×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 26

«ShymkentBike» – веломәдениеттi дамытудың мүмкiндiгi

Пятница, 05 Август 2016 09:10 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 4500 раз

Жақсы бастамаға әрдайым көпшілік тілекші. Әрбіріміз де өмірімізге еніп жатқан түрлі жаңа технология игіліктерін пайдалануға асығатынымыз рас. «Жақсыны көрмекке» деген ғой. Осы күні қала тұрғындары «Shymkentbike» компаниясының велосипедіне отыра бастапты. Қызығушылық басым. Күн сайын 100-ден аса тұрғын салауаттылықты насихаттап жүргеніне куә болдық. Қалада веломәдениетті қалыптастырудағы шаралар жалғасын тауып жатыр. Қазірдің өзінде орталық көшелерге 18 велостанса орнатылды.

ЖАҢА ВЕЛОЖОЛДАР САЛЫНАДЫ

10

Бірегей жобаға қала әкімдігі зор қолдау көрсетті. Шымкент қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі мамандары арнайы веложолдар салу жұмыстарын атқарды. Аталған бөлім маманы Бауыржан Шырынбаевтың айтуынша, бұл мақсаттағы алғашқы кезең аяқталған. Енді қыркүйек айында құрылыс жұмыстары тағы жалғаспақ. Оған қазынадан 193 миллион теңге бөлініпті. Бюджет қаржысына жаяу жүргіншілер жолы әрі веложолдар салынады.
Мүмкіндік бар. Қолдау да арта түскен. «Shymkentbike» компаниясының директоры Серік Жұманов жақын күндері тағы 4-5 станса іске қосылатынын айтады.
– Франциядан қосалқы бөлшектерге тапсырыс бердік. Бір жарым айдың ішінде 40 стансаның бәрін іске қосамыз. Алдағы күндері «Нұрсәт» шағынауданы, Әкімшілік іскерлік орталығы аумағына да станса қойылады. Қазір қалада 160 адам біздің картамызды сатып алды. Яғни, орташа есеппен күніне 100-ге жуық адам велосипед ершігіне отырады деген сөз. Қыркүйекке қарай олардың саны көбеюі тиіс. Өйткені, студенттер келеді, – дейді ол.
Талдау жұмыстары көрсеткендей, қала тұрғындары жаңа заманауи велосипедке негізінен таңертең және кешкі мезгілде отырады. Шілденің ыстығы сәл қолайсыздық тудырып тұр. Оның үстіне стансалар әлі толық орнатылып біткен жоқ.
Жаңа жобаға бастапқыда таңырқай қарайтынымыз заңдылық. Бой үйреткенше, өзіміз қолданып көрмегенше түрлі пікірлердің туатыны да рас. Осы орайда көпшілік түсінбей жүрген жағдайды айта кетсек. Негізінен, велосипедті алғаш пайдаланушылар бір айға карта аштырады. Ол үшін айына 2500 теңге төлейсіз. Бастапқы жарна ретінде картаға мың теңге алынады. 1000 теңге – абоненттік төлем. Картада 500 теңге болу міндет. Егер картаны еш зақымдамай, өткізетін болсаңыз, 1000 теңгеңізді қайтарып береді. Бастапқы жарты сағат тегін. 31 минуттан бастап сағатына 100 теңгеден есептелінеді. Егер бір стансадан келесі стансаға он-он бес минутта баратын болсаңыз, жарты сағатқа дейін абоненттік төлем алынбайды.

ЖҰМЫСҚА ВЕЛОСИПЕДПЕН БАРМАҚ

13775504 1631615890470827 6540918105270704311 nВелосипед тебу – денсаулықтың кені екенін көпшілік ұғына бастағаны қуантып отыр. Жаңа жобаның артықшылығы көп: автобус күтіп отырмайсың, ереже бұздың деп қалтаны қағатын ешкім жоқ, ең бастысы қаражат үнемделеді. Жақын аралыққа зыр етіп баруға зор мүмкіндік.
Осы күні Әл-Фараби алаңы мен Абай саябағында жаңа жобаның игілігін пайдаланушы бірқатар қала тұрғынын кезіктірдік. Велосипедтің қызығын көріп жүргендердің бірі – Жанат Қалметова. «Оңтүстік-цирк» мекемесінде аң үйретуші болып жұмыс істейтін ол осыны қолға алған азаматтарға алғысын айтып, мүмкіндікті пайдалануға шақырады.
– Басты мақсатым – салауатты өмір салтын ұстану. «Shymkentbike» компаниясы осындай керемет сый ұсынып отырғанда оны неге пайдаланбасқа?! Өзім осы саябақ маңында тұрамын. Күнде кешкісін бір жарым сағат айдап, бой сергітеміз. Бағасы тиімді. Екінші ай пайдаланып жатырмыз. Шілде айында да картаны аштырып едім. Тамыз айына оны тағы ұзарттық. Велосипедтің дизайны да тартымды. Техникалық мүмкіндіктері көңілден шығады. Айына 2500 теңге деген – аса қымбат емес. Қазір барлық елде салауатты өмір салтына назар аударылып жатыр. Сол себепті, велоспортқа ойысатын кез жетті. Көпшілікті осыған шақырамын, – дейді қасына ұлын ертіп шыққан қала тұрғыны.
Оның отбасымен салауатты өмір салтын ұстанып жүргені қуантады. Қалада тегін жүре беруге болатынын бағамдаған ол алда жұмысқа осы көлікпен бармақ.
Жеке кәсіпкер Мақсат Рысқұлбековтің де талабы қуантарлық. Ол да осы маңда екі аптадан бері салауаттылықты насихаттап жүр. Бір айға карта алыпты. Досы екеуі үш сағат кезектесіп тебеді. Жұмыстан қолы босағанда осында аяңдайды. Олардың да пікіріне құлақ түрдік. Кәсіпкер жігіт мұндай велосипедті осыдан екі жыл бұрын Францияға барғанда көріпті. Өзі көліктердің қосалқы бөлшектерін сатумен, тасымалдаумен айналысады.
Бізде жолдар әлі толық дайын болмай тұр. Ақырындап бұл мәселе де шешіледі. Шетелде велосипед, мотоцикл айдаушыларға құрмет жоғары. Мәдениет қалыптасқан. Бізде жастар енді біле бастаған. Қалай десек те, велосипедтердің санын көбейте беру керек. Велосипед айдау өзіміз үшін керек. Кәсіпкер жігіт осындай ой қосты.
Саябақты бір сағат бақылап жүріп, келушілердің жартысы велосипед теуіп жүргенін байқадық. Әлі де болса көпшілік сағатына 500 теңгеге жалға беретіндерге үйір. Жастар жағынан сұрау салып көрдік. Кейбірі саябаққа ара-тұра келгендіктен осы дұрыс екенін айтса, енді бірі жаңа жобаны қалай қолдануды білмейміз деген пікірде.
Әсіресе, студенттерге тиімді екенін айттық. М. Әуезов атындағы ОҚМУ-дың 2 курс студенті Мереке Сабанбай велостанса ашылғалы осында жүр. Ұлымен бірге күнде келеді. Ол да болашақта автобустың орнына велосипедті ауыстырмақ. Пандустар барлық жерде орналастырылмауы аздап қиындық тудырып тұр. Жалпы, ниет болса велосипедті пайдалана беруге болады дейді.

ТҰРҒЫНДАР БЕЛСЕНДIЛIК ТАНЫТСА...

 

DSC01965   DSC01949

 

Шымкент қаласы әкімдігі мен «Самұрық-Қазына» АҚ бірлесе іске асырған жобаның өміршең боларына сенім зор. Шымкент Елордадан кейінгі мұндай велосипед жүйесін орнатқан елдегі екінші қала атанды. Ең бірінші болып, қала әкімі Ғабидолла Рахматоллаұлының өзі велосипедті пайдалану үшін арнайы карта сатып алғаны мәлім. Оны қолдай кеткендер де көп.
Шымкентте бүгінде велосипедті жанына серік еткен жандардың қатары 9 мыңнан асады. Қаланың инфрақұрылымдық жағдайын жақсарта отырып, бұл көрсеткішті бірнеше есеге арттыруға мүмкіндік бар. Ол үшін қоғам болып қолдау қажет екенін ұғынасыз. Қаланың велоспорт және веложол инфрақұрылымын дамыту – басты назарда тұр.
– Бізге көзқарасты өзгерту керек. БАҚ арқылы насихаттап, халыққа жеткізсеңіздер. Денсаулыққа пайдалы екенін, әрі қаржы үнемделетіні жайында ақпарат беру қажет. Әкім қолдап отыр. Енді қала тұрғындары да белсенділік танытуы тиіс, – дейді Серік Қалиұлы жобаны бірлесе дамытуға үндеп.

ЕЛДIҢ ӘЛЕУЕТI САЛАУАТТЫЛЫҒЫМЕН ӨЛШЕНЕДI

Расында, қоғам болып, жаппай қолжетімді көлік түріне отырамыз десек, әуелі көзқарасты өзгерткен жөн. Қала тұрғындарының көбінде велосипед бар. Бірақ оны тек ауласында, саябақта ғана серуендеуге пайдаланатыны тағы айқын. 

Бізде әлі де жарнамалау жағы кемшін. Шетелде веломәдениет бұрыннан қалыптасқан. Елдің әлеуеті салауаттылығымен өлшенетін кезге келдік. Велосипед теуіп те еліңді әлемге танытуға болады. Бәрі де ниетке байланысты ғой. Мәселен, Александр Винокуров қырыққа таяғанда Олимпиада ойындарында чемпион атанды. Жастарды көптеп осы спорт түріне баулысақ, тұрғындарды жаппай осы өнерге тартсақ, келешекте чемпиондардың шықпауы мүмкін емес. Ол үшін бойымыздағы селқостықты сілкіп тастап, салауатты өмірді кеңінен насихаттай білсек.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.