Қазақ әнi Париж аспанында әуеледi

Пятница, 26 Август 2016 13:00 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 4366 раз

ШЫМКЕНТТІК ӘЙГЕРІМ ТЕМІРБЕКОВА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАЙҚАУДА БАС ЖҮЛДЕНІ ЖЕҢІП АЛДЫ

Парижде өткен халықаралық ән байқауында қазақ қызы топ жарды. Жас әншінің шеберлігін халықаралық төрешілер жоғары бағалады. Конкурсты ұйымдастырушылар қаршадай қыздың кең диапозонды даусына тәнті болды. 

franceДүбірлі доданың жеңімпазы Әйгерім Темірбекова Шымкентте тұрады. Кішкентайынан ән айтуға құмар болып өскен қыз Халық әртісі Бибігүл Төлегенованы үлгі тұтып, ұстаздарының айтқандарын қалт етпейді. Өткен жылы Қазақстанның өнерлі жастарына қолдау көрсетіп келе жатқан «Жұлдызға жол» студиясының республикалық байқауына қатысып, жүлдегер атанған болатын. 

Жуырда әнші қыз Парижде өткен «RHYTHMS OF PARIS» халықаралық байқауда өнер көрсетті. Латиф Хамидидің «Бұлбұл» әнін орындап, бас жүлдені жеңіп алды. Әйгерім Темірбекова Т. Тәжібаев атындағы №47 мектеп-гимназияда оқиды. Сондай-ақ саз мектебінде вокал жанры бойынша білім алады. Бұл оның алғашқы жеңісі емес. Талай ән байқауында бағы жанып, олжалы қайтыпты. Десе де, халықаралық ән байқауында толқыныс пен қобалжудың болғанын айтады.
– Классикалық ән додасының ерекшелігі сол, оған Ресей, Испания, Италия, Грузия, Иран мемлекетінен үміткерлер қатысты. Өзіме сенімді болсам да, топ жару оңайға соқпады. Ал франциялықтар өте жылыжүзді, әзілді ұнататын халық екен. Әсіресе операны жоғары бағалайды, – дейді Әйгерім Темірбекова.
Әйгерімнің өнер жолындағы алғашқы ұстазы – анасы Гүлбақыт Жұмағалиева. Қызының бойынан ерекше дарынды байқап, төрт жасынан бастап, арнайы үйірмелерге апарады. Талантты қыздың дауысы ерекше. Оның кәсіби шыңдалуына облыстық опера және балет театрының әртісі Гүлжан Расқалиева тер төгіпті.
– Облыстық мәдениет басқармасына, №1 саз мектебіне, Т. Тәжібаев атындағы №47 мектеп-гимназиясына алғысымды білдіремін,-дейді анасы Гүлбақыт.
Мәңгілік елдің мәртебесі биік бойжеткеннің ендігі мақсаты – Парижде білімін жалғастыру. Сондай-ақ Еуропада қазақ елінің атын шығарып, мәртебесін асқақтату. Арманына қол жеткізу үшін Әйгерім неміс және француз тілі курстарына барып жүр.

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.