«Мықты маман болу үшiн еңбекпен дос болуың керек»

Пятница, 26 Август 2016 10:23 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 7025 раз

– дейдi алғысқа бөленген дәрiгер Әбдiшүкiр ЕГIЗБАЕВ

Білетіндер балалар хирургі Әбдішүкір Егізбаевтың есімін мақтанышпен айтады. Көпшілік оны «қолы алтын дәрігер», «алғыс арқалаған азамат» деп құрметтейді. Өйткені ол талай баланың сауығуына себепші болған, саналы ғұмырын медицина саласына арнаған жан.


20160820 112724Балалар хирургі болу оңай емес. Мәселен, жаңа туылған сырқатты сәбиден үміт күтіп, дәрігерге жаутаңдайтынымыз рас. Сол сәтте дәрігердің нақты диагноз қойып, дұрыс шешім қабылдауы баланың тағдырын шешіп жатады.
Дәрігер үшін халықтың құрметінен артық атақ жоқ. Әбдішүкір Қазыбайұлы 2003 жылдан бері балалар хирургі болып, абыройлы еңбек етіп келеді. Дәлдік диагностикамен қаруланған, дертке дауа тиімді ем қолданатын облыстық клиникалық балалар ауруханасына күн сайын балалар емделіп, сырқатына шипа тауып, алғыстарын айтады.
Жуырда 3 жастағы бала ауыр жағдаймен ауруханаға түсті. 3-4 күн бойы ауырған Серікжанда өң жоқ. Баланы тексерген дәрігерлер дереу отаға дайындады. Өйткені соқырішегінде шуалшын тәрізді өскіннің бары анықталған. Әрі соқырішек 3 жастағы балалар арасында сирек кездеседі. Әбдішүкір Егізбаев дереу іске кірісті. Аялы алақан арқасында Серікжан Сәдібекке жасалған ота сәтті шықты. Анасы Ақтолқын Жасекованың қуанышында шек жоқ.
– Осыдан бір апта бұрын ұлым «жедел жәрдеммен» хал үстінде осы ауруханаға келіп түсті. Шынымды айтқанда баламның ертеңгі өміріне күмәнім бар болатын. Аман қала ма деген ой да болған жоқ. Тілеуім Әбдішүкір Егізбаевқа кез қылыпты. Ол ештеңеге қарамастан, хал үстінде жатқан балама шұғыл ота жасады. Міне, Серікжаным сырқатынан айығып, тәтті тіршілікке қайта оралды. Бір байқағаным, мұндағы дәрігерлер ерекше мейірімді, өз ісін жетік білетін мамандар екен. Әсіресе Әбдішүкірге айтар алғысым шексіз, – дейді анасы Ақтолқын.
Облыстық клиникалық балалар ауруханасының бөлім меңгерушісі Қайрат Избасовтың айтуынша, балалар хирургі болу өте қиын да жауапты жұмыс. Әңгіме үнемі пышақпен, қандауырмен жұмыс істеу, ота жасаумен ғана бітпейді. Үнемі тастүйін дайындықты, ішкі сезімталдықты, науқастың жағдайын түсіне білетін жүрек нәзіктігін талап етеді. Сәл ғана қателік орны толмас өкінішке ұрындыруы оңай. Ал Әбдішүкір Қазыбайұлында сәбидің, баланың жанын түсінетін үлкен жүрек бар.
– Қазір хирургтар кез келген сырқаттағы балаға ем жасай алатын дәрежеге жетті. Тіпті екі-екіден тұрып ота жасай береміз, – дейді Қайрат Избасов.
«Қанша алғыс алсаң, сонша ғұмыр жасайсың» деген шығыс тәмсілі бар. Қандай атаққа ие болса да, ең бастысы халықтың берген батасы мен алғысына жетпейтіні шындық. Әбдішүкір Егізбаев алғысқа бөленген білікті дәрігер. Ендеше, алғыс арқалаған хирургтің ғұмыры ұзақ болғай.

Последнее изменение Пятница, 02 Сентябрь 2016 05:55
Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.