Шымкент қаласы Тәуке хан көшесіндегі №233 мекенжайда орналасқан «Барно» квасын білмейтіндер кемде-кем шығар, сірә. Онда қашан барсаңыз да адам қарасы үзілмейді. Ал кешкісін ұзын сонар кезек көше бойына шығып жатады. Тіпті, кейбіреулер осынау сусынды ішу үшін өзге өңірлерден арнайы келеді екен. Тіл үйірер квасты өз көзімізбен көріп, дәмін татып қайттық.
Біз келгенде күн тас төбеден ауып, екінтіге таяп қалған еді. «Барноның» дәмін тату үшін біршама уақыт кезек күттік. Қарапайым ғана бастырмада орналасса да қызметшілерге де, келушілерге де ыңғайсыздық тудырмайды. Сатушылар шөлдеп, қаталаған адамдарға 3-4 жерден тәтті сусынды ерекше әдіспен құйып беріп жатыр. Біздің алдымызда тұрған жас жігіт бір бокалын ішіп жатып, өзімен бірге алып кетуге 10 литрге тапсырыс берді. Бізге өзін Сұлтан Махамбетов деп таныстырған азаматтың бұл сусынға деген әуестігіне таң қалып, квасты мұнша көп мөлшерде алуының мәнісін сұрадық.
– Квас пепси-кола емес. Шөліңді тез қандырады. Таза табиғи өнім. Пайдасы да бар. Жаз мезгілінде отбасыма жиі алып барамын. Жұмыстағы әріптестерім де осы жаққа келеді. Қалада басқа жерде бар ма, жоқ па білмедім. Дәл мұндай жоқ шығар. Өзім осы жерге келіп жүргеніме 3 жылдан асты. «Барно» өз дәмін жоғалтқан емес, – дейді қала тұрғыны Сұлтан Махамбетов.
Біздің де кезегіміз келді. Тапсырысымыз дайын болғанша, сатушы қызбен сұхбаттасып үлгердік. Айтуынша, «Барно» квасының үш түрі бар. Тәтті, орташа, қышқыл. Бағалары да қолжетімді. Кіші ыдысы (0,3) 70, орташасы (0,5) 100, үлкені (1,5) 250 теңге. Басқа квастардан айырмашылығы консервантсыз екен. Құрамында қатқан нан (сухарики), ашытқы, қайнаған су, қант және табиғи газдалуы үшін аздаған жүзім бар.
– Бұл квастың дайындалу технологиясын әпкем Барно 1998 жылы ойлап тапқан. Алғашында тек өздері үшін қолданып жүрді. Кейіннен басқаларға да ұнай бастаған соң, көп мөлшерде шығарды. 2002 жылдан бастап тап осы жерден өз атымен сатыла бастады. Табиғи және денсаулыққа да пайдасы болғандықтан қазірге дейін келушілері кеміген емес. Әсіресе, жаз мезгілінде сұраныс көп, – дейді Барноның сіңлісі Юлдуз Ахмедова.
Сусынымызды асықпай ішіп, шөлімізді басып алдық. Самсасы да келген бойда сатылып жатыр. Бағасы 150 теңге. Ғимараттың жоғары жағына Шымкент қаласы әкімдігінен көшпелі саудамен айналысуға алған рұқсат қағазы, санитарлық-эпидемиологиялық қорытындысы және тағы басқа құжаттар ілініп тұр. Суды бұлақ басынан ішкен секілді, «Барно» квасын да бастапқы сатылатын жеріне келіп, дәмін таттық. Айта кетейік, квас орталығы апта бойы таңғы 9:00-ден, түнгі 00:00-ге дейін үзіліссіз істейді.
Мыңдаған жылдар бұрын ойлап шығарылған бұл сусын ас қорыту жүйесін реттеп, зиян және ауру туғызатын микробтардың пайда болмауын қадағалайды, зат алмасуды, жүрек-қантамырлары жүйесінің жұмысын жақсартады, тәбетті ашады. Құрамындағы пайдалы микроағзалардың мөлшері жағынан квас айраннан қалыспайды. Ол да ас қорытуды, зат алмасуды жақсартады және иммунитетті күшейтетін қасиетке ие.