Анаға – тағзым, аруларға – құрмет Избранное

Среда, 22 Май 2024 05:13 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 363 раз

Ана – өмірдің нұры, тіршіліктің – гүлі, отбасының берекесі. Ана – адамзаттың асылы. «Жұмақ Ананың табанының астында» деп бекер айтылмаған. Сондықтан да Анаға деген сезім қашан да қастерлі, Анаға деген құрмет бәрінен биік. Міне, осындай Ұлылыққа тағзым ретінде Шымкентте «Аналар аллеясы» гүлзары ашылды. Желтоқсан көшесінің бойында, Бейбітшілік пен Момышұлы көшелерінің ортасында орналасқан жаңа демалыс орнының ашылуына Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков арнайы қатысып, шара аясында жергілікті тұрғындармен жүздесті.

Alleia-22

 

Күннен-күнге көркейе түскен шаһардың келбетіне шырай қоса түскен жаңа гүлзардың ашылу салтанатына жергілікті тұрғындар көп жиналды. Үшінші мегаполистің мерейін асыру орайында атқарылып жатқан игілікті істердің, жақсы жаңалықтардың аз еместігін айта келе, қала басшысы тұрғындарды жаңа нысанның ашылуымен құттықтады.
– Мемлекет басшысының тапсырмасымен қалада тұрғындарға жайлы орта қалыптастыру жұмыстары жалғасуда. Мегаполистің микроклиматын қалыптастырып, жасыл желекті көбейту мәселелері басты назарда. Міне, соның айғағы – жаңа гүлзар ел игілігіне беріліп отыр. Мұның барлығы – сіздер, тұрғындар мен балалар үшін. Гүлзар демеушілердің қаржысына салынды. Біз қала бюджетін халыққа тиімді жобаларға бағыттамақшымыз. Ендігі мақсат – осы ортақ мүлікті күтіп ұстап, қамқорлық таныту керек, – деді Ғабит Сыздықбеков.

Alleia

Демеушілер есебінен салынған демалыс аймағының жалпы ауданы шамамен төрт мың шаршы метрді құрайды. Халыққа ыңғайлы болу үшін жаяу жүргіншілер жолының бойында жарықтандыру шамдары, орындықтар, сондай-ақ суармалы көгалдар қарастырылып, жасыл желектер отырғызылған.
Жаңа демалыс орны ерекше сипатымен көз тартады. Заманауи үлгіде жасалған гүлзар ортасында кимешек киген Ана мүсіні тұр. Самаладай жарқыраған кешкі жарықпен «Кимешекті ана» айналасына арай таратып, мейірім шуағын төгіп тұрғандай әсер қалдырады.
Жобаның демеушісі «Береке» корпорациясы.
– Халық игілігіне жарасын деген ниетпен осы гүлзарды жасауды өз жауапкершілігімізге алдық. Оның әр аумағы тұрғындармен келісе, ақылдаса отырып абаттандырылған. «Аналар аллеясын» ел анасы болған, белгілі кәсіпкер, меценат, Шымкенттің өркендеуіне үлкен үлес қосқан Рәшкүл Оспанәлиева анамыздың құрметіне, сондай-ақ барша аналардың құрметіне арнап салдық, – дейді «Береке» корпорациясының бас директоры Еркінгүл Жәлелқызы.
Гүлзар ересектердің де, балалардың да жайлы да пайдалы орнына, сейіл-серуен құрып, демалатын аймағына айналатыны сөзсіз.
Айта кетейік, Шымкент қаласының аумағында қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы тарапынан күтіп-ұсталынатын 10 саябақ, 44 гүлзар мен аллея бар. Қала әкімінің тапсырмасы бойынша қазіргі уақытта Еңбекші ауданында тағы бір сквердің құрылысы жүргізілуде. Жібек жолы, Сайрам көшелерінің қиылысында жаңа серуендеу аймағы пайда болады. Бұл жоба да демеушілердің көмегімен жүзеге асырылады.

Салтанат ТҰРҒАНТАЙҚЫЗЫ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.