Бұрындық хан

Пятница, 27 Февраль 2015 06:03 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 10843 раз

Қазақ хандығының тарихында хандықтың құрылуы мен күшеюiне өз үлесiн қосқан және хандықты 40 жылдай басқарған — Бұрындық хан болды. Ер жеткеннен билiкке ие болған ол қазақ халқының этникалық территориясының қалыптасуы жолында үлкен еңбек сiңiрдi. Хандықтың батысында ноғай мырзаларымен, оңтүстiгiнде шайбанилық сұлтандармен ұзаққа созылған күрестi бастан кешiрдi.

532b5fccccf6eБилiк құрған жылдарының алғашқы кезеңiнде атақ-даңқы алысқа таралып, лаулап жанған оттай жарқыраса, билiгiнiң соңына қарай жинаған беделiнен айырылып, бүкiл атақ-даңқы сөнген шоқтай бiрте-бiрте өштi. Оның есiмi XV-XVI ғасырларда қазақ хандары – Керей мен Жәнiбек, Қасым, Хақназар, Тәуекел хандардай халыққа кең танымал болмаса да, осы кезеңдегi Мамаш, Тақыр, Бұйдаш, Ахмет (Қожахмет), Тоғым, Шығай хандарға қарағанда жақсы таныс. Қазақ хандығының құрылғаннан кейiнгi алғашқы саяси дамуы мен тарихи кезеңi тiкелей Бұрындық ханның есiмiмен байланысты.
Бұрындық хан — Керей ханның үш ұлының үлкенi. Бұрындықтың қашан дүниеге келгенi белгiсiз. Орта ғасырлардағы жазба деректердiң үзiк-үзiк мәлiметтерiне сүйене отырып, оның өмiрiнiң 40-50 жылдық кезеңiн қалпына келтiруге болады.
Бұрындық хандықтың құрылу үрдiсiндегi оқиғаларға қатысқан. Атап айтар болсақ, 1469-71/72 жылдары Қазақ хандығына қатысты мынадай оқиғалар болған едi: 1469 жылы Әбiлқайыр хан Қазақ хандығына қарсы жорық ұйымдастырып, сол жылдың қараша-желтоқсан айларында орта жолда қайтыс болды. Орнына екiншi ұлы Шайх Хайдар таққа отырды. Бiрақ ол мемлекеттi лайықты деңгейде басқарып, дербес саясат жүргiзе алмады. Осыны пайдаланып Әбiлқайырдың кешегi жаулары әр тараптан жорықтар жасай бастады. Қазақ хандығы тарапынан да бiрнеше жорықтар жасалды. «Тауарих-и гузида-ий нусрат-намадан» басқа «Шайбани нама», «Фатхнама», «Бахр ал-асрар фи манакиб ал ахиар» шығармаларының мәлiметтерi бойынша «көшпелi өзбектер» мемлекетiн талқандауда Қазақ хандығы жағынан тек Жәнiбек ханның есiмi ғана аталады. Ал, Керей хан есiмiнiң аталмауын, бiз, оның 1469 жылға дейiн қайтыс болуымен байланыстырамыз. Керейден соң хандық билiк Жәнiбек ханға өтедi. Бұрындық болса әкесiнен қалған ұлысты басқарып, Жәнiбек ханның жарлықтарын орындап жүредi. Дәл осы жылдарда алғаш рет Бұрындық есiмi «хан» деген лауазыммен жазба дерек мәлiметiне енедi. Шайх-Хайдарға қарсы Қазақ хандығы тарапынан күрестi басқарушы Жәнiбек хан болса, ал, оны iске асырушы Бұрындық болған. Бұл жөнiнде дерек мәлiметi: «Жәнiбек хан адамдары iшiнен Бұрындық хан өз ұлысын жиып, Әбiлқайыр хан ұлдарына тарпа бас салды. Олардың қарсыласуға күштерi келмей, жан-жаққа бытырай қашты. Бұрындық кейiн қайтқан соң, олар қайта жиналып бас қосты», — деп баяндайды. Яғни Бұрындық Жәнiбек хан тапсырмасын орындаушы, ал, жорықтың мақсаты — Дештi Қыпшақтағы шайбанилық сұлтандардың билiгiн жою болған. Жорық бiршама сәттi аяқталғанымен, түпкi мақсат орындалмаған секiлдi. Бұрындықтың кейiн оралуымен, бас сауғалап қашқан Әбiлқайыр ұлдары қайта жиналады. Соған қарамастан Бұрындықтың бұл жорығы оны тарихта қалдырды. Сөйтiп, ол Қазақ хандығының құрылу кезеңiне, әсiресе, оның соңғы кезеңiне өз үлесiн қосты.
