Еңбектің лентасын қиып, жиында сөз алған тарих ғылымдарының докторы, профессор Дария Қожамжарова ұлтымыздың ұлы тұлғаларының мұралары келешек ұрпаққа қажетті дүние екендігін айтты.
– Абайдың «Толық адам» идеясы әлі күнге маңызын жоймады. Менің бастамаммен құрылған «Мұхтартану» зерттеу орталығында жарыққа шыққан кітаптың мұхтартану, абайтану ғылымдарына қосқан үлесі зор деп білемін. Дүниеде ғылым мен шығармашылықтан асқан байлық жоқ. Абай мен Әуезовті жүрегіне сіңірген жастар елімізді ұшпаққа шығарады. Осындай шығармаларды насихаттау баршамызға ортақ іс, – деді Дария Пернешқызы.
Сондай–ақ, кеш қонағы «AMANAT» партиясының Шымкент қалалық филиалының атқарушы хатшысы Жанар Бектаева сөз сөйлеп, кітаптың «Кітап-AMANAT» жобасы аясындағы кітапханадан орын алатынына, халыққа кең тарап, оқырманға жетуіне үлес қосатындығын айтты.
Мың дана таралыммен жарық көрген кітап авторлары – абайтанушылар Ақжол Қалшабек пен Әзімхан Исабек. Кітаптың мұқабасы Мұхтар Әуезов жарыққа шығарған «Абай» журналының үлгісімен өрнектелген. Кеш соңында жиынға келген қонақтарға кітап үлестіріп, естелікке суретке түсті.
Салтанат ЖАМАЛДИНОВА