Үшінші мегаполисте көркемсөз оқу шеберлері арасында байқау өтті. Талантты жастардың басын қосқан өнер алаңында 12 үміткер бақ сынады. Мыңдаған дарынды жанның шабытын шыңдап, әдебиетке деген құмарлығын арттырып жүрген бұл байқауға биыл 25 жыл толды.
1998 жылдан бастау алған байқау күні бүгінге дейін түрлі деңгейде өткізіліп келеді. Алғашқыда дарынды қаламгер Оралхан Бөкейдің атына ұйымдастырылған болатын. Сол кезден бастап біздің Оңтүстік өңірінен қатысқан көркем сөз шеберлері топ жарып келеді. Әдебиеттегі жазба жауһарлардан жан азығын тапқан талапкерлер ішінде қазіргі кезде мәдениет саласының майталмандары баршылық.
– Көрерменнің көз алдына кестелеп көрсететін көркем сөз оқудың шеберлері бүгін өз өнерлерін ортаға салды. Сайысқа 16-29 жас арасындағы білім саласында жүрген мамандар қатысып отыр. Іріктеу кезеңінде 25 үміткер өтініш беріп, соның ішінен 12-сі өтті. Жалпы байқаудың мақсаты – мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, тіл мәдениетін көтеру, халық арасынан талантты жастарды іздеп, олардың көркемсөз оқу өнеріне деген қызығушылығын арттыру, – деді Шымкент қалалық тілдерді оқыту-әдістемелік орталығының директоры Гүлмира Жанысбекова.
Байқауға қатысқан үміткерлердің таланты көпшілікті сүйсінтті. Үні жағымды, тілі жатық, ойы орамды көркемсөз оқудың хас шеберлерін таңдау оңай болмады. Қазылар алқасы ортасынан оза шапқан талантты жастарды анықтады.
Бас жүлдені Назира Аппаз жеңіп алды.
І орынға Шолпан Баубекова лайық деп танылды.