Шымкент – ауыз суы ең арзан қала

Пятница, 24 Май 2024 07:54 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 300 раз

shymkent-su

Шымкент қаласында «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС баспасөз турын ұйымдастырып, оған БАҚ өкілдерінен бөлек көп қабатты үйлердің төрағалары да қатысты. Баспасөз турына қатысушылар «Ақбай-Қарасу» су қоймасына барып, жұмыс барысымен танысты.

 

Суға да инвестиция қажет

Шымкент қаласына қажетті судың 90%-ы «Ақбай-Қарасу» су қоймасынан жеберіледі. Бұл су қоймасы – толық автоматтандырылған үлкен өндірістік кешен. Мұнда 45 ұңғыма жұмыс істейді. Ұңғымалар мен сусорғы, құбырлардың жай-күйі, су көлемі, құбырдағы қысым және басқа да арнайы параметрлер туралы деректер диспетчерлік пункттің мониторларында көрсетіледі. Барлық жұмыс процесі орталық диспетчерінің бақылауында болады.

Мамандардың айтуынша, қалаға сағатына 10-12 м3 су жіберіледі. Әр шағынауданда су көлемін бақылайтын нүктелер қойылған. Айта кету керек, республика бойынша су тарифі ең төмені – Шымкент қаласы. Мұның өзіндік себебі де бар. Су қоймасы жер бедерінен биіктеу орналасқандықтан, су алу қиынға соқпайды. Әрі бұл орында табиғи вакуум бар. 60 метрге суды көтеру үшін 250 киловаттық үлкен қозғалтқыш керек. Онда электр энергиясы көп жұмсалады. Ал, мұндағы вакуумдық жүйе арқылы электр энергиясы үнемделеді. Сондықтан судың тарифі арзан.

– 2021-2026 жылдарға бес жылдық тариф бекітілген. Бұл жерде инвестициялық міндеттемелер бар. Тарифтің төмен болуы, судың үнемделуі – барлығы инвестиция тартудың нәтижесінде іске асты. 1 м3 су көлемі тұрғындарға қосымша құн салықсыз 86 теңгені құрайды, – дейді Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысы Кенжеболат Қуандықұлы.

 

Жүйелі жұмыстар нәтиже берді

1998 жылы құрылған «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-нің атқарған жұмыстары ауыз толтырып айтарлықтай. Мәселен, құбырлар, сусорғы, соңғы заманауи, энергияны өте аз жұмсайтын, қызмет ету мерзімі ұзақ техникалармен алмастырылған. Нәтижесінде 1 км3 кететін су шығынының үлесі кезінде 0,87 киловатт болса, қазір 0,06 киловаттқа түскен. Яғни, 4 есе тиімді пайдалануға өттік. Жерасты суларына мониторинг әр 25 жыл сайын жасалынады. Бұл көрсеткіш бойынша қала тұрғындары алдағы 25 жылда су тапшылығын көрмейді, – деді «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС бас директорының орынбасары Жанатбек Тұрдалиев.

Жалпы, Шымкент қаласында «Тассай-Ақсу», «Бадам-Сайрам» деген екі су қоймасы бар. Қазіргі уақытта мамандар Ақсу өзеніне де зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Алдағы уақытта бұл өзенді де халық игілігі үшін пайдалануға ұсыныстар ензігіп, жобалық-сметалық құжаттары жасалған.

 

Маман тапшы...

Соңғы уақытта су саласының мамандары тапшы екені айқын сезілуде. Сондықтан маман даярлауға көңіл бөлінуде. Мемлекеттік гранттар саны да артты. Дегенмен бұл саланы таңдайтын жастардың қатары аз. Шымкентте бұл сала мамандарын даярлауға политехникалық және М.Өтебаев атындағы жоғары және технологиялар колледждеріне, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан уинверситетіне мемлекеттік гранттар бөлінеді.

– Бұл білім ордаларында су шаруашылығына қажетті мамандарды даярлайтын арнайы бөлім бар. Ал, колледж бітірген студент ары қарай білімін шыңдау үшін М.Әуезов университетінде мамандығын жалғастыра алады.

Бұл оқу орнына жыл сайын 30 грант бөлінеді. Осы сала бойынша дипломын алған жастар міндетті түрде жұмысқа орналасады, – дейді «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС бас директорының орынбасары Жанатбек Тұрдалиев.

Сондай-ақ, «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-ге қарасты «Smart маман» оқу орталығы үш жылдан бері 10-16 жас аралығындағы балаларға үй жағдайында қажетті техникалық білім береді. Яғни, сантехник мамандығының бастамасын жастайынан үйретеді.

 

«Ауыз суды тек ішуге пайдаланса»

Баспасөз турына келген тұрғындар дәл осы ұсынысты қозғады. «Судың да сұрауы бар» деген көпшіліктің ойы да бір жерден шықты. Бізде көлік жууға, тұрмыстық қажеттілікке, кейде шағын шаруашылықтың өзіне ауыз суды пайдаланады. Дамыған мемлекеттерде бұл мәселе жолға қойылған. Айталық, жаңадан салынған көп қабатты тұрғын үйлер кешенінде су жүйесін жүргізу барысында техникалық суды пайдаланатындай жағдай жасалған. Бірақ, өкінішке қарай, елімізде бұл әлі күнге дейін тәжірибе жүзінде жасалынбапты.

Ауыз су жер астынан дайын күйінде шықпайды. Сусорғымен сорып алған соң хлорланады, залалсыздандырылады, арнайы лабораториялық тексерістен өткен соң ғана халыққа жіберіледі. Жұмыс барысымен таныстырған өндіріс бөлімінің инженері Керімбек Ағабаев деректер бөлісті.

– Суды залалсыздандыру үшін Дания мемлекетінен әкелген қондырғыны қолданамыз. Бұл тек Еуропа елдерінде ғана бар. Хлор көбейіп кетсе, аппарат өздігінен тоқтайды. Бір литр суға 0,3 миллиграмм хлор қосылуы керек. Бұл қондырғылар өздері қажетті хлорды көлеміне қарай суға араластырып отырады. Жетпеген жағдайда компьютерге команда береді. Мамандар осы процестердің барлығын бақылап, қадағалап отырады.

Жер шарының үштен екі бөлігі сулы болғанымен, құрлықта су тапшы. Бұл өзекті мәселе біздің елімізді де айналып өтпесі анық. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өткен жылғы Жолдауында 2040 жылдарға қарай Қазақстандағы су тапшылығы 12-15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін деген мәселені айтты. Өйткені жыл өткен сайын халқымыздың саны да, экономикамыз да өседі. Бұл – қалыпты құбылыс. Сондықтан да су ресурстарын үнемді пайдалану өзекті болып тұр. «Судың да сұрауы бар». Суды ысырап етпеуді әрбіріміз өзімізден бастасақ игі.

 

Гүлжауһар ТЕМІРХАНҚЫЗЫ

Последнее изменение Пятница, 24 Май 2024 09:05
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.