БІЛІМГЕ ҚАНАТ ЖАЙҒАН – ШЫМКЕНТ Избранное

Пятница, 04 Август 2023 04:17 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 4620 раз

Соңғы жылдары үшінші мегаполисте аумағы кеңейіп, миграциялық және демографиялық өсім артып келеді. Бұл өз кезегінде білім ошақтарына деген сұранысты көбейтті. Тіпті, бірқатар мектеп үш ауысымда оқып, балалар мен ата-аналарға қолайсыздық тудыратын еді. Оның үстіне 2023-2024 оқу жылында 27 мың шымкенттік бүлдіршін мектеп табалдырығын аттағалы отыр.

784

 

Енді қала мектептерінде үш ауысым болмайды. Білім басқармасының мәліметінше, жаңа оқу жылынан бастап мектептер бір және екі ауысымды оқуға толығымен ауысады. Қалада жекеменшік мектептердің көптеп ашылуы мен бірнеше білім ұясының күрделі жөндеуден өтіп, тіпті кейбіріне қосымша ғимарат салынуы да қаладағы үш ауысымды мектеп мәселесін шешуде.
Бүгінде қалада 9 білім мекемесінің ғимараты, атап айтқанда, 4 мектеп, 2 балабақша, бір колледж, 2 арнайы мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп отыр. Мәселен, құрылысшылар Шымкенттегі №93 мектепте күрделі жөндеудің соңғы жұмыстарын жүргізуде. Олар оқу орнының үш корпусы да қазіргі білім беру стандарттарына сәйкес келетінін айтады. Жаңаталап шағынауданындағы мектептің бірінші корпусы 1951 жылы салынған. Айналада оқушы саны артқандықтан, соңғы жылдары мектеп кеңейтіліп, қайта жасақталған. Мұнда да инженерлік жүйелер толық жаңалануда. Жоба бойынша ғимараттың тек ішкі бөлігі ғана емес, ауласы да заман талабына сай жабдықталады. Қосымша спорт алаңшасы салынып, көріктендіру, абаттандыру жұмыстары да қоса жүргізіледі.
– Біздің мектепте 1000-ға жуық оқушы екі ауысым негізінде білім алады. Талай жылдық тарихы бар мектебіміздің жаңа оқу жылында жаңарып жатқанына қуаныштымыз. Ғимараттың жылу, жарық құрылымы түгелдей жаңаруда, – дейді мектеп директоры Дана Әшірбекова.

785


Күрделі жөндеуден өтіп жатқан тағы бір білім мекемесі – Қазығұрт шағынауданындағы №66 жалпы орта білім беретін мектебі.
Күрделі жөндеу жұмыстары осы жылдың мамыр айында басталған болатын. Бұл мектептің іргетасының қаланғанына 30 жылдан асыпты. Алғашында 1260 оқушыға лайықталған білім ордасында қазір екі мыңнан астам оқушы білім алады.
Үш қабаттан тұратын оқу ғимаратының жөндеуі қазір 20 пайызға орындалған. Құрылыс жұмыстары 2023 жылдың соңына дейін жүргізіліп, жаңа жыл қарсаңында пайдалануға берілмек.
Ал, 4-ші шағынаудандағы №78 орта мектеп ғимараты 2004 жылы салынған. Сыйымдылығы 465 орындық білім нысанының күрделі жөндеу жұмыстары бүгінде 60 пайызға орындалған. Білім басқармасына қарасты «Есту қабілеті бұзылған балаларға арналған №1 арнайы мектеп-интернаты» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ғимараты да күрделі жөндеу көрмеген орталықтардың бірі болатын. Мұнда да қазір құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Жоба бойынша 3 қабатты ғимараттың қабырғасы толық жаңартылып, инженерлік -коммуникациялық желілері ауыстырылады.
Ы. Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназиясының жаңа қосымша ғимаратында жаңа оқу жылында пайдалануға беріледі деп күтілуде. 3567 оқушы бар мектеп негізі 1 251 орынға арналған. Қосымша салынған ғимарат 600 орындық. Жалпы көлемі 5000 шаршы метрді қүрайтын ғимарат 3 қабаттан тұрады. Мұнда 24 бала сиятын 25 оқу сыныбы, 220 орындық асхана, жаттығу залы бар. Сонымен қатар шахмат клубы, компьютермен жабдықталған кітапхана орналасатын болады.
Осындай үлкен құрылыс М.Х.Дулати атындағы №8 мектеп-гимназиясында да жүріп жатыр. Білім мекемесінің іргетасы осыдан 147 жыл бұрын қаланған. Бүгінде мектептің іші-сырты тозып, санитарлық талап пен өрт қауіпсіздің талабына сай емес екені анықталған. Осындай олқылықтың орнын толтыру мақсатында қосымша оқу корпусының құрылысы жүргізілуде.
Жаңа ғимарат 1 100 оқушыға лайықталған. Одан бөлек жобада 250 орындық АКТ залы, спортзал, 20-30 мың кітап қорына арналған кітапхана және 20 оқу залы және 320 орындық асхана қаралған. Өткен жылдың маусым айында басталған құрылыстың беру мерзімі жақын. Мектеп-гимназия Шымкент қаласындағы ең көне мектеп. Бүгінде оқушыларға үш тілде білім беретін мамандандырылған гимназия. 2021 жылы Қазақстан бойынша үздік «100 олимпиадалық мектептер» тізіміне енген. Қала әкімі тек үздіктерді тәрбиелеп отырған мектептің қосымша ғимаратпен толығуы білімді жастардың көбеюіне жол ашатынын атап өтті.

Білім ошақтарындағы орын санының жетіспеушілігінің шешілуіне «Жайлы мектеп» жобасы да өз үлесін қоспақ. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Шымкент қаласында 2025 жылға дейін «ЖАЙЛЫ МЕКТЕП» жобасы шеңберінде 37 700 орындық 25 мектеп құрылысын салу жоспарланып отыр.
Жоспарланған 25 мектеп құрылысы пайдалануға берілген жағдайда жаңадан ашылған шағынаудандардың мектеп мәселесі және сынып толымдылығы жоғары мектептер мәселесі толығымен шешілетін болады. Нәтижесінде қаламыздың білім саласында сапаның артатыны сөзсіз.
Жайлы мектептің ерекшелігі, бастауыш және жоғарғы сыныптарға арналған ғимараттың жеке блоктарының болуы, пәндік кабинеттердің толық жиынтығы, еңбекке баулуға арналған әмбебап шеберханалар мен студиялар, жабдықталған спорт зал мен асханалар және арнайы талаптарға сай қауіпсіздік жүйелерінің болуымен ерекшеленеді. Осы орайда, Нұршуақ шағынауданында жайлы мектеп құрылысы басталып та кетті.
Бүгінде аталған нысандардың құрылыс қала әкімі М.Дүйсенбекұлының жіті бақылауында. Жуырда құрылыс барысын аралап көрген М.Дүйсенбекұлы жауаптыларға мердігерлер жауапкершілігін арттыра отырып, ең алдымен сапаны бақылауға алуды тапсырды. Сондай-ақ өндірістік кестеге сай күрделі жөндеу жұмыстарын толық аяқтап, білім ошақтарын жаңа оқу жылына сақадай сай етіп жасақтауды, балалардың мектептерде қауіпсіз болуы және оларға жайлы жағдай жасау қажет екенін атап өтті.

Салтанат ЖАМАЛДИНОВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.