Ата-аналардан ақша жинау тыйылады Избранное

Среда, 31 Октябрь 2018 04:54 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 3710 раз

Астана мен Алматы қалаларында жүйеге қойылған Қамқоршылық кеңесі енді Шымкент қаласында да өз жұмысын бастайды.

 

Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрінің кеңесшісі Майраш Тайкенова қатысқан «дөңгелек үстел» мәжілісінде белгілі болды. Жиынға Шымкент қалалық білім саласындағы бақылау департаментінің басшысы Жанат Тәжиева, қалалық мәслихат депутаттары
Е.Дәрменов, И.Болдина, орта мектептердің директорлары, ата-аналар және бірқатар мектептерде өз жұмысын бастап үлгерген қамқоршылық кеңес мүшелері қатысты.
– Әр адамның азаматтық ұстанымы оның жетістікке жетуімен шектелмеуі тиіс. Жетістікке жеткеннен кейін де азаматтар мәуелі ағаш сияқты иіліп, жемісін көпке ұсынып, сая бола алады. Мұндайды көріп өскен балалар табысты адамның тек зәулім сарай мен аралдардың иесі ғана болмай, қоғамға да көмегін тигізетінін біліп өседі. Әлеуметтік жауапкершілікті түсініп, мәдениет пен өркениет тұрғысынан танымы артады, - дейді  М.Тайкенова.
Ж.Тәжиеваның айтуынша, қамқоршылық кеңестің жұмыстары Шымкенттің барлық 140 мектебінде ашылған.
– Министрліктің бұйрығы негізінде әр мектепте 9 адамнан тұратын қамқоршылық кеңесі құрылуда. Оның құрамында мемлекеттік қызметкерлер, ата-ана, депутат, журналист және басқа сала мамандары да бар. Қамқоршылық кеңесі мектеп өміріндегі барлық іс-шараларды бақылайды. Тіпті, мектеп директорын да осы кеңес сайлайды. Мектеп директоры әр жарты жылдықта қамқоршылық кеңеске есеп береді. Қамқоршылық кеңес мүшелері директордың жұмысына қанағаттанбаған жағдайда оның жұмысын тоқтатуға құқылы, - деді департамент басшысы.
Әр мектептің қамқоршылық кеңесі сол білім ошағының жеке есеп-шотын ашып, демеуші жұмылдыра алады. Демеуші есебінен түскен қаражат оқушылардың қажеттілігіне жұмсалады. Бұл - ата-аналардан ақша жинауды түбегейлі болдырмауды көздейтін жоба.
– Біз Мемлекет басшысының тапсырмасын негізге ала отырып, сыбайлас жемқорлыққа жол бермей, ашықтық саясатымен жұмыс істейміз. Бір мектепте мың ата-ана болса, солардың бәрінен түгел ақша жинаудың қажеті жоқ. Мектептегі қажеттіліктерге демеушілік жасаған 10 адамның берген қаржы қоры да жеткілікті болуы әбден мүмкін, - дейді Шымкент қаласы бойынша қамқоршылық кеңесінің төрағасы Ермек Дәрменов.
Қамқоршылық кеңесінің Шымкенттегі жұмысы жүйеге түссе, демеуші тарапынан аударылған қаржы көлемі мен оның қайда, қалай жұмсалғанын әр ата-ана біле алады. Білім саласының жауапты қызметкерлері ата-аналарды осы бағытта жұмыла жұмыс жасауға шақырды.

Последнее изменение Среда, 31 Октябрь 2018 11:34
Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.