Самаурын – көненің көзі. Жалпы, самаурын қазақ даласына 19-шы ғасырда келгенімен, ұлтымыздың табиғатымен біте қайнасып кеткен тұрмыстық бұйым. Тіпті самаурынды қазақтың өзінің төл бұйымы секілді көретініміз де шындық. Көрмедегі самаурындар – қазақтың қонақжайлылығы мен кеңпейілдігінің, берекелі дастарханы мен байлығының белгісіне айналғанын білдіреді.
Самаурынның шығыс халқына тән түрі – құман самаурындар. Бұрынғы шәй құмандары күнделікті қолданыстағы шәугімге ұқсайды. Халықтың шәй қайнататын осы бір бұйымы орта ғасырдан бастап жасалған деген деректер бар. Құман-самаурынға қарап, самаурындардың әр елде әр формада болғаны байқалады. Көне шаһар тұрғындарының тұрмыс-тіршілігінен сыр шертетін көрмеде қолданылған самаурынның түр-түрін көруге болады.
Айта кетсек, Шымкентте 2003-2020 жылдар аралығындағы археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде Ескі қалашықтың орнында ашық аспан астындағы музейлендіру жұмыстары жүргізілген болатын. 2021 жылы бұл орын «Шым қала» тарихи –мәдени кешені» деп аталып, келушілерге есігін ашты.