Кеше мектеп бітіруші түлектер үшін ұлттық бірыңғай тестілеу емтиханы басталды. Шымкентте 5000-нан аса мектеп бітіруші білім бәйгесінде бақ сынамақ. Биыл шәкірттердің білімін таразылайтын сынақ жаңа форматта өткізіліп отыр.
ҰБТ 20-26 маусым аралығына жоспарланған. Қалада 5059 мектеп бітіруші мемлекеттік сынаққа қатысуға өтініш білдірсе, оның 4072-сі қазақ тілінде, ал 987 түлек орыс тілінде тест тапсырады.
Тестілеу негізінен 3 пунктте – М.Әуезов атындағы ОҚМУ (1 457 оқушы), Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік фармацевтика академиясы (1 383 оқушы) және Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде (2 219 оқушы) өтеді.
ҰБТ тапсырмалары 2 блокқа бөлінген. Біріншісінде, талапкерлер математикадан – 20, оқу сауаттылығынан – 20, Қазақстан тарихынан – 20 тапсырманы орындауы тиіс. Екінші бөлікте түлектер алғашқы бейінді пәннен – 30 сұраққа, екінші бейінді пәннен де 30 сұраққа жауап береді.
Тестілеу уақыты – 3 сағат 50 минут. Жалпы тапсырма саны – 120, максималды балл саны – 140.