Тас жолдағы велоспорттан 207.7 шақырымға созылған топтық сайыста Азия ойындарына бірінші рет қатысқан 23 жастағы Евгений Федоров топ жарды. Бұл сында Алексей Луценко күміс жүлдені олжалады.
Айта кетсек, Евгений Федоров 2018 жылы жасөспірімдер арасында Олимпиада чемпионы атанып, 2019 жылы ересектер арасына өтті.
Джиу джитсудан 69 келіде әлем чемпионатының қола жүлдегері, 21 жастағы Нұржан Батырбеков Азия ойындарында топ жарды. Ол финалдық сайыста 2 дүркін Азия чемпионы Мохамед Алсувайдиден (БАӘ) соңғы секундта жеңісті жұлып алды. Сонымен қатар, 62 келіде Мансұр Хабибулла, 69 келіде Серік Алдияр 3-ші орын алды.
Каратэден Нұрқанат Әжіқанов (75 келі) Непал, Қырғызстан, Малайзия өкілдерін жеңіп, финалға шыққан. Шешуші кезеңде Хасан Масарвехті (Иордания) 8:0 есебімен тас-талқан етіп жеңді. Сондай-ақ, Лаура Әліқұл (68 келі) күміс жүлдеге иелік етті. Ол финалда қытай спортшысына ұпай санымен есе жіберді. Сонымен. каратэшілер 1 алтын, 1 күміс жүлдеге иелік етті.
Айта кетсек, еліміздің спортшылары жалпыкомандалық есепте 8 алтын, 15 күміс, 38 қола жүлдемен 11-ші орында тұр. Әзірге, үздік үштікте Қытай, Жапония және Оңтүстік Корея спортшылары алда келеді. 19-шы Жазғы Азия ойындары 8 қазан күні мәресіне жетеді.