Бұрындық ханның қазақ тарихында аты жарқырап көрiнген тұсы — XV ғасырдың 70-90-шы жылдары. Бұл Бұрындық хан өмiрiнiң екiншi белесi болатын. Сол жылдары Қазақ хандығы үшiн күшейiп, нығайып, қазақ халқының этникалық территориясын бiрiктiру жолында күрес жүргiзiлдi. Сол кезеңде Қазақ хандығы Сыр бойындағы қалалар мен өңiрлер үшiн алғашында Мауреннахрдағы темiрлiк билеушiлерiмен, кейiннен шайбанилық сұлтандармен және Моғолстан хандарымен күрестi. Сыр өңiрi үшiн болған күрес жылдарында Қазақ хандығын Бұрындық хан билеп тұрған-ды. Жәнiбек ханның қашан қайтыс болып, Бұрындықтың қай жылдардан бастап билiк құра бастағаны бiзге белгiсiз. Ол туралы ешбiр деректерде жазылмаған. Т. Сұлтановтың пiкiрiнше, Бұрындық хан 1473-74 жылдардан бастап билiк құрған. Бiз де осы пiкiрдi жөн деп санаймыз. Өйткенi, дәл осы жылдардан бастап Сыр бойы үшiн күресте қазақ ханы ретiнде Бұрындықтың есiмi айтылып, Жәнiбек хан ұлдарының бәрi «сұлтан» лауазымымен жазылады. Сыр бойы деп отырғанымыз — Сырдария өзенiнiң орта ағысы бойындағы жерлер. XIV-XVI ғасырлардағы жазба деректер өңiрдi Түркiстан аймағы деп атайды. Бұрындықтың қазақ тарихында алатын рөлi де осы аймақ үшiн болған күресте көрiнiс бередi.
XV ғасырдың 80-90 жылдары Мауреннахрда феодалдық бытыраңқылықтың одан әрi тереңдеуi Қазақ хандығына өте тиiмдi болды. Қазақ мемлекетiнiң саяси-экономикалық ықпалының күшеюiне ендi сол кездегi көршiлес мемлекеттердiң бiрi – Моғолстан қарсылық бiлдiре бастады. Моғол ханы Сұлтанмахмут қазақтармен ашық соғысқа бара алмайды. Сөйтiп, ол да Шайбаниды қолданды. Сұлтанмахмут хан Мауреннахрдан аймақтың бiр бөлiгiн тартып алып, онда Шайбани ханды билеушi етiп қояды. Деректерде бұған Қазақ хандығы наразылық бiлдiрiп, екi жақ арасында екi рет ұрыс болғаны, екеуiнде де қазақтар жеңiске жеткенi жазылады. Осы кездердегi сыртқы саясаттағы жеңiстер Бұрындық ханның беделi мен атақ-даңқын өсiрдi.
XV ғасырдың 90-шы жылдарында Бұрындық хан мен Жәнiбек хан ұлдары арасында қайшылықтар туа бастайды. Бiздiң ойымызша, қайшылықтың негiзiнде Сыр өңiрiнде Жәнiбек хан ұлдары ықпалының өсуi мен нығаюы жатыр. Яғни Бұрындық Жәнiбек ханнан тараған сұлтандардың өз билiгiне көлеңке түсiруiнен қорықса керек. Бұл жағдай сыртқы саясатқа да салқынын тигiзедi. Сол себептi 1493-96 жылдары Түркiстан аймағы үшiн болған ұрыстар қиын, ауыр әрi ұзақ болады. Шайбани хан бiрде Моғол ханы жағына, бiрде мауреннахрлық билеушiлер жағына шығып, өз бағытын өзгертiп отырды. Тiптi, ол негiзгi қарсыласы — Бұрындық ханмен де жақындасуға ұмтылды. Жәнiбек хан ұлдарымен арадағы қайшылықтың одан әрi шиеленiсуi Бұрындықты Шайбанимен одақтас еттi. Сөйтiп, 1496 жылы үш жылға созылған ұзақ шайқастардан соң тараптар келiсiмге келдi. Келiсiмге сәйкес Түркiстан аймағының солтүстiгiнде Қазақ хандығы, оңтүстiгiнде Моғолстан, орталығында Мұхаммед Шайбани хан билiк жүргiзуге тиiс-тiн.
