Қала өмірінде жолдың атқаратын рөлі ерекше. Шымкент аумағы кеңейген сайын халық саны мен көлік нөпірі артып келеді. Тұрғындардың жол қатынасын жеңiлдету үшiн биыл қала аумағына енген 40-қа жуық елді мекеннің жолдары жөнделіп, қала бойынша 25 көшеге жаяу жүргінші жолдары салынады.
Қазір жолды жөндеу жұмыстары басталып та кетті. Алғашқы болып Жыланбұзған ауылының 3 көшесіне жол салынды. Оған жергілікті бюджеттен 40 миллион теңге бөлінген.
Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәлімдеуінше, биыл жол салуға қала бюджетінен 1 миллиард 700 миллион теңге қарастырылған. Мұнан бөлек 250 миллион теңгеге қала ішіндегі жолдардағы ой-шұңқырлар қалыпқа келтіріледі. Шымкентте 2810 шақырым жол болса, оның 1000 шақырымы тастақ, 300 шақырымы топырақ жолды құрайды.