АРМАНДАР ОРЫНДАЛАТЫН ҚАЛА Избранное

Пятница, 05 Июль 2024 06:31 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 631 раз

Астана – армандар орындалатын қала. Бірі Елордаға білім қуып, екіншісі өзге қалада білім алып, қызмет қуып барады. Келесі бірі еш жерде білім алмаса да, жұмыс іздеп барып қалып қояды. Әйтеуір, Астанаға бір барған адамның елге кері қайтатыны сирек. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған отандастарымыздың тағдырларын тоғыстырған Елордада әрқайсысы кетігін тауып қаланып, өз орындарын табуда.

3 elorda

 

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде «Кадастр» мамандығын аяқтаған Мардан НАЗАРАЛЫ да еңбек жолын Астана қаласынан бастамақ ниетте.
– Мен үшін Астана – ең алдымен, шексіз мүмкіндіктер мекені және асқақ армандар мен биік мақсаттар орындалатын қала дер едім. Болашағын елордамен байланыстарған адам ғылым-білім жолына түсіп, жаңа орта, жаңа мүмкіндіктер мен жаңа идеяларға қанық болады. Бұл үлкен қалада үнемі қайнаған тіршілік, яғни бәсекелестік өте жоғары. Ал, бәсекелестік бар жерде алға жылжуға, дамуға мүмкіндік бар. Бір мамандықтың иесі атану да – үлкен жауапкершілік. Сол атқа лайық бола білу одан да маңызды әрі қиын. Күні кеше жоғары оқу орнын аяқтағанымыз туралы құжатқа ие болдым. Қарасаңыз, бір жапырақ қағаз. Бірақ қаншама еңбек пен талпыныс сол жерде. Кадастр маманы атандым. Ендігі арман – Астана қаласына жол тарту. Бала күндегі мақсатым осы болған. Ата-анамның жанында жүріп оқуды тәмамдаған соң, маман ретіндегі өз жолымды Елорададан бастағым келген. 3-курста өндірістік практикадан ҚР Парламенті Мәжілісінде өттім. Бір ай мемлекеттік қызметке деген ерекше талпыныс болды. Жалпы, Астана жастардың қанаты қатаятын, бір-бірімен озық тәжірбие алмасатын қала деп ойлаймын.
Ал, Елорданың тұрғыны Сымбат ТӨЛЕУ Астананы жастардың тағдырын тоғыстырған махаббат қаласы деп санайды. Солтүстіктің аруы мен Оңтүстіктің жігітін табыстарған оқиға туралы кейіпкеріміздің өзі айтып берді.
– Біз сияқты жас отбасылар үшін Астана махаббаттың, жасампаздықтың, достықтың, сұлулықтың символы іспетті. Біздің де махаббат жолымыз Астана қаласында түйісті. Өзім – Қостанай қаласынанмын, жолдасым – шымкенттік. Жұмыс бабымен еліміздің екі аймағында туып-өскен біз Астанада кездестік. Бір-бірімізді әуелі тағдыр, сосын Астана қосты. Қазіргі таңда қалада сәулет өнерінің теңдессіз үлгілері саналатын кешендер бой көтеруде. Осы алып ғимараттардың өзі адамға шабыт сыйлады. Көп адамдар Астананың суығына шыдай алмай кетіп жатады, отбасымызбен Астананы суық ызғарымен қоса жақсы көреміз. Астана – жастар қаласы. Мұнда олардың білім алуына, дамуына, көздеген мақсаттарына жетуіне жан-жақты жағдай жасалған. Қызым мен ұлымды дәл осы қалада оқытып, азамат ретінде қалыптасырғым келеді,– дейді Сымбат.

Ерқанат ТАЛҒАТҰЛЫ үшін Астана – жетістікке жеткізетін қала. Ол қымыз сатып, жақында ғана баспаналы болды. Шымкенттің еті тірі жігіті қымыз бен құрт-ірімшікті Ұлытау облысының Жаңаарқа ауданынан алдырып сатып, кәсібін дөңгелетіп отыр. Айтуынша, Астана қаласында ұлттық брендті бұзбай сақтап жүргендерге мүмкіндіктер көп екен.
– Бизнесті Шымкентте бастадым. Кейінгі жылдары отбасылық жағдайға байланысты Астанаға қоныс аудардық. Бұл – отбасылық кәсібіміз. Үш ұлым, бір қызым бар. Ерлер бөлек, қыздар бөлек шаруа атқарамыз. Бірақ, табыс ортақ. Алғашқы жылдары бәсекелестік аз болды. Тіпті сатып алушылар алдын-ала тапсырыс беріп қоятын. Кейінгі уақытта ауылда бие байлап отырған ағайын қалаға қымыз тасуды бизнеске айналдырған. Астананың өзіне төңіректегі аудандардан күн сайын қымыз ағылып келіп жатады. Біздің мақсатамыз –сапалы өнім ұсыну. Астанада не көп – мейрамхана, дәмхана, асханалар көп. Соңғы жылдары кофеханалар да көбейіп келеді. Ал, біздікі – ұлттық дәм. Тірнектеп жиған табысымыздың бір бөлігіне баспана алдық. Ендігі мақсатымыз – көлік алу. Жалпы, еңбек етемін деген жан үшін Астана – нағыз кәсіптің қаласы,–дейді Ерқанат.

P.S 

Армандау жақсы. Көбіміз дұрыс армандай білмейміз. Бүгінгі кейіпкерлеріміз армандарын жүзеге асырғандар. Астанамен бірге өрістері кеңейіп, жарқын болашаққа нық қадам жасай алғандар...

Гүлжауһар БАЖАҚАЙ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.