Ұлттық құндылықтарға негізделген өнер мектебі

Пятница, 05 Май 2023 05:54 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 5494 раз

oner-mektebi

Б. Өтеп атындағы мектеп-интернаты ұйымдастырған шарада түрлі байқаулар мен фестивалдерге қатысып, жүлделі орын алған оқушылар мен түлектер өнер көрсетті. Іс-шара қонақтарының назарына талантты шәкірттердің 250-ден аса қолөнер бұйымдары ұсынылды. Онда тоқыма өнерінен бастап, қылқалам шеберлерінің үздік шығармалары қойылған.

Мерекелік кештің қонағы Әбдіхалық Әдірайымұлы мектеп ұжымын мерекемен құттықтап, мектеп-интернаттың құрылу тарихынан сыр шертті.

– Сол жылдары Қазақстанды былай қойып, Шымкентте спорт мектебі, үйірмелерін санасақ ұзын-саны елуге ғана жететін. Бірақ бірде-бір ұлттық құндылықтарды дәріптейтін, өнерге баулитын мектеп жоқ еді. Сол жылдары ОҚО әкімі болған Бердібек Сапарбаевқа өңірге ұлттық құндылықтарға негізделген өнер мектебі керек деген ойымды жеткізіп едім, ол кісі қолдады. Бұл мектептің негізі осылайша 23 жыл бұрын қаланған болатын, – дейді мектеп-интернаттың негізін қалаған Әбдіхалық Әдірайымұлы.

Бүгінде білім мен өнердің үлкен ордасына айналған мектеп-интернат мыңға тарта жас жеткіншекті тәрбиелеп, өнерге баулыды. Білім ұясынан түлеп ұшқан түлектердің алды елімізге танымал өнер майталмандарына айналған. 2022 жылы ұйымдастырылған республикалық «Алтын домбыра» ақындар сайысының бас жүлдегері Еркебұлан Қайназаров, Қажымұқан Абзалов, Қалижан Білдашев, Дәурен Ысқақ, Нұрғали Әнәпия, Аян Ниязбеков, Бекжан Базарбек, сондай-ақ республикалық алғашқы «Күміс домбыра» ақындар айтысының бас жүлдегері Нұрмахан Жақыпбек те осы мектеп-интернаттың түлектері.

«Қаратау дәстүрлі өнер мектебінің» директоры Біржан Байтуов «Б.Өтеп атындағы өнер мектеп-интернатында оқу менің бала күнгі үлкен армандарымның бірі болды. Ауыл тұрмысы мен отбасылық жағдайға байланысты мұнда білім алу маған бұйырмады. Уақыт өте келе осындай өнерге баулитын білім ордасын ашсам деген мақсат пайда болды. Бүгінде қала жастарын өнерге баулып жүрген «Қаратау дәстүрлі өнер мектебі» осы мақсаттан бой көтерген. Сондықтан Қаратау мектебі Б.Өтеп атындағы өнер мектеп-интернаттың інісі іспетті, –дейді Біржан Байтуов.

Қазақтың рухани құндылықтарын дәріптеп, өнер өлкесіне талай жас жеткіншектердің баруына себеп болған мектеп-интернаттың 23 жылдық мерейтойына Асанәлі Әшімов, Жүрсін Ерман, Алтынбек Қоразбаев, Мұхтар Ниязов сынды елімізге белгілі өнер майталмандыры да арнайы видео-құттықтауларын жолдап, ізгі тілектерін білдірді.

Бүгінде айтыс өнерінің дамуына елеулі үлес қосқан айтыскер, ақын Маржан Есжанова басшылық ететін мекеменің мерейтойлық кешінде елімізге белгілі айтыскер Анар Жаппарқұлова да арнайы келіп, өз құттықтауын білдірді.

– Әбдіхалық ағамыз жан кіргізсе, Маржан апамыз қан жүргізген өнердің үлкен бұл ордасы бүгінде өздерінің үшінші буын түлектерін баулып, ұшырып үлгеріпті. Бұл – үлкен қуаныш. Айтыстың аруанасы атанған Әселхан апамыз бұл өнер мектеп-интернаты ашылғанда «алма алмаға қарап қызарады. Бұл мектептің ашылғаны дұрыс болды» деп балаша қуанып еді. Өнер ордасының өркен жая өскеніне біз де қуанып тұрмыз, – деді Анар Жаппарқұлова.

Өнер ұжымының мақсаты – ұлттық құндылықтарды сақтау, дәріптеу десек, бүгін де мектеп сол мақсатынан айныған жоқ. Ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп, елін өркендетуге үлес қосатын жас өрендер көптеп өсіп келеді.

Тұрсынбай ЕШІМОВ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.