Астана – Қазақ елі аталатын тәждің маңдайындағы жауһары!

Среда, 05 Июль 2017 08:48 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3731 раз

kemelМырзакелді КЕМЕЛ,
қоғам қайраткері, экономика ғылымдарының докторы

Астананың жаңа орамдарында, саябақтарында және сәулеткерлік жауhарларында Тәуелсіздігіміздің ұлы тарихы айнадағыдай көрініс тапқан. Сондықтан, Астанаға деген сүйіспеншілік – Отанға деген перзенттік сезім. Бұл – жаңа қазақстандық патриотизмнің алтын арқауы». Елбасының осы сөзі әрбір қазақстандықтың жүрегіне жылу ұялатып, көкірегіне шаттық кернетті.

 

Осыдан жиырма жыл бұрын елорда мәртебесіне ие болған Астана бүгінде жаңа Қазақстанның елдік белгісіне және шынайы мақтанышына айналып, мемлекетіміздің жасампаздық жеңістеріне бастау болды.
Сонымен, Тәуелсіз Қазақстанның жаңа елордасының тарихы қалай бастау алып еді?
1994 жылдың 6 шілдесінде XIII шақырылған Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінде мінберге шыққан Президентіміз тың ұсыныс айтты. Ол астанамызды Алматы қаласынан Арқадағы Ақмола қаласына көшіру жайлы ұсыныс болатын. Президент ұсынысы көбімізге тосын естілгенін жасыра алмаспыз.
Оның өзіндік себептері де жоқ емес еді. Ол жылдар – еліміздің тәуелсіздік жолында бар қиындықтарды басынан кешіріп жатқан кезі еді. Кеңес үкіметінің құрамындағы барлық республикаларды бір-бірімен бірінен-бірі ажырай алмастай матап-шырмап тастаған жоспарлы экономиканың барлық байланыстары үзіліп, өнім өндіру тоқтауға айналып, дәрменсіздік тұңғиығына батырған әрі-сәрі жағдай әбден орныққан еді. Болашағымыздың белгісіздігі белең алып, ел ішін үмітсіздік жайлай бастаған болатын. Жоғарғы Кеңес ғимаратына кірген-шыққан кездерімізде наразылықтарын білдіріп, жүрер жолымызды кес-кестеп тұратын адамдарды жиі көретінбіз.
Осындай сәтте бас қаланы басқа қалаға көшіру ұсынысы бірден мақұлдана қоймауы заңды да еді. Елбасы өзінің қысқа да нұсқа сөзінде ел астанасын Ақмолаға көшірудің қажеттілігінің басты себептерін жүйелеп айтып берді. Талқылау үшін сөз алғандардың ішінде, жасыратыны жоқ, мақұлдағандардан қарсы болғандар көп басым түсті. Президент бұл шаруаның нақ қазір, жақын арада жасалмайтынын, ол көп дайындықты қажет ететін күрделі мәселе екенін, қазірден бастап осы істің жоба-жоспарын жасай беру қажеттігін айтып, көшке жұмсалатын шығындарды көбейтпей, оның басым бөлігі инвестиция тарту жолымен ұйымдастырылатынын айтқан соң да келіспейтіндердің дауысы бәсеңдемеді. Осы сәтте: «Қазір көшірілейін деп жатпаса, барлығын жоспарлап, есептеп, нақтылай бергенде тұрған не бар, бүгін Президентіміздің туған күні ғой, сол күнге жасаған сыйымыз болсын, келісім берелік» деген ұсыныс түсіп, сонан соң ғана бұл шешім мақұлданғаны есімізде.
Елбасының астананы көшірудің басты себептері деп мына жағдайларды атағаны есімізде:
Қазақстанды геосаяси тұрғыдан берік ету;
Қауіпсіздік тұрғысынан алғанда елорда орналасатын жердің шекаралық аймақтардан алыс, елдің орталық бөлігінде болғаны дұрыс деп танылуы;
Астананы көшірудің экономиканы сауықтыруға серпіліс әкелетіндігі;
Елдің саяси орталығының көпұлтты өңірге көшірілуі тұрақты көпұлтты мемлекет құруға көмектесетіндігі және тағы басқа себептер.
1995 жылдың 15 қыркүйегінде Елбасы Жарлығымен астананы Ақмола қаласына көшіру жұмыстарын ұйымдастыратын Мемлекеттік комиссия құрылып, қала құрылысына жұмсау үшін бюджеттен тыс қаржыларды топтастыратын «Жаңа астана» бюджеттен тыс қоры құрылды. Ақмолада құрылыс салу мен инфрақұрылым жүйелерін жасағысы келген инвесторларға салықтық, кедендік және басқа жеңілдіктер қарастырылды.
1997 жылдың күзіне қарай «жақында астана Ақмолаға көшіріледі екен» деген сөз тарап, ақыры сол сыбыр-күбір шындыққа айналды. 20 қазанда Елбасының «Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы деп жариялау туралы» Жарлығы шықты.
Қарашаның 8-і күні Елбасы өз резиденциясында мемлекеттік билік өкілдерін, депутаттарды, зиялы қауым өкілдерін жинап, Қазақстанның мемлекеттік нышандары мен Президент байрағын ұшақпен Ақмола қаласына жеткізуді Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағанбетовке тапсырды. Сол күні Ақмолаға ұшып келген Президент еліміздің жаңа астанасында еліміздің байрағын көтерді.
3 желтоқсан күні жаңа астанада Үкіметтің Кеңсесі өз жұмысын бастады. 8 желтоқсан күні арнайы пойызбен Парламент депутаттары, мемлекеттік қызметшілер Ақмолаға бет түзеді. 9 желтоқсанда Елбасы – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы
Назарбаев әуежайда қазақтың үлкен жүректі перзенті Зейнолла Қабдоловтың батасымен Алматыдан Астанаға ұшты.
10 желтоқсан күні Елбасының Ақмоладағы жаңа ғимаратында астананың көшірілуіне орай жиналыс болып, осы күн Ақмола қаласының ел астанасы болған күні деп жарияланды. Онда Президент: «Бұдан былай және ғасырлар бойы алып жеріміздің ең ортасында, халқымыз үшін тағдырлық мәні бар шешімдер қабылданатын болады. Бұдан былай еліміздің жүрегі осы жерде соғатын болады. Бүгіннен бастап, Қазақстан өзінің тарихи тағдырын осы жерде анықтайтын болады», деді.
Астананың тарихына көз жүгіртсек, 1830 жылы казактардың форпосты ретінде «Акмолинск» аталған қала кеңес кезінде 1961 жылы тың игерудің жетістіктерінің құрметіне «Целиноград» деген атауға ие болды. Тәуелсіздігімізге ие болғаннан кейін, 1992 жылы қала «Ақмола» деп аталды.
Енді, Ақмола елордасы болып белгіленген соң, Президенттің ұсынысымен ол «Астана» атты әдемі атауға ие болды.
1997 жылдан бастап, қала халқының саны жыл сайын 30 мың адамға өсіп отырды. Осы жылдар ішінде қала халқының саны 275 мыңнан 1 миллион адамға жетті. Сол кезде қаладағы жергілікті ұлт өкілдерінің үлесі 17 пайыздан сәл ғана асса, бүгінгі күні қала халқының 75 пайызға жуығын қазақтар құрайды. Осы ретте бұрынғы Ақмола қаласындағы 200-ге жуық мекеменің 12-сінің ғана басшылары қазақтар болғандығын еске сала кетейік.
Бүгінгі Астана қандай?
Астананың елорда болуының бас архитекторы Нұрсұлтан
Әбішұлы Назарбаевтың өзі. Елбасының идеялары мен ұсыныстарының нәтижесінде Астана көркіне көз тойғысыз, Батыс пен Шығыстың дәстүрлерін қатар енгізген, ерекше түрдегі қала болды. Астананың басты ғимараттарының бәрі дерлік Елбасының қағаз бетіне түсірген жобалардың нәтижесінде жүзеге асты.
Астанада ерке Есілдің сол жағалауынан жаңа қала бой көтерді.
Бүгінде Астананың да өз тарихы, құрылыс және рухани салаларына қатысты мақтаныш етерлік өзіндік қазыналары бар. Мәселен, құрылыс саласында:
Ақорданы – тәуелсіздіктің символы,
Тәуелсіздік сарайын – мемлекеттіліктің символы,
Бәйтерек монументін – елдіктің символы,
Бейбітшілік және келісім сарайын – достықтың символы,
Қазақ елі монументін – болашаққа бет түзеу символы,
«Мәңгілік Ел» монументін – мәңгіліктің символы,
Хан шатыр кешенін – сұлулықтың символы деуге болады.
Бұларға қоса Астанада рухани өмірімізге арқау болған – Президент орталығы, Ұлттық кітапхана, «Астана Опера» театры, Ұлттық мұрағат, Назарбаев Университеті, Еуразия университеті мен ондағы Күлтегін заманының ескерткіштері, Ұлттық музей сынды сәулетті ғимараттарымыз бен ел есінен шықпайтын ерлерімізге қойылған ескерткіштер бар.
Қала халқының қызметтік және тұрмыстық жағдайын жақсартуға жаңадан салынған алты көпір кеңейтілген, ұзартылған көшелер мен даңғылдар, солардың бойындағы әсем ғимараттар барынша қолайлылық туғызып, қала көркіне көрік қосып тұр. Түнгі Астана самаладай жарқыраған шамдарымен сәулелі болашаққа жетелейтіндей. Астанада ерке Есіл бойынан еліміздің бас ғимараты – Ақорда бой көтерді. «Астана Опера», «Шабыт» өнер ордасы, Министрліктер үйінен «ҚазМұнайГаздың» ғимаратына дейін созылып жатқан рекреациялық жаяу аллея, «Нұр Астана» және «Әзірет сұлтан» мешіттері салынды.
Қазір Астанада 15 университет, 27 кітапхана, 8 ұлттық музей, «Қазақстан» концерт залы, Астана циркі, үш театр, «Думан», «Мега орталық», «Керуен» ойын-сауық отаулары бар.
Астананың көшірілуі ел экономикасы үшін де көп тиімділік берді. Ол құрылыс саласын дамытып, оны өзге салаларға локомотив ретінде пайдалануға жол ашты. Облыс орталықтары Астанаға қарап бой түзеп, қалалар мен аудан орталықтары да, ауылдар да жаңаруда.
Мейлінше қысқа мерзімнің ішінде көтерілген Астана қаласы:
елімізге аса қажет, баршаны өзіне тартып тұратын ірі өңірлік орталыққа;
осы заманғы технологиялар мен инфрақұрылымды «сынақтан өткізу» орталығына;
экономиканы өркендетудің екпінді қозғаушысына;
шетел компаниялары тарапынан көрсетілген күшті бәсекелестік жағдайында отандық құрылыс индустриясын дамытудың қуатты серіппесіне;
автожолдарды, тұтас алғанда көлік саласын күшті дамытушыға айналды.
Астана жаңа Қазақстанның нышанына айналды.
Астана қаласына көшкен жылы Қазақстан Давос форумының бәсеке-лестік индексіне қатысуды бастады. Оның көрсеткіштерін 104 елдің 8700 маманы айқындайды.
Бастапқыда 73-80-ші орындарды иеленіп жүрген еліміз 2005 жылы 61-орынды иеленді, содан 2011 жылға дейін жыл сайын 60-72 орындар арасында болдық. Содан бергі екі жыл ішінде, әлемдік ауыр экономикалық дағдарысқа қарамастан, біз 2011 жыл қорытындысында әлемдегі бәсекеге қабілетті елдер тізімінде – 51-ші, 2012 жыл қорытындысында – 50-ші орынды иелендік. Сөйтіп, біз экономиканы тиімді жүргізуді үйренген, материал және энергия үнемділігі бар, жұмсалған қаржының қайтарымы жақсы жолға қойылған елдер сапына ендік.
Йоханнесбург қаласындағы Бүкіләлемдік экологиялық форумда сөйлеген сөзінде Президентіміз: «Біздің еліміз тұрақты даму траекториясына шықты» деп мәлімдеді. Расында, 1999 жылдан 2007 жылға дейін ішкі жалпы өнімнің жыл сайынғы өсімі орташа есеппен жылына 10 пайызды құрады. 2000-2010 жылдар аралығында Қазақстан кейбір түйінді салаларда айтарлықтай прогреске қол жеткізді. Ішкі жалпы өнімнің өсуі жыл сайын орташа 8,5 пайызды құрады. Экономиканы жедел әртараптандыру үшін берік негіз қаланды.
Ішкі жалпы өнімнің жан басына шаққандағы көлемі бізде 2012 жылы – 12000 доллар, 2016 жылы 15 000 доллар болды. Сөйтіп, біз Шығыс Еуропа елдерінің орта сапынан орын алдық. Бұл көрсеткіш жоғарылаған сайын еліміз байып, ондағы адам өмірінің сапасы жоғарылай береді.
«Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына Жолдауы жария етілген жылдың қорытындысымен елулікке енуіміздің өзіндік символдық мәні бар. «Қазақстан-2050» Стратегиясының жариялануы еліміз алдындағы шешілуге тиісті міндеттер парадигмасы сапалық тұрғыдан өзгергенін көрсетеді. Бұл Стратегия – қол жеткізуге бар мүмкіндіктерді қарастыратын, басқарылатын болжамдау. Басты мақсаттың бірі – 2050 жылға дейін әлемдегі дамыған отыз елдің қатарында болу.
Президентіміздің жаңа бастамасы әлем сарапшылары арасында қызу талқылануда. Кей сарапшылар бұл көрсеткішке Қазақстан 2025 жылдың өзінде жетеді деп болжам айтады.
Экономист ретінде өз пікірімізді қосар болсам, бұл болжамның орындалуына да берік негіз бар. Өйткені, біз қиыншылығы мол соңғы 10 жыл ішінде ішкі жалпы өнімнің көлемін жыл сайын 8,5 пайызға арттырып отырған болсақ, онда 2025 жылға дейінгі 12 жыл ішінде 100 пайыздан әрі арттыруымыз мүмкін. Біздің ішкі жалпы өніміміздің көлемі жан басына шаққанда 24 мың долларға жетеді. Сонда біз бұл көрсеткіш бойынша Израиль, Оңтүстік Корея елдерінің көрсеткіштерімен теңесеміз.
Астанамыз жастығына қарамастан, яғни елорда болғанына екі жыл өтпей, 1999 жылы ЮНЕСКО-ның бейбітшілік қаласы аталды. 2011 жылы елімізде Азия ойындары, биыл бокстан әлем чемпионаты өтті. 2014 жылы ауыр атлетикадан әлем чемпионаты өтпек, 2018 жылға шахмат олимпиадасын өткізу жоспарланған.
Біз елімізде ЭКСПО-2017 бүкіләлемдік көрмесін өткізу құқын жеңіп алдық. Ол бүгінгі заманға лайық, болашаққа бағдарланған «Болашақтың энергиясы» атауымен төрткүл дүниені Астана төріне жинап жатыр. Өзінің 162 жылдық тарихында мұндай көрме кешегі кеңестік елдердің бір де бірінде өтпеген. Жақында ғана Ресейдің Екатеринбург қаласы 2020 жылы ЭКСПО көрмесін өткізу бәсекесіне түсіп, Дубайға жол бергенін де осы тұста бұл құрметтің қадір-қасиетін білдіру үшін айта кетейік.
ЭКСПО-2017 сияқты ауқымды шараны өткізу елордамызды көркейте түсумен қатар, бүкіл Қазақстанның экономикалық және инфрақұрылымдық дамуына серпін береді. Оның құрылысына 10 мыңнан астам адам қатысты. Ішкі көші-қон да дами түседі. Еліміздің әр өңірінен адамдар осында ағылады. «Бай қазақ қана келеді ғой» деп уайым шегу де қажетсіз. Бай қазақ есті болса, төңірегін, туған-туысқандарын да қамти жүреді. Ал шынтуайтына көшсек, ЭКСПО сияқты әлемдік көрме біздің елімізде өтіп жатқан тарихи күндерде Астанаға бірер күнге келіп кету үшін соншалықты дәулетті адам болу тіпті де шарт емес.
ЭКСПО-2017 көрмесі қарсаңында екінші теміржол вокзалы, жаңа әуежай, көптеген мейманханалар мен қызмет ету ғимараттары пайдалануға берілді.
Соңғы жылдары өмірге енген «G-GLOBAL» жобасы G-8 немесе G-20 секілді үлкен әрі дамыған мемлекеттерге бүкіл әлем тағдырын өздері ғана шешуіне жол бермей, жаһандық мәселелерді бірлесіп талқылау пішімін құру мәселесін көтерді. Президентіміздің G-GLOBAL жобасы көпполярлық жағдайындағы әлем құрылысының бес қағидатын ұсынды. Олар саясаттағы революциялық өзгерістерден бас тарту; әділеттілік, теңдік, консенсус; жаһандық тағаттылық және сенім; жаһандық транспаренттілік және сындарлы көпполярлық. Міне, осылардың негізінде ХХI ғасырда көптеген жаһандық мәселелердің табысты шешімдерін табуға болар еді. Бұлар – Қазақстанның барлық негізгі халықаралық бастамаларының түйіні. Әлемдік қаржы-экономикалық жүйесін реформалаудың кешенді жобасын жасау, ядролық қарудан азат әлем құру, әлемдік және дәстүрлі дін съездерін өткізу, Еуроатлантикалық және Еуроазиялық қауіпсіздіктің біртұтас құрлықтық платформасын әзірлеу, жаһандық энергетика бағыты – «Жасыл көпірді» енгізу секілді бас-тамаларда бұл қағидаттар үлкен рөл атқарған болатын. Біздің мақсатымыз – үшінші индустриялық революция жетістіктерін ілгерілете алатын экономикасы бар ел құру. Бұл – жоғары технологиялар барлық адамдардың бақыты мен аман-саулығына қызмет ететін әлем. Бұл – аймақтық және жаһандық қауіпсіздіктің мығым негіздері орнаған, халықтар мен мемлекеттер арасындағы әділеттілік пен сенім әлемі. Бұл – барлық түйткілдер келісім мен құрмет негізінде шешілетін ұлттардың төзімді қоғамдастығы. Қазақстан ұсынған идея мен G-GLOBAL форматы бұл тұрғыдан жаһандық өзара түсіністік пен төзімділік үшін жаңа мүмкіндіктер ашуда.
Бүгінгі Астана ішкі атрибуттарын толықтай жүйеге келтірді. Осыдан біраз бұрын ғана ұлылардың мәңгілік мекеніне айналатын пантеон құрылысының жобасына конкурс жарияланды.
Астанаға елорданың көшуі мен халық санының көбеюі алдын ала болжанбаған тағы бір игілікке бастау болды. Еліміздің түкпір-түкпірінен осында келіп араласқан, құдаласқан, қызметтес болған адамдар бір-бірінің мінездерінің жақсысын бойларына сіңіруге тырысып, астаналықтардың жаңа менталитеті қалыптасу үстінде. Батыс қазағының қызуқандылығы мен бетке айтар туралығы, Оңтүс-тіктің іскерлігі мен қызмет ете кетуге бейімділігі, Арқа қазақтарының кеңдігі мен «орыс мінезділігі», сондай-ақ, барлық өңірлерде кездесетін түрлі мінездер осында бір жерге топтасқанда бір-бірінің жақсы мінезінен үйреніп, жаман мінезінен жиреніп, өздерін өздері тәрбиелеп жатыр.
Астана – Қазақ елі аталатын тәждің маңдайындағы жауһары!
Біздің жеті қазынамыздың әрбірінің осы Астананың өрлеуі секілді өз даму жолы, тәуелсіз мемлекетіміздің тарихында алар өзіндік орны бар.
Демек, біз өсу, өрлеу жолындамыз! Біздің болашағымыз жарқын!

Последнее изменение Среда, 05 Июль 2017 09:13
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.