забурақызының нәзік иірімдерге толы жыр жолдары кештің шырайын ашты. Оқушылар ақындардың авторлық өлеңдер топтамасын мәнерлеп оқыса, кеш қонақтары да өз туындыларын тарту етті.
Ақын Фатима Жүнісовамен шығармашылық тандемде жұмыс істеп келе жатқан күміс көмей әнші Арайлым Саттарованың гитарадағы жанды дауысы Оқушылар сарайын әсем әуенге бөледі.
Мөлдір сырға, мағыналы жырға, сұлу сазға толы сырласу сағаты оқушылардың есінен біразға дейін шықпасы анық. Жасөспірімдер кеш қонақтарын жан-жақтан алқалап, әдемі әңгіме ауаны үзілмесе екен деп біразға дейін кетпей тұрды.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ,
№2 Оқушылар сарайы «Журналистика» үйірмесінің жетекшісі

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.