«Мұғалім болу оңай емес» Избранное

Среда, 28 Февраль 2024 04:09 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 1895 раз

Шымкентке ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев жұмыс сапарымен келді. Еліміздің бас ұстазы жергілікті тұрғындармен және білім беру саласы мамандарымен жүздесіп, олардың ұсыныс-тілектерін тыңдады. Жиында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының ұрпақтың саналы да сапалы білім алып, кәсіби маман болуына ерекше мән беріп отырғанын және мұғалімдер форумы өтіп жатқанын айта кетті.

bilim

 

2028 жылға дейін 63 мектеп салынуы тиіс

Кездесуде Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Нұргүл Шәмшиева баяндама жасады. Оның мәлімдеуінше, қаладағы 272 мектепте (150 мемлекеттік, 122 жекеменшік) 259 065 оқушы білім алуда.
2023 жылы 23 мектеп пайдалануға берілді (3 мемлекеттік, 20 жекеменшік). Осының нәтижесінде үш ауысымда оқытатын мектеп мәселесі толығымен шешімін тапқан. Білім сапасын көтеру үшін 5 жылға арналған кешенді жоспарға сәйкес, 2028 жылға дейін 50 240 орынға арналған 63 мектеп салынуы тиіс.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру мақсатында Шымкент қаласында 2025 жылға дейін 28 000 орынды 18 мектеп салу жоспарланған. Бұл жағдайда мектебі жоқ 8 шағынауданның мәселесі толығымен шешіледі. Былтыр 17 300 орынды 12 мектептің құрылысы басталды. Ал, биыл 10 700 орынды 6 мектеп салынады. Сондай-ақ, 14 мектептің жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалып, республикалық бюджеттен қаржыға сұраныс берілген, – деді Нұргүл Ақылбекқызы.

5 мектепте директор жоқ

Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Сұлушаш Құрманбекова саладағы бірқатар проблеманы атап өтті. Өткен жылы қаладағы 183 білім беру ұйымына (130 балабақша, 41 мектеп, 28 колледж) мемлекеттік аттестаттау жүргізілген. Соның 159-ында мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарды орындау бойынша бұзушылықтар анықталған. Ал, департаментке келіп түскен арыз-шағымдар бойынша жоспардан тыс 24 тексеру, құқық қорғау органдарының тарапынан түскен ұсыныстар бойынша 35 тексеру жүргізілді, e.gov.kz порталы бойынша 286 арыз-шағым тіркелді.
– Бүгінде Шымкент қаласында 150 мектептің бесеуінде басшының орны бос тұр. 13 мектептің директоры бір орында 7 жылдан астам басшылық жасады. Оған себеп – лауазымға лайықты кандидаттардың болмауы. Білім басқармасының мәліметі бойынша, 45 директордың басшы ретінде санаты жоқ. Ел Президенті ұстаздар қауымына үлкен жауапкершілік жүктеді. Мұғалімнің беделі шәкіртіне беретін сапалы біліммен байланысты. 12 мектепте 141 мұғалім біліктілігін арттырмаған. 14 мектепте 122 педагог біліктілік санатын көтермеген. 4 мектептің басшысына әкімшілік құқықбұзушылық айыппұл салынған, – деді Сұлушаш Құрманбекова.

bilim-1

 

«Мұғалім хиджабпен емес, балаға сапалы білім берумен айналысуы керек»

ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев құрғақ баяндамадан гөрі бірден халықпен ашық диалогқа дайын екенін жеткізді.
– Шымкент – мен үшін қадірлі де қасиетті мекен. Мұнда Маржан Тасова апамыздай керемет ұстаз дүниеге келген. Елімізде 3 млн. 900 мың бала мектепте оқиды. Соның біреуінің табанына кірген тікен ұстазынан бастап министрдің де маңдайына қадалады. Бүгінгі кездесуде құрғақ есеп емес, нақты проблемаларды бірлесіп шешу жолын талқылаймыз, – деді Ғани Бектайұлы.
Министрге халық тарапынан сұрақ көп болды. Ғани Бейсембаев та халықпен кездесуінде ресми форматтан гөрі емін-еркін сұхбаттасуға бейіл болды.
– Әркімнің, әр тараптың өз шындығы болады. Біріншіден, «елімізде білім саласы құлдырады» деген пікірмен келіспеймін. Елімізде 600 мыңдай педагог бар. Саланың жұмысын осының бәрі құлдыратып отыр ма? Бұл артық сөз. Сіз бен біздің балаларымыздың білімі мен тәрбиесіне ата-анадан артық қарап, түн ұйқысын төрт бөлген ұстаздар бар. Иә, қателік те, кемшілік те бар. Сын айтылады. «Көш жүре түзеледі» дейді. Оқушылардың аяғы ауыр болып жатса, хиджаб кисе, мешітке барса, жемқорлық т.б. орын алса, проблемалар сырттан келіп жатқан жоқ. Оны өзіміз жасап жатырмыз. Оны сырттан біреу келіп шешіп бермейді. Өзіміз шешеміз. Ата-ана, мектеп, қоғам болып.
Хиджаб мәселесін зерттеп, біліп отырмыз. Мұғалім хиджабпен емес, балаға сапалы білім берумен айналысуы керек. Иә, мектеп – білім мен тәрбиенің ошағы. Бірақ бар жауапкершілікті мұғалімнің мойнына жүктеп, оны айыптай беруден аулақ болған жөн. «Ата көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер», «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп дана халқымыз текке айтпаған. Бұл – баланың тәрбиесіне алдымен ата-ана жауапты деген сөз, – деді министр.

Педагогикалық орталық құрылады

Білім саласындағы жемқорлық мәселесі көптен айтылып жүр. Мемлекет басшысы да бұл мәселеге бірнеше рет тоқталған. Оқу-ағарту министрі білім саласындағы жемқорлық мәселесін қоғам болып шешуге шақырды.
– Білім мен жемқорлық – сәйкес келмейтін ұғым. Өткен жылдан бастап Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі білім жүйесіндегі келеңсіз мәселелерді түбегейлі шешу бағытындағы жұмыстарын бастап кетті. Бухгалтерлерден де қате кетіп жатыр. Ниет түзу болмай, балаға бөлінген қаржыға қол сұғып жатқан жағдай бар. Бәрі жаппай солай деуге болмас. Білім саласына тазалық керек. Егер бір кемшілік көрсек, дер кезінде жөнге салуды үйренейік. Балаға сапалы білім беру, саналы ұрпақ тәрбиелеу ісінде мұғалім мен ата-ана тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуі керек. Өкінішке қарай, көп ата-ана баламен сөйлесу, тәрбие беру керектігін білмейді. Сол себепті біз әр мектепте ата-аналарды қолдау мақсатында педагогикалық қолдау орталықтарын құрмақпыз. Бұл жерден ата-ана бала тәрбиесіне қатысты кеңес алады, психологиялық семинар-тренингтерге қатысады, – деді министр өз сөзінде.

«Жемқорлықтан тазамын!»

«Өзіңіз жемқорлықтан тазамын деп айта аласыз ба?». Залда жиылғандар тарапынан министрдің жеке басына қатысты осындай сұрақ та қойылды. Министр сасқан жоқ. Жемқорлықтан таза екенін айтты.
«1 наурызда Қазақстан уақыты бір сағат артқа шегеріледі. Бұл балалардың сабақ кестесіне әсер ете ме?»
– Уақыттың өзгеруі оқу процесіне кедергі келтірмеу үшін жергілікті атқарушы органдар, педагогтар құрамы ата-аналармен ақылдаса отырып, белгілі бір уақытқа жылжытудың еш кедергісі жоқ. Аймақта күннің шығу және бату ерекшелігіне қатысты сабақты қай уақытта бастап, аяқтауды жергілікті білім басқармасы өзі шеше алады. Министрлік рұқсат бермейді демей, өздеріңізге ыңғайлы уақытты келісе отырып, шешуге мүмкіндіктеріңіз бар, – деді Ғани Бектайұлы.
Министрге мектеп оқулықтарының сапасыздығы, бір сыныпқа арналған бір пән оқулығының әртүрлілігі жайлы сұрақ қойылды.
– Балама оқулықтың көп болуы мұғалімдердің жақсы әрі сапалы оқулықты таңдауына мүмкіндік береді, – деді министр.
Оқу-ағарту министрінің айтуынша, білім басқармалары мен мектеп пән мұғалімі таңдаған оқулықты сатып алып беруге міндетті. Осылайша сапасыз оқулық қолданыстан шығып, баспалар басып шығармайтын болады.

Бір психологқа 2000 баладан келеді

Қазір мектептерде балалар арасында суицид пен буллинг жағдайы көп. Жұмысбасты ата-ана, жүктемесі көп ұстаздардың әр баланың ішкі жан-дүниесіне үңіліп отыруына уақыты тапшы. Ал, мектептерде 1 психологқа 1500-2000 баладан келеді.
– Қаржы министрлігіне 1 психологқа 500 баладан келетін ұсыныс жібердік. Яғни 8 мың мектепте 1 психологқа 1000 бала келетін жағдай жасауға болады. Бірақ бұл қаржыға келіп тірелетін мәселе болғандықтан, ұзақ уақыт алады. Мұнымен былтырдан бастап шұғылдандық. Осы қыркүйекте басталып қалуы мүмкін. Бұрын психологтың орнын ата-әжелер толтыратын. Қазір ондай жоқ, сондықтан әр өңірде писхологиялық орталық ашу ұйғарылды. Қазіргі кезде бұйрық бекітіліп, әдістемелік құралдар жасалуда. Маусым айында орталық құруды толық іске асырамыз. Негізі бұл мәселемен Денсаулық сақтау министрлігі айналысуы керек. Дегенмен, біз күтіп отырмастан Оқу-ағарту министрлігі жанынан мектеп психологтарына қатысты орталық ашуды ұйғардық, – деді министр.
Мұғалім болу оңай емес. Ғани Бейсембаев мектепте 40 жыл еңбек еткен ұстаздарға медаль беру мәселесін қайта қарастыратынын да айта кетті. Министр мектептерге көркем әдебиет сатып алуға қаржы бөлінгені туралы жаңалығымен бөлісті. Ардагерлер кеңесі мен әжелер алқасымен кездесулер өткізу, Алаш қайраткерлері мен ақын-жазушылар туралы ашық тәрбие сағаттарын өткізіп тұруды ұсынды.
Министр жиыннан кейін тұрғындармен жеке кездесу өткізді. Ғасыр жасаған шымкенттік ұстаз Валентина Ивановна Розумның үйінде қонақта болды.

Жансая СЫДЫҚБАЙ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.