ГРОССМЕЙСТЕР КУБОГЫ ТАЛАСҚА ТҮСТІ Избранное

Среда, 24 Апрель 2024 04:32 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 505 раз

Шымкентте шахматтан ҚР әйелдер арасында тұңғыш гроссмейстер Гүлісхан Нахбаеваның кубогы үшін студенттер арасында турнир өтті. Турнирге қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, қалалық білім басқармасының басшысы Нұргүл Шәмшиева және оқу орындарының басшылық құрамы қатысып, шахматшыларға сәттілік тіледі.

Mat

 

– Президентіміз Қасым-жомарт Кемелұлы Тоқаев әділетті Қазақстанды құру жолында адал ұрпақ тәрбиелеу керек екендігін, ол адал ұрпақтың деңгейі биік, парасат-пайымы жоғары болуы керектігін айтып келеді. Осы тұрғыда Президентіміз неше жылдан бері шахмат спортын дамыту туралы Үкіметке де тапсырма беріп, кешенді жоспар жасалған болатын. Бұл салаға Шымкент қаласының білім басқармасы да, спорт басқармасы да айырықша көңіл бөліп отыр. Сол кешенді жоспардың арқасында оқу сағаттары бөлінді. Келесі оқу жылынан бастап біздің мектептердегі балаларымыз да осы қосымша вариативті сағаттар бойынша шахмат сабақтарын өтетін болады. Өскелең ұрпаққа үлгі болатындай тұлға қажет. Сондай тұлғалардың бірі – үздік шахматшы Гүлісхан Нахбаева. Бүгінгі жарыс алғаш рет ұйымдастырылып жатыр. Бұл турнирден де Гүлісхан сияқты мықты шеберлер шығып, келер ұрпаққа үлгі көрсетеді деп білеміз. Барлық қатысушыларға сәттілік! – деді С. Құранбек.
Гүлісхан Сайфуллинқызы Нахбаева – 1991 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген. 2012 жылы Қазақ қыздары арасынан шыққан тұңғыш гроссмейстер атанды. Қазақстанның алты дүркін чемпионы. 16-18 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында Азияның екі дүркін жеңімпазы. 20 жасқа дейінгілер арасында Азияның күміс жүлдегері. Әйелдер арасында Азия чемпионатының күміс жүлдегері. Сондай-ақ, 2013 жылы ерлер арасында халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанған тұңғыш қазақ қызы.
Турнир FIDE ережесіне сәйкес өтті. Жедел шахмат турнирі 7 турдан тұрады. Әр турға 15 минут уақыт берілді. Шахмат турнирі екі күнге жалғасып, жеңімпаз Г. Нахбаева атындағы кубокпен марапатталды. Шымкенттегі 14 колледжден 60 студент сайысқа түскен турнирде Политехникалық колледж студенттері 3-орынды иеленсе, Жол-көлік колледжі 2-орыннан көрінді. Ал, Парасат колледжінің шахматшылары 1-орынды иеленіп, жеңімпаз атанды.
Айта кетейік, турнирдің ұйымдастырушысы әрі демеушісі Гүлісхан Нахбаеваның ата-анасы – Сайфуллин Нахыпбекұлы мен Айдын Орысбайқызы. Турнирдің жалпы жүлде қоры 1 миллион теңгені құрады.

Гүлнұр СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.