Бұрындық хан кешегi қарсыласы Шайбанмен одақтастықты тереңдету үшiн екi қызын шайбанилық екi сұлтанға ұзатады. Жәнiбек хан ұлдары Бұрындықтың ата жаумен құдандалы болып, жақындасқанына қатты наразы едi. Сөйтiп, олар да Моғолстан ханымен жақындасып, қарсы одақ құрды. Қасым сұлтанның ағасы Әдiк сұлтан Моғол ханының қарындасына үйленедi. Осылайша қазақ қоғамындағы хандық әулет iшiнде бiр-бiрiне қарама-қарсы күштер қалыптасады. Қалыптасқан жағдай Бұрындық ханға абырой әпермедi. Керiсiнше, беделiн төмендетедi. Бұрындық хан өмiрiнiң қайғылы жағы да осында едi.
XVI ғасырдың алғашқы он жылдығында Бұрындық хан өмiрiне түбегейлi бетбұрыс әкелген күрделi iрi оқиғалар орын алды. 1500 жылдың жазында Самарқан тағына келген шайбанилық сұлтан айналасы 3-4 жыл iшiнде бүкiл Мауреннахрды бiрiктiрiп, Ташкенттi моғол ханынан тартып алады. Әбден күшейген Мұхаммед Шайбани хан 1505 жылдан 1510 жылдары Түркiстан аймағын өзiне қаратып, Қазақ хандығын бағындыру үшiн төрт рет жорық ұйымдастырды. Алғашқы үш жорықта Мұхаммед Шайбани Жәнiбек хан ұлдары – Жаныш пен Тыныш сұлтандардың ұлыстарын ойрандады. Ал, сол кезде Бұрындық өз хандығына қарасты сұлтандарды қорғамай, қол қусырып отыра бередi. Тiптi, 1509 жылдың қысында өз ұлысына қарай жау әскерiнiң келе жатқанынан хабардар болған Бұрындық хан қарсылық көрсетпей, қаша жөнеледi. Сондағысы Жәнiбек ханның ұлдары қаншалықты әлсiресе, өз билiгi соншалық күшейедi деп ойласа керек. Алайда, Мұхаммед Шайбани ханның 1510 жылдың қысында қазақтарға жасаған төртiншi жорығына Қасым сұлтан тойтарыс бередi. Шайбани тас-талқан болып жеңiледi. Мұхаммед Хайдар Дулатидiң жазуынша, сол кезде Қасым ресми хан болмаса да, оның беделi Бұрындық ханнан да күштi едi. Қасым ханның жеңiсi Дештi Қыпшаққа түгел тарап, оның атағын өсiредi. Қасым ханның осы жеңiсiнен кейiн Бұрындықтың тағдыры өте қайғылы жағдайда өтедi. Мұхаммед Хайдар Дулати:
«...Қасым ханның атақ-абыройының өскендiгi соншалық, ол Бұрындық ханды қуып жiбердi», – деп баяндайды. Тарихи деректерде баяндалғандай, Бұрындық хан Дештi Қыпшақтан кетiп, Самарқанға барады. Кейiннен сонда қайтыс болады. Ол Үргенiш қаласы маңындағы Бақырған ата қабiрiнiң жанына жерленген.
Қорыта айтқанда, Қазақ хандығының 40 жылдай тарихы Бұрындық ханмен тығыз байланысты. Ол хандықтың құрылуын аяқтап, оны күшейттi. Осы тұрғыдан алғанда Бұрындық ханның төл тарихымызда ойып алар орны бар. Дегенмен, ащы да болса шындық, оның өмiрiнiң соңы абыройсыздықпен өттi. Оның өмiрi қай дәуiрде болса да ел басқаратын азаматтарға тарихи сабақ боларлықтай.

Берекет КӘРIБАЕВ,
ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесi, Әл-Фараби
атындағы ҚазҰУ-нiң профессоры, тарих
ғылымдарының докторы.
(Ықшамдалып берілді)

Последнее изменение Пятница, 27 Февраль 2015 06:41
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.