ЕРЕКШЕ БАЛАЛАРДЫҢ ЕРЕКШЕ ӘЛЕМІ БАР

Среда, 24 Апрель 2024 04:37 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 175 раз

Атақты суретші Леонардо Да Винчиді білетін боларсыз. БЦП диагнозы қойылған солақай суретші – әлемге танымал Мона Лиза картинасының авторы. Дәл осындай ерекше жандардың ішінде есімі әлемге әйгілі тұлғалар жетерлік: Моцарт, Эйнштейн, Мария Кюри, т.б.

 

Ерекше балалар әлемін тереңірек танып, тәжірибемізді біліммен ұштастыру– біздің басты мақсатымыз. Ерекше балалардан тұлға қалыптастыру үшін, алдымен, ата-анадан үлкен көмек, қолдау, балаға деген сенім қажет. Ерекше баланың ерекше дарынын ашу үшін жағдай жасап, қоғамнан шектемеген абзал. Өйткені, әр баланың қалауы, құқығы бар. Осындай мақсатпен ерекше білім беруді қажет ететін балаларымызға Шымкент қалалық №2 оқушылар сарайында «Сенсорика және сөйлеуді дамыту» кабинеті жұмыс істейді. Сонымен қатар, ерекше балалардың қызығушылығын оятып, ұсақ қол моторикасын дамытуға және дене бітімінің дұрыс қалыптасуына бағытталған суда жүзу, сурет салу, үстел теннисі, сазбалшықпен мүсіндеу үйірмелері бар.
Сенсорлық дәрісхана – ерекше білімді қажет ететін, дамуында түрлі тежелуі бар балаларды күнделікті өмірге бейімдеуге арнайы жабдықталған бөлме. Онда педагог-психологтар балалармен жеке бағдарламаға сай жұмыс істейді. Яғни, адамның қоршаған ортаны қабылдауына қажет үш басты каналына әсер етеді. Олар – кинестетикалық, аудиалды және визуалды (тактильді түсіну, дауыс және түстер арқылы әсер ету). Мұндағы дәріс үш бағытта оқытылады:
1. Босаңсу жаттығулары арқылы балалардың қобалжу деңгейін, агрессиясын төмендетіп, өзін-өзі қалыпты ұстауға үйрету;
2. Балалардың сенсорлы қызметтерін, яғни көру, есту, қабылдауын, түйсіну және қоршаған ортаны қабылдауын дамытуға арналған сабақтар өткізу;
3. Баланың тұлға ретінде қалыптасып, өзін өзі қалыпты бағалау үшін қарым-қатынас дағдыларын қалыптастыру.
Сөйлеуді дамыту кабинетінің мамандары ерекше балалардың сөздік қорын дамытып, өз ойын ауызша-жазбаша анық әрі дұрыс жеткізуге баулып, әдепті сөйлеуге дағдыландырады.
Сөйлеуді дамыту сабағы төрт бағытта жүргізіледі:
1. Дайындық кезеңі (артикулияциялық жаттығу, тыныс алу кезеңі);
2. Дыбыс қою кезеңі;
3. Автоматизация-машықтандыру(ра-ро-ру-ры);
4. Дыбысты салыстыру, сөзде және сөйлемде қолдану.
Шымкент қалалық №2 оқушылар сарайының жылдық жоспарына сәйкес, «Психологиялық қолдау және сөйлеуді дамыту» апталығы өтті. Апталықта мамандар тәжірибе алмасып, оқушылардың шығармашылығын, белсенділігін арттыру мақсатындағы жұмыстарымен таныстырды. Апталықта педагог-психологтар Д.Байжекеева мен А.Абетаева «Түстер мен сандар әлеміне саяхат», ал Л.Монтаева мен А.Бексұлтанова «Теңіз түбіндегі әлем», логопед Ж.Тлемисова, Г.Ағабек «Сөйле де, ойна» тақырыбында түзету-дамыту сабақтарын өткізді. Сонымен қатар, қосымша білім беру ұйымының оқушыларымен «Әрбір бала бір жұлдыз», ата-аналарға «Эмоция әміршісі», ұжым қызметкерлеріне «Балалық шаққа саяхат» тақырыбында тренингтер ұйымдастырылды.

Динара БАЙЖЕКЕЕВА,
№2 Оқушылар сарайының логопед маманы

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.