Кәсіпкерлер жарықтың қымбаттағанына наразы

Пятница, 24 Май 2024 09:15 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 277 раз

elektr-kymbat

Шымкент қалалық қоғамдық кеңесі жанынан құрылған Ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, құрылыс және коммуналдық салаларының дамуы жөніндегі тұрақты комиссия «Жұлдыз» индустриалды аймағында көшпелі отырыс өткізіп, кәсіпкерлердің электр энергиясының қымбаттауы бойынша арыздарын талқылады.

Индустриалды аймақта жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар электр қуатына 23-25 теңге аралығында төлеп келген. Қазір жарықтың бағасы қымбаттап, қосымша құн салығын қосқанда тариф 47 теңге 29 тиынға жетті.

Бұл жағдай Табиғи монополияларды реттеу комитетінің 1 сәуірден бастап тарифі реттелмейтін электрмен жабдықтаушы компанияларға берілген лицензияларды тоқтатуынан бастап туындап отыр. Еске сала кетейік, бұл әрекет Мемлекет басшысының делдал ұйымдарды, оның ішінде тұтынушыларды электрмен жабдықтау тізбегіндегі өнімсіз делдалдарды жою жөніндегі тапсырмасы аясында жүргізілген.

Осыған байланысты жергілікті кәсіпкерлер жағдайдың бизнеске кері әсер ететінін айтып, наразылық білдіруде.

– Бізге осы мүмкіндікті беріп, бұрынғы тарифті қалдырса дұрыс болар еді. Бұл жерде кәсіпорындар үшін үлкен проблема туындап отыр. Осыны шешіп берсеңіздер. Отандық өнімді дамытамыз, қолдаймыз десеңіздер жағдай жасалуы керек. Ал, бұл жерде қазір баға 3 есе өскен. Кәсіпорындар банкрот болады, – дейді «Бал Текстиль» ЖШС директорының орынбасары Дәулет Қанашаев.

Дегенмен «Энергопоток» ЖШС ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетіне Шымкент қаласының заңды тұлғалары үшін электр энергиясына тарифті 42,23 теңгеден 37,00 теңге/кВтсағ-қа дейін, яғни 12,4%-ға төмендету туралы өтініш жолдауының арқасында 1 мамырдан бастап төмендетілген тариф белгіленген.

Тарифтің төмендеуіне тұтынушылардың, қаланың заңды тұлғалары мен бюджеттік ұйымдарының тарифі реттелмейтін энергиямен жабдықтаушы ұйымдардан электр энергиясын кепілді жеткізуші «Энергопоток» ЖШС-ға ауысуы себеп болды. Бұл кепілді жеткізушінің көрсететін қызметтерінің көлемін ұлғайтуына, тиісінше тарифті төмендетуіне әсер еткен.

Алайда, бизнес өкілдері сәуір айындағы түбіртекті жоғары тарифпен төлеуі тиіс. «Энергопоток» ЖШС-нің өкілі бұл бағаны өзгерте алмайтындықтарын айтып, алдағы уақытта электрмен жабдықтау қызметтерін үздіксіз алу үшін Шымкент қаласының заңды тұлғаларына «Энергопоток» ЖШС-мен тиісті шарт жасасуды ұсынды.

Ал, кәсіпкерлер әлі де болса тариф мәселесін қайта қарау керектігін айтады. Қоғамдық кеңес мүшелері мен жиналған мекеме өкілдеріне, Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментіне осы ұсыныстарын жоғарыға жеткізуді, мәселені әркім өз жағына тартпай, барлығына оңтайлы жолмен шешуді сұранды.

Салтанат ЖАМАЛДИНОВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.