AUEZOV UNIVERSITY – ОТАНДЫҚ ОҚУ ОРЫНДАРЫНЫҢ КӨШБАСШЫСЫ Избранное

Среда, 22 Ноябрь 2023 10:55 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 3255 раз

Бұл біздің лепес емес, Қазақстанның Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің сөзі. Еліміздегі ең іргелі оқу орындарының бірі М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің 80 жылдық мерейтойында министр жүрекжарды ойын осылайша білдірді.

600

 

– Бүгін отандық ғылым мен жоғары білім беру саласында айтулы мереке,-деді ол. –Шырайлы Шымкент шаһарындағы Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті 80 жылдық торқалы тойын атап өтті.
Берекелі де, мерекелі іс-шараны ұлы жазушы Мұхтар Омарханұлының немересі, Нидерланд Корольдігінен арнайы келген құрметті қонақ Зифа-Алуа Әуезовамен бірге дара тұлғаның еңселі ескерткішіне гүл шоғын қоюдан бастадым. Дана халқымызда: «атадан мал қалғанша – тал қалсын», – деген керемет тәмсіл бар. Осы сөзді тұғыр ете отырып, университет ауласына мемлекет және қоғам қайраткерлерінің қатысуымен ағаш отырғыздық.
Мерейтой аясында халықаралық деңгейдегі конференцияға қатысып, Мемлекет басшысының құттықтау хатын жеткізу мәртебесі бұйырды. Оған қоса тағы сүйінші жаңалық - университет ұжымын «Ғылыми-зерттеу» мәртебесінің берілуімен шын жүректен құттықтап, ҚР Үкіметінің қаулысын оқып бердім. Енді, іргелі оқу ордасы бұдан былай ұлттық университеттермен иық теңестіре алатын деңгейде деп санаймын. Аталған конференцияда асылдың сынығы, тұлпардың тұяғы Зифа-Алуа Мұратқызы, Нобель сыйлығының лауреаты Рае Квон Чунг, Ресей, Шығыс Еуропа және Орта Азия бойынша QS Британдық компаниясының өңірлік директоры Сергей Христолюбов, Қазан федералды университетінің бірінші проректоры Таюрский Дмитрий Альбертович пен алыс-жақын шетелден келген мәртебелі меймандар және елімізге белгілі зиялы қауым өкілдері баяндама жасап, отандық ғылымды дамыту бойынша көптеген жаңалықтармен һәм тың идеяларымен бөлісті. Сондай-ақ университет ректоры Дария Қожамжарова оқу ордасының тарихына тоқталып, соңғы жылдары жеткен іргелі де ілкімді жетістіктерін баяндады. Мерейтой аясында, «Азық-түлік биотехнологиясы» зертханасы, «Конструкцияларды, құрылғылар мен процестерлі мультифизикалық модельдеу» зертханасы, REILEAP қазақ былғары орталығы, Ауыз суды дайындаудың тиімді технологияларын жасау кешені сынды ғылыми зертханалардың ашылу салтанаты болып өтті. Мерейтой соңы концерттік бағдарламаға ұласып, ғылым мен білім саласына үлес қосқан бірқатар ғалымдарды марапаттадық.

601


Auezov University – білім берудің нәтижесінде отандық университеттердің көшбасшысына айналды. Бұл – профессор-оқытушылар құрамы мен ғалымдардың қажырлы еңбегінің жемісі.
Бүгінгі алмағайып аламан дәуірде жаһандық бәсекеге қабілетті, ойы ұшқыр, кәсіби шыңдалған, танымы мен тағылымы бір арнаға тоғысқан маман даярлау – аса маңызды міндет. Университет алдына қойған осындай стратегиялық мақсатты тиімді әрі табанды түрде жүзеге асырып келеді.
Ұлы ақын Абай:
Ақыл да, ашу да жоқ, күлкі де жоқ,
Тулап, қайнап, бір жүрек қылады әлек.
Біреуінің күні жоқ біреуінсіз,
Ғылым сол үшеуінің жолын білмек, - деп бекер жырлаған жоқ.
Әуезов университеті осы құндылықтардың тұғырынан табылып, ел игілігіне қызмет ете берсін, – деп тілеймін!
Қазақстанның бар жоғары оқу орындарының жағдайын бес саусақтай білетін министрден озып ештеңе айта алмаспыз.
Салтанатты жиында Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков ҚР Премьер-Министрі Ә.Смайловтың университет ұжымына құттықтау хатын оқып беріп, тілегін айтты. Одан соң мерейтойға жиналған зиялы қауым ізгі ниеттерін жеткізді. Олардың қатарында:
–Қапбарова Айгүл
Жарылқасынқызы –
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты;
–Ескендіров Мұқаш Зұлқарнайұлы– Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты,
М. Әуезов атындағы ОҚУ түлектері қауымдастығының төрағасы;
–Сүлейменова Жұлдыз Досбергенқызы - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты;
–Оңғарбаев Еркін Әнуарұлы – Қазақстан Республикасы Конституциялық сотының судьясы;
–Жұрынов Мұрат Жұрынұлы – «Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті, академик;
–Алшанов Рахман Алшанұлы – Қазақстан Республикасы Жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті;
–Сидорович Александр Владимирович –Университеттердің Евразиялық қауымдастығы атқару комитетінің төрағасы бар.
Расында М.Әуезов университеті бүгінгі мерейтойына қажырлы еңбектермен жетті.
Атап айтсақ, Университеттің кадрлық құрамы 2000-ға жуық ғалымдар мен жоғары білікті мамандардан, білім, ғылым, мәдениет және спорттың еңбек сіңірген қайраткерлерінен тұрады. Оның ішінде 15 академик және әртүрлі академиялардың 14 корреспондент мүшесі, 85 ғылым докторлары, 500 ғылым кандидаттары, 100 астам PhD докторлары, 169 магистр ғалымдары, 453 өнеркәсіптен шақырылған мамандар қызмет етеді.
Профессор-оқытушылар құрамында «ЖОО үздік оқытушысы» атағының 300 иегері, «Болашақ» халықаралық бағдарламасының 80 түлегі, ғылым және техника саласындағы Мемлекеттік сыйлықтың 6 лауреаты қызмет атқарады.
Әуезов университеті
7 әлемнің жаһанды рейтингінде келесі жүлделі орындарға ие.
Ал, Қазақстанның үздік жоғары оқу орындарының ұлттық рейтингінің қорытындысы бойынша университет 2 орынды иеленіп отыр.
ЖОО білім алушыларының жалпы контингенті – 28500 білім алушылар, оның ішінде шетелдік студенттер саны – 3300 адамды құрайды.
300 білім беру бағдарламасы аккредителінген. 11 бағдарлама Германияның АСИИН агенттігімен сәтті аккредиттелген, оның ішінде 4 бакалавриат бағдарламасы Еуробакалавр сапа белгісін, 3 магистратура бағдарламасы химия саласындағы үздік білім беру бағдарламаларына берілетін Еуромастер сапа белгісін алды.
Университетте білім беруді интернационалдандыру бағытында жұмыстар белсенді атқарылуда. Халықаралық ынтымақтастық жақын және алыс шетелдердің 200-ден астам шетелдік серіктес жоғары оқу орындарымен жүзеге асырылады, олардың 35-і стратегиялық серіктестер.

602


Академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында студенттер университеттің шетелдік және қазақстандық серіктес университеттерінде білім алу мүмкіндігіне ие болды. 2018-2023 жылдар аралығында Оңтүстік-Шығыс Азия, Түркия, АҚШ және Ұлыбритания, Еуропаның Хоф, Хемниц, Валенсия, Кадис, Путра Малайзия, Туриба жетекші университеттерінде 2000-нан астам бакалавриат және магистратура бағыты бойынша білім алуда.
Университетке Ұлыбритания, Малайзия, Түркия, Ресей Федерациясы, Беларусь, АҚШ, Оңтүстік Корея, Италия және ТМД елдерінен 317 шетелдік мамандар бірлескен оқу және ғылыми қызметке шақырылды.
Сондай-ақ, Гамбург (Германия) қолданбалы ғылымдар университетімен энергетика және азық-түлік өндірісі, УШОС (Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы университеті) бағыттары бойынша екі дипломдық білім беру бағдарламалары іске асырылуда.
Эразмус бағдарламасы шеңберінде Қазақстанның жоғары білім беру саласындағы әлеуетті арттыру бойынша 3 халықаралық жоба іске асырылып жатыр. Оның ішінде «Қазақстанда дуальді жүйені енгізу» құрылымдық жобасында университет грантхолдер болып табылады.
Университетте 4 бірлескен (халықаралық) орталық жұмыс істейді: Француз Альянсы, Корей білім беру орталығы, TOEFL аймақтық орталығы және «Ньютон – Әл-Фараби» серіктестік бағдарламасы аясында кәсіби даму және өзара іс-қимыл орталығы.
2023 жылы университетте 3 млрд 800 мың теңге сомасына 56 жоба орындалуда, олар 22 ғылыми-зерттеу институттарымен тығыз ынтымақтастықта іске асырылды, бұдан басқа, ҒЗИ бірлесіп бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру бойынша 2 жоба, 9 гранттық ғылыми жоба орындалып жатыр.
Өңірге инвестициялар: «Ғылым қоры» АҚ желісі бойынша жалпы сомасы 1 млрд. 302 млн. теңгеге 4 коммерцияландыру жоба орындалады.
Ғылыми және ақпараттық сұраныстарға қажеттілікті қамтамасыз ету және ол үшін қолайлы жағдайлар жасау мақсатында университет пайдаланушыларына «Шпрингер Линк», «Интегрум», «Полпред», «Thomson Reuters ISI Web of Knowledge», «Elsevier», «EBSCO» деректер базасына; «ҚазПАТЕНТ», «ҚР стандарттары», «Адам құқықтары жөніндегі цифрлық кітапхана», «Заң» қазақстандық деректер базаларына online қолжетімділік ашылды. Сондай-ақ, интеллектуалды зияткерлік меншік саласына Еуразиялық патенттік ұйымның халықаралық базаларына, Еуропалық патенттік бюроның, Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының, АҚШ патенттік ведомствосының ұлттық базасына, Ресей патенттік базасына, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ұлттық Патенттік ведомствосына online ақпарат алу қолжетімділікгі қамтамасыз етілген.
Университте оқу үдерісін оңтайландыру, қызметкерлердің жұмысын жеңілдету және толық цифрлық форматқа өту мақсатында «SMART» платформасы жасалды. Бүгінгі таңда «SMART» платформасы адами ресурстарды үнемдеп, адалдық лига талаптарына сай тәуекелдерді азайтып келеді.
Бұл ұзақ жылдардағы теңіздей төгілген тердің өтеуі, университет ұжымының еңбегі. Қалалық «Шымкент келбеті» газетінде қоғам және мемлекет қайраткері Зауытбек Тұрысбековтің өткен ғасырдың жетпісінші жылдарындағы ҚазХТИ-ның ректоры Сұлтан Тәшірбайұлы Сүлейменов хақында «Ұстаз ұлағаты» деген мақаласы жарық көрді. Онда Шымкенттегі институтты КСРО-дағы ең мықты оқу орындарының қатарына тартылуына өлшеусіз еңбек сіңірген тұлғаның қайраткерлігі баяндалады.
Расы керек, институты әр кездері басқарған ректорлардың осалы жоқ. Ал, солардың ізін жалғаған, бүгінде 80 жасқа толып, өткеніне байырқалап отырған университеттің бүгінгі ректоры Дария Қожамжарова туралы әңгіме бөлек.
Қазақстандағы ең іргелі оқу орындарының бірі Әуезов университеті ұжымын бір қолдың саласы, бір үйдің баласындай бір мақсатқа біріктіре алды. Халықаралық рейтингтерде үздік болып, мойындалуына қол жеткізді. Ұстаздардан бөлек, онда білім алып, арманына қол жеткізу жолында құлшынып жүрген барлық студенттердің ең жақсы, ең жақын досы.
Университетің әр жеткен жетістігіне жүрегі жарылардай қуанатын осы ханымның бойынан қазақтың абзал, дана аналарының бүгінгі жалғасын көргендей боламыз.
Алашорда, большевик деп бөлгенімізбен қазақтың оқыған қайраткерлерінің барлығы ұлт болашағы үшін міңсіз қызмет етті. Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатовтың қатарында Сәкен Сейфуллин, Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожановтай асылдарымыз тұрды.
Бәрінің мақсаты қазақтың егемен ел болып, қазақтың жер асты, үстіндегі бар байлығы ұлтқа қызмет етсе деп армандады.
Ол үшін оқып, кәсіп табуына мейілінше қызмет етті.
Бүгінгі Auezov University-ті - сол ардақтыларымыздың арманын жүзеге асырған білім ошақтарының бірі, бірегейі.
Салтанатты жиында алыс және шетелден келген ғалымдар мен зиялы қауымның пікірі осыған саяды.

Б.Байдуллаұлы

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.