ӨНДІРІСІ ӨРКЕНДЕП КЕЛЕДІ
Шын мәнінде, 26 жыл ішінде бас қаламыз өзінің даму жолын айшықтап, адамзат баласы аңсаған өркениет көшіне ұмтылуда. Әлеуметтік-экономикалық жағдайымен, сәулет өнерімен, жаңа технологиясымен де. Елорда – бүгінде мәдениет, білім-ғылым, сауда-өнеркәсіп және қаржы орталығы. Барлық салалар бойынша даму жолына бет түзеген шаһар. Астана – еліміздің өзге қалалары үшін бағдаршам іспетті.
Елорда осынша уақыт ішінде бірқатар жетістіктерімен ерекшеленді. Қалада 2018 жылы өнеркәсіп өнімінің көлемі 601,7 млрд теңге, инвестиция көлемі 1 057 млрд теңгені құрады. Былтыр тартылған инвестиция көлемі 1,6 триллион теңгеге жеткен. Өңдеу өнеркәсібі, білім, медицина, логистика, көлік және басқа да салаларда іске асырылған жобалардың нәтижесінде 1,8 мың жұмыс орны ашылды. Қазіргі таңда 130 мыңға жуық шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері жұмыс істейді. Елорда құрылыс ауқымы жөнінен де елде көш бастап тұр. Астана мәртебесін алғаннан бері қалада 10 млн шаршы метрден астам тұрғын үй салынды. Қала экономикасының қарқынды дамуы көптеген инвесторлар үшін тартымды болып отыр. Елдің жалпы ішкі өнімінің 10%-ы Астана қаласының үлесіне тиесілі.
Елорда экономикасының негізін өнеркәсіптік өндіріс, көлік, байланыс, сауда және құрылыс салалары құрайды. Астана елімізде құрылыс металл бұйымдарын, пайдалануға дайын бетон және бетоннан жасалған құрылыс заттарын шығару жөнінен алда келеді.
Елорда – негізгі теміржол және автокөлік магистральдары өтетін ірі көлік торабы. Қазіргі таңда шаһарда жол-инфрақұрылымын дамыту бойынша жаңа жол жүйесі саналатын LRT құрылысы жүргізілуде.
Бүгінде шаһарда 5 аудан бар. Биыл Елордада Алматы ауданын екіге бөліп, алтыншы әкімшілік ауданды құру жұмысы қолға алынды. Алматы ауданын бөлуге биылғы қаңтарда бекітілген қаланың Бас жоспары негіз болды.
ЖАСТАРҒА ҚАНАТ БІТІРГЕН ШАҺАР
Бүгінгі Астана – зәулім ғимараттар бой түзеген, адамзат өркениетінің жауһарлары тоғысқан білім мен мәдениеттің ордасы. Ең бастысы, ел жастарының қиялына қанат бітіретін, арман қуған жастарға пана болған шаһар. Елорда талай жасқа қанат бітіріп, өмірден өз орнын табуына септігі тиген жастар қаласы.
Сондай жастың бірі өзім едім. 2006 жылы мектепті бітіріп, Астанадағы Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың студенті атандық. Сол жылдары арман қуған жастар бас қалаға қарай ағылып жатты. Біз де сол қатардан табылдық. Сол кезеңдерде университет қабырғасында білім ізденіп, қаланың рухани-мәдени өміріне куә болдық. Оқу ордасының «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының құрамына кіріп, шаһарды көркейтуге, абаттандыруға үлес қостық. Сондай-ақ, ең алғашқы еңбек тәжірибелеріміз, кәсіби маман болудағы алғашқы қадамдарымыз осы шаһардан басталды. Соны мақтаныш етемін.
Бәрі де көз алдымда. Ол кезеңдерде алып құрылыстар жүргізіліп, қалаға көптеген инвестициялар тартылып жатты. Есілдің сол жағалауында зәулім ғимараттар соғылып, әлеуметтік, мәдени-рухани мекемелердің тұсауы кесіліп жатты. Халықаралық іс-шаралардан ЕҚЫҰ-ның тарихи саммиті, VII Қысқы Азия ойындары өтті. Одан бөлек, көптеген спорт жарыстары – әлем және Азия чемпионаттары, Олимпиадалық іріктеу турнирлеріне куә болдық.
Өткен жылы Елордада күрес түрлерінен Азия чемпионатын тамашалаудың сәті түсті. Жастығымның куәсі болған арман қала қазір мүлде өзгерген. Жаңарған. Өзгеше даму жолына түскен. Семинарлар, марапаттау жиындары, сондай-ақ, көптеген әлеуметтік-мәдени іс-шараларға барып тұрамыз. Әр барған сайын жаңа өзгерістерді байқаймын.
Бір айта кетерлігі, өзіммен бірге қатар оқуға түскен жастар бүгінде министр, мәжіліс депутаты атанып үлгерді. Иә, Астанада қаншама жастың арманы орындалып, өмірден өз орнын тапты.
Expo-2017 халықаралық көрмесін Шымкент қаласының мектеп оқушыларымен бірге тамашалап, саяхаттап қайтқан едік. Екі күндік сапарда оқушылардың бәрі де алдағы болашағын Елордамен байланыстырғысы келетінін аңдадым. Сол кезде 8-9 сынып оқушыларың бәрінің де Елордаға алғаш рет келуі. Бәрі де зор әсер алып, туған жерге нақты мақсатпен қайтты. Астанада білім алғысы келеді. Әңгімелерінен ұққанымыз, олар өздері қона жатқан Назарбаев университетінде білім алуды өмірлік мақсаты етіп қойды.
Арадан жеті жыл өтіпті. Арман алға жетелейді. Балалардың сол кездегі армандары орындалғанына біз сенеміз...
100-ДЕН АСТАМ ІС-ШАРА ӨТЕДІ
Елімізде 6 шілдеде Астана күні атап өтіледі. Осы мерекеге орай Астанада 100-ге жуық түрлі іс-шаралар өткізу жоспарлануда. Қала тұрғындары мен қонақтары концерттік бағдарламалар, фестивальдар, спорттық турнирлер және т.б. іс-шараларды тамашалай алады. Атап айтқанда, балаларға арналған ойын-сауық бағдарламалары, шығармашылық ұжымдардың қойылымдары, флешмобтар, Қазақстанның үздік дәстүрлі әншілері, күйшілері, жырларына арналған «Асыл мұра» мерекелік концерті, республикалық мүшайра байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімдері өтеді.
Сондай-ақ, Елорда күні мерекесі қарсаңында Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті өтті. Жиында ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ықпалдастықтың көптеген өзекті мәселелерін талқылады.
Биыл Астанада өтетін ауқымды, халықаралық маңызды іс-шараның бірі – 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары. 8-13 қыркүйек күндері аралығына жоспарланған бәсекеде спорттың 21 түрінен 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Көшпенділер ойындарының бағдарламасы спорт, мәдениет және ғылым бағытындағы оқиғаларды қамтиды. Елордаға 2000-нан астам спортшы мен ресми тұлғалар,
100 мыңнан астам турист келеді деп күтілуде. Ойындарды дайындау мен өткізуге 1000 ерікті жұмылдырылады.
Туризм және спорт вице-министрінің айтуынша, спорт ғимараттарының басым бөлігі жарыстарды өткізуге дайын. «Алау» мұз сарайы мен «Астана Арена» стадионында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, олар 15 тамызда аяқталады деп күтілуде. «Қазанат» ипподромындағы құрылыс жұмыстары шілде айында аяқталады деп жоспарланған.
Бүгінге дейін 89 мемлекет Ойындарға қатысатынын растады. Бруней-Даруссалам, Либерия, Венесуэла, Ирландия, Доминикан Республикасы, Гамбия сияқты елдер Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына алғаш рет қатысқалы отыр.