Бір мектепте 1 үшем, 7 егіз оқиды Избранное

Пятница, 16 Февраль 2024 09:15 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 1455 раз

Әнел, Жәнел және Қанат Асыловтар – үшемдер. Олар Шымкент қаласындағы М.Мәметова атындағы №35 жалпы орта мектептің 8-сыныбында оқиды.

egiz-1

 

Әнел болашақта қайырымдылықпен айналысқысы келетінін айтса, Жәнел полиция қызметкері болуды армандайды. Ал, Қанаттың күрестен Қазақстанға алтын жүлде алып келетін чемпион болғысы келеді.
Әнел мен Жәнел Қазақстан тарихы пәнін ұнатса, Қанат қазақ тілі пәнін сүйіп оқиды екен.
Мектеп директоры Жайна Қарабаеваның айтуынша, балалар өте бауырмал. Үйде де, мектепте де сабақты бірлесіп орындайды екен. Аналары жұмыс істейтіндіктен, үй шаруасын өздері бөлісіп атқарады.
– Маған мұқтаж адамдарға көмектескен ұнайды. Олардың жоқ заттарын алып бергім келеді. Анамды Меккеге апарсам деймін. Адам армандағаннан гөрі алдына нақты мақсат қойғаны дұрыс. Себебі мен үшін үлкен мұхиттан дельфинді көру арманға жатпайды, ол бар болғаны мақсат, – дейді үшемдердің ең үлкені Әнел.
Үшемдер көркем әдебиеттен де алыс емес. Үшеуінің де соңғы оқыған кітаптары – ақын Мұқағали Мақатаевтың өлең жинақтары мен жазушы Дулат Исабековтің «Гауһартас» повесі. Көркем әдебиеттерді кезектесіп оқып, мағыналы фильмдерді көріп, бос уақытта бірге талқылағанды ұнатады екен.
Табиғи жолмен үшем көтеріп, оны мерзімінде аман-есен босану – табиғатта сирек кездесетін құбылыс. Ғалымдар үшемдердің 10 мың жүктіліктің бірінде ғана кездесетінін айтады. Олардың анасы Әлияның айтуынша, бұл үшемдер өмірге осылай келген.

egiz


Әлия – жалғызбасты ана. Үшеуіне киім, тамақ тауып беру жалғыз өзіне оңай емес. Сондықтан көп жұмыс істеуге тура келеді. Мұны балалар да түсінеді.
– Сабақты жақсы оқып, білім алып, болашақта мықты жұмыстар істеп, анамызға көмектескіміз келеді, – дейді олар.
Мектеп директоры Жайна Қарабаева мектеп тарапынан үшемдерге көмек көрсетіліп тұратынын айтты.
– Отбасындағы қиын жағдайға қарамастан олар үнемі көңілді жүреді. Үшеуінің де білімге құштарлығы, тәрбиелері, ортамен араласуы өте жақсы. Анасы қанша тауқымет көріп отырса да, балаларына жақсы тәрбие беріп келеді, сонысына ризамын. Басына түскен қиындыққа өзгелерді жазғырып отырғанын көрмеппін, – дейді Жайна Амантайқызы.
Айта кетейік, аталған №35 мектепте осы үшемдерден өзге 7 егіз білім алады екен. Олар: 1-сыныпта Інжу, Маржан Қайраттар, Ернұр, Елнұр Оспановтар, 3-сынып оқушылары Кристина мен Марина Вилевальд, 4-сынып оқушылары Азиза мен Азиз Муминовтар, 8-сынып оқушылары Гүлім, Сырым Байәділ, Әнел, Әсел Тұрдымұханбеттер, 9-сынып оқушылары Жұлдызай, Құндызай Кенжебайлар.
Мектеп директорының айтуынша, білім мекемесінде 12 ұлт өкілі оқиды, егіздер де көп жиналған. «Бірлігі жарасқан тату-тәтті отбасындай атмосфера қалыптастырып, балаларға тек білім емес, бауырмалдылықты да қатар сіңіріп тәрбиелеп жатырмыз» дейді.
Қазақ жалпы көпбалалы болудан қашпайтын, әр баланың несібесі Тәңірден берілетініне сенетін, көп балалы болуды жан жүрегімен қалайтын ұлт қой. Сөзімізге дәлел, қалалық денсаулық сақтау басқармасы берген мәліметке сүйенсек, жыл басынан бері Шымкентте 2487 бала дүниеге келген, оның 32-сі – егіз, біреуі – үшем.

Ал осы кезде…

Ұлттық статистика бюросы 2023 жылдың басы мен 2024 жылдың 1 ақпаны аралығындағы халық өсімін жариялады.
1 ақпандағы мәлімет бойынша Қазақстан халқының саны 20 033 546 адамға жеткен. 1 жылдық өсім 266 739 адамды құрады.
Ең көп халық Алматы қаласы (2 228 515 адам), Түркістан (2 142 005 адам) және Алматы облыстарында (1 531 044 адам) тұрады.
Шымкентте халық саны 1 222 055 адамға жеткен.
Айта кетейік, өткен жылы Қазақстан халқының саны қараша айында 20 миллионға жеткен болатын. Қалада – 12 451 004 адам, ауылдық жерде 7 582 542 адам қоныстанған.

Жансая СЫДЫҚБАЙ